• Мое избранное

Отправить по почте

Электр желілік қағидаларды бекiту туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 сәуірде № 10899 тіркелді

Редакция 01.11.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 283) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 жылғы № 367 Бұйрығына сәйкес (28.09.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.11.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Қоса беріліп отырған Электр желілік қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі В. Школьник
«КЕЛІСІЛДІ»:
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушы
____________ Т. Жақсылықов
2015 жылғы 30 наурыз
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 210 бұйрығымен
бекітілген
Электр желілік қағидалар
1-тарау. Жалпы ережелер
1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 28.09.2020 жылғы № 335 Бұйрығына сәйкес (14.06.2017 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 08.11.2020 жылдан бастап)
1. Осы Электр желілік қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 283) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 жылғы № 367 Бұйрығына сәйкес (28.09.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.11.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2-тармақ өзгертілді ҚР Энергетика министрінің 28.09.2020 жылғы № 335 Бұйрығына сәйкес (14.06.2017 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 08.11.2020 жылдан бастап)
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 жылғы № 367 Бұйрығына сәйкес (28.09.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.11.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) баланстық тиесілік – энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың және тұтынушының меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі электр желісінің учаскесі;
2) генерациялайтын қондырғы – электр энергиясын өндіретін құрылғы;
3) желіні пайдаланушы – ұлттық электр желісіне қуаты 1 мегаваттан (бұдан әрі – МВт) жоғары қосу нүктесі бар электр энергиясын тұтынушы;
4) жоғары кернеу – 1000 Вольт (бұдан әрі – В) және одан жоғары кернеу;
5) жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы (бұдан әрі – ЖО ҰДО) – жүйелiк оператордың құрылымына кіретін, Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесін (бұдан әрі – Қазақстан БЭЖ-і) жедел басқару мен электр энергиясын теңгерімдеу және оның сапасын қамтамасыз етудi қоса алғанда, оның жұмыс сенімділігі үшін жауап беретiн бөлiмше;
6) заттай сынақтар – жүйенің сипаттамаларын зерделеу мақсатында Қазақстан БЭЖ-і немесе оның бір бөлігіне әсер туғызу жолымен жасалатын сынақтар;
7) «кіру-шығу» схемасы – электр беру желісінің қайта салынған учаскелері және қосылатын кіші станциялар мен электр станцияларының шиналары арқылы бұрыннан бар электр беру желілері бойынша электр энергиясы транзитін сақтай отырып,бұрыннан бар электр беру желісінің кесіндісіне қосу арқылы кіші станция мен электр станциясын электр желісіне қосу схемасы;
8) Қазақстан БЭЖ-інің авариядан кейiнгi жұмыс режимi – электр энергетикасы жүйесiнiң зақымданған элементiн авариялық ажыратудан кейiн туындайтын және қалыпты жұмыс режимi қалпына келтірілгенге дейін жалғасатын қалыптасқан режим;
9) Қазақстан БЭЖ-і жұмысының қалыпты режимi – электр энергетикалық жүйенің режимін жоспарлау кезінде көзделген барлық элементтерi жұмыс істеп тұрған және жасалған шарт талаптарына сәйкес электр энергиясының барлық тұтынушыларын электрмен жабдықтау қамтамасыз етiлетiн қалыптасқан жұмыс режимi;
10) Қазақстан БЭЖ-і электр қуаты резервтерінің пулы (бұдан әрi – ЭҚР ПУЛы) – генераторлар, электр беру желiлерi кенеттен iстен шыққан немесе тұтыну ұлғайған жағдайда тұтынушыларды энергиямен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етуге арналған электр қуатының резерві;
11) қосалқы тұтынушы – тұтынушының электр желілеріне тікелей қосылған тұтынушы;
12) қосалқы (шунтталатын) электр беру желілері – бұрыннан бар электр беру желілеріне қосымша Қазақстан Республикасының электр энергиясы нарығының субъектілері салған және (немесе) салуды жоспарлаған, энергия торабында қуаттың бөлінуін өзгертетін электр беру желілері, олар бойынша электр энергиясының қалыпқа түскен сапасымен және сенімділік деңгейімен электр энергиясын беру жүзеге асырылады;
13) «нөлдіктен бұрылу» – энергия өндіруші ұйымды консервациядан, резервтен немесе толық тоқтатылғаннан кейін іске қосу, электр желісін біртұтас электр энергетикалық жүйе ретінде ең қысқа мерзімде қалпына келтіру;
14) өңiрлiк электр желісі – өңірлік электр желілік компанияға жататын және (немесе) ол пайдаланатын электр беру желілері мен кіші станциялардың жиынтығы;
15) реактивтi энергия – ауыспалы ток тізбегінде электр магниттiк өрiс жасауға жұмсалатын энергия;
16) суық резерв – отынмен қамтамасыз етілген және жұмысқа әзір тұрған, іске қосылмаған генерациялайтын қондырғылардың қолда бар жиынтық қуаты;
17) тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – күтіп ұстауға, қызмет көрсетуге және техникалық жай-күйіне жауапты шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы энергетикалық жабдықты және (немесе) электр желісін бөлу нүктесі, ол баланстық тиесілік немесе шарт бойынша анықталады және осы шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы тараптардың баланстық тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін бөлудің тиісті актісімен расталады;
18) техникалық шарттар – электр желілеріне қосылу үшін қажетті техникалық талаптар;
19) тоқтату – генерациялайтын қондырғылардың жоспарлы немесе жоспардан тыс істен шығуы;
20) төменгі кернеу – 1000 В төмен кернеу;
21) тура қосылуы бар пайдаланушы – энергия беруші ұйымның қатысуынсыз энергия өндіруші ұйымға қосылған тұтынушы;
22) электр желісінің баланстық тиесілік шекарасы – электр энергиясы нарығының шаруашылық жүргізуші субъектілері: энергия өндіруші (энергия беруші) ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы электр желісін бөлу нүктесі, ол электр желісінің баланстық тиесілігі бойынша анықталады;
23) электр қондырғысы – электр энергиясын өндіруге, түрлендіруге, трансформациялауға, беруге, тұтынуға және (немесе) оны энергияның басқа түріне түрлендіруге арналған машиналар, аппараттар, желілер мен қосалқы жабдық (олар орнатылған құрылыстар мен үй-жайларды бірге алғанда) жиынтығы;
24) электр станциясы – электр және жылу энергиясын өндіруге арналған, құрамында құрылыс бөлігі, энергияны түрлендіретін жабдығы мен қажетті қосалқы жабдығы бар энергетикалық объект;
25) электр энергиясын жинақтау жүйесі – электр энергиясын жинақтауға, сақтауға және беруге арналған автоматтандырылған басқару жүйесі бар техникалық құрылғы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті, онымен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;
26) электр энергиясының сальдо-ток ағымы – электр беру желілерінің, трансформаторлардың белгілі бір тобы (қимасы) бойынша немесе коммерциялық есепке алу нүктелері бойынша электр энергиясын қабылдау/ босату мәндерінің алгебралық қосындысы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Электр желісін пайдалану тәртібі
2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Энергетика министрінің 28.09.2020 жылғы № 335 Бұйрығына сәйкес (14.06.2017 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 08.11.2020 жылдан бастап)
3. Электр желісіне қосылуды немесе берілетін электр қуатын ұлғайтуды жоспарлайтын желіні пайдаланушылар осы Қағидаларға сәйкес қосылуды жүзеге асырады.
Электр желісіне қосылуды немесе тұтынылатын электр қуатын ұлғайтуды жоспарлайтын тұтынушылар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10403 тіркелген) бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес қосылуды жүзеге асырады.
4. Электр қуатын беруге желіні пайдаланушыларды қосуға арналған техникалық шарттар осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша желіні пайдаланушыны қосуға жоспарланатын электр желілеріне қосылуға (қолданыстағы генерациялайтын қондырғылар) (бұдан әрі – Қолданыстағы генерациялайтын қондырғыларға арналған өтінім), қосылуға (жаңа генерациялайтын қондырғылар) (бұдан әрі – Жаңа генерациялайтын қондырғыларға арналған өтінім) арналған өтінім негізінде беріледі.
Желіні пайдаланушыларды электр желісіне 5 МВт және одан жоғары мәлімделген электр қуатымен қосуға арналған техникалық шарттар жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» негізінде беріледі.