Toggle Dropdown
Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 тамызда № 11898 болып тіркелді
Редакция 06.03.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 46-4) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________Ә. Исекешев
2015 жылғы 1 шілде
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
________________Е. Досаев
2015 жылғы 10 шілде
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 21 маусымдағы
№ 7-1/453 бұйрығымен
бекітілген
Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары және олардың бланкілеріне қойылатын талаптар
1. Осы Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары және олардың бланкілеріне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 46-4) тармақшасына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабы 1) тармақшасына, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және ветеринариялық құжаттарды беру тәртібін және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ «Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру», «Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру» және «Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) асыл тұқымдық куәлiк – «Асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) барлық түрлеріне асыл тұқымдық куәліктердің нысандарын және оларды беру (жою) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 3-2/1079 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13035 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес республикалық палата беретін, асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) ата-тегін, өнімділік және өзге де сапаларын растайтын құжат;
2) ведомствоның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық маңызы бар қала) орналасқан аумақтық бөлімшелер;
3) ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті;
4) өндірістік бақылау бөлімшелері – жануарларды союды, жануарлардан алынатын өнiм мен шикiзатты өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын өндiрiс объектiлерiнiң әкiмшiлiктерi құрған, жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiм мен шикiзаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестiгiн айқындау жөнiндегi бөлiмшелер;
5) «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
2-тарау. Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру тәртібі
3. Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификатты (бұдан әрі – ветеринариялық сертификат) Заңның 16-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына және4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары бекіткен тізім негізінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар (бұдан әрі – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы) береді.
4. «Экспорт кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – № 1-тізбе) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.
Жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) ветеринариялық сертификатты алу үшін тасымалдау басталғанға дейін алдын ала (осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда кемінде 2 (екі) жұмыс күні) тиісті аумақтық бөлімшенің кеңсесі не портал арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша экспорт кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беруге арналған өтінішті және № 1-тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
5. Аумақтық бөлімше кеңсесінің маманы өтініш және № 1-тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде тіркеуді жүзеге асырады және жауапты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторды анықтау үшін аумақтық бөлімшенің басшысына жолдайды.
Аумақтық бөлімшенің кеңсесінде қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі күні, уақыты (сағаты, минуты) көрсетілген тіркеу туралы белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.
Көрсетілетін қызметті алушы ветеринариялық сертификат алу үшін портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетіледі.
6. Ветеринариялық сертификат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту, осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өтініш түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде беріледі.
Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген өнімге ветеринариялық сертификат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту өтініш түскен күні беріледі.
7. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор 1 (бір) жұмыс күні ішінде агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған «e-Agriculture» ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ББАЖ АЖ) пайдалана отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі (көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне жүгінген жағдайда) не көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» портал арқылы (портал арқылы жүгінген жағдайда) өтінішті одан әрі қараудан уәжді бас тартуды мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы (көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне жүгінген жағдайда) немесе портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» (портал арқылы жүгінген жағдайда) жолдайды.
8. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор 1 (бір) жұмыс күні ішінде:
1) өтініште көрсетілген мәліметтердің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға (бұдан әрі – Ветеринариялық-санитариялық қағидалар), Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 607 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін бақылаудағы тауарларға Бірыңғай ветеринариялық сертификаттар нысандарынан ерекшеленетін екі жақты ветеринариялық сертификаттарға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық актілерінде, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарға немесе ветеринариялық-санитариялық талаптарға (бұдан әрі – Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін бақылаудағы тауарларға ветеринариялық-санитариялық талаптарға (бұдан әрі – Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар) және Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға (бұдан әрі – Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар), импорттаушы елдердің талаптарына сәйкестігін тексереді;
2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ветеринариялық сертификатты беру журналына деректерді енгізеді;
3) Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге әкету кезінде үшінші елдерге (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерге) экспорттау кезінде экспорттаушы елде қабылданған талаптар мен қағидаларға сәйкестігін тексеруді және көлік құралының ветеринариялық-санитариялық жай-күйін бағалауды жүргізеді.
4) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың қолымен және мөрімен расталған ветеринариялық сертификат – ББАЖ АЖ-ны пайдалана отырып, мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін немесе осы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тартуды ресімдейді;
5) дайындалған ветеринариялық сертификатты немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды аумақтық бөлімшенің кеңсесіне береді.
Аумақтық бөлімшенің кеңсесі ветеринариялық сертификатты немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды тіркейді және көрсетілетін қызметті алушыға береді.
Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін алу күні мен орнын көрсете отырып, ветеринариялық сертификаттың дайындығы туралы хабарлама не мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту жіберіледі.
9. Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың 39-тарауында көрсетілген дайын сүт, май және балық өнімдеріне ветеринариялық сертификат Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық сертификаттардың бірыңғай нысанына сәйкес № 4 нысан бойынша өтініш берген күні ресімделеді.
10. Үшінші елдерге (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерге) экспорттау кезінде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысандар бойынша ветеринариялық сертификат берілетін орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің тізбесіне сәйкес осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ветеринариялық сертификат беріледі.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат 2010 жылғы 18 қарашадағы Кедендік одақ комиссиясының № 455 шешімімен бекітілген ветеринариялық сертификаттардың бірыңғай нысандары (бұдан әрі – Ветеринариялық сертификаттардың бірыңғай нысандары) бойынша беріледі.
11. Ветеринариялық сертификат Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 767 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6027 болып тіркелген) бекітілген Өңірлендіру, аумақты аймақтарға, компартментке бөлу қағидаларына (бұдан әрі – Өңірлендіру қағидалар) cәйкес беріледі.
Ветеринариялық сертификат:
1) Өңірлендіру қағидаларына сәйкес саламатсыз және буферлік аймақтарда орналасқан компартменттерді қоспағанда, аталған аймақтардан орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге;
2) импорттаушы ел Қазақстан Республикасынан орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге қатысты уақытша ветеринариялық-санитариялық шаралар енгізген жағдайда берілмейді.
12. Жануарларды 5 (бес) басқа дейінгі санда орнын ауыстыру (тасымалдау) кезінде олар туралы жазба жануардың лақап атын және жеке нөмірін, сондай-ақ жынысын, тұқымын, жасын көрсете отырып, тікелей ветеринариялық сертификатқа енгізіледі.