Toggle Dropdown
Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 167 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 2 шілдеде № 11541 тіркелді
Редакция 11.05.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 34-23) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
«Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж. Қасымбек
«КЕЛІСІЛДІ»:
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
______________ Б. Сұлтанов
2015 жылғы 21 сәуір
«КЕЛІСІЛДІ»:
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________ Е. Досаев
2015 жылғы 29 мамыр
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 167 бұйрығымен бекітілген
Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесі
1. Осы Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушы шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау көлемін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабы 2-тармағының 34-23) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Ресей Федерациясы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы темір жол учаскелері мен Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан Ресей Федерациясы темір жол учаскелері бойынша өтетін әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын субсидиялау көлемі 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге сәйкес бекітілетін теміржол жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығыстарын субсидиялау көлемдерін айқындау әдістемесіне сәйкес айқындалады.
3. Әдістеменің есебін және қолданылуын анықтайтын негізгі қағидаттар мыналар болып табылады:
1) жолаушылар теміржол тасымалының стратегиялық және әлеуметтік маңызы;
2) жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру, тасымалдаушы үшін маршруттарға қызмет көрсетудің экономикалық орындылығы;
3) пойыздардың қажетті құрамын, жүру маршрутын және жүру учаскелері бойынша сұранысын айқындау;
4) жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша тасымалдауды ұйымдастыру кезінде тасымалдау процесінің қатысушыларына тең экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидиялар тасымалдаушылардың баға (тариф) реттеуден болған шығындарын өтеу халық үшін жолаушылар теміржол көлігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету ескеріледі.
4. Осы Әдістемені қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушыларды тасымалдаудан кірістері – теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдаудан түскен ақшалай түсімдер әлеуметтік маңызы бар қатынастар және вагон түрлері бойынша;
2) вагонның жүрісі (вагон айналымы) – вагондар санының жөнелтілу станциясынан межелі станцияға дейін және кері қарай тасымалдау қашықтығына (километр мөлшерімен) көбейтінді ретінде есептелетін вагон-километрде (километр мөлшерімен) өлшенетін көрсеткіш;
3) жолаушылар айналымы – жолаушылар тасымалдарының көлемін жолаушы-километрде көрсететін көрсеткіш, жолаушылар санының тасымалдау қашықтығына көбейтіндісі ретінде есептеледі;
4) жол жүрудің орташа ұзақтығы – жолаушы-километрдің жөнелтілген жолаушылар санына қатынасымен анықталады;
5) кезең шығыстары – тұрақты шығыстар ретінде анықталған және сатылған өнімнің немесе қызметтердің нақты түрлерімен байланысты емес шығыстар, соның ішінде үстеме шығыстар;
6) күрделі және депо жөндеу, техникалық қызмет көрсету және ағытпалы жөндеу – жылжымалы құрамға көрсетілетін жөндеу мен қызмет көрсетудің түрлері Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 444 бұйрығымен бекітілген Жылжымалы құрамды техникалық пайдалану, оған қызмет көрсету және жөндеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18952 болып тіркелген);
7) қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) – Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес қосылған құн салығының мөлшерлемесі;
8) қызметтердің өзіндік құны – жолаушылар тасымалдау бойынша реттелетін қызметті жүзеге асыратын тасымалдаушы шығындарының ақшалай көрінісі;
9) өлшеуіш – тасымалдау процесінің кез келген сандық сипаттамасы, олардың белгілері өлшегіштің атауы, өлшеу бірлігі және маңызы болып табылады;
10) өндірістік факторлар – жолаушыларды тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктерін ескеретін факторлар (жылжымалы бірліктің түрі, жылдамдығы және т.б.);
11) рентабельділік (пайда нормасы) – бюджеттік өтінімді қалыптастыру күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық пайыздық мөлшерлеме деңгейінде айқындалатын, пайда нормасының коэффициенті түрінде өрнектелген ((пайыздар мөлшерлемесі+100)/100) шығыстардың бір теңгесіне келетін пайда көрсеткіші;
12) тасымалдаушының шығындары – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген салықтық міндеттемелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы теміржол көлігінің негізгі қызметі бойынша шығыстар номенклатурасында ескерілген тасымалдаушының жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға арналған шығындары;
13) уақытша төмендетуші коэффициент – бюджеттік өтінімді және конкурстық құжаттаманы қалыптастыру кезінде осы Әдістеменің 2-тарау 5-параграфының 45-тармағында көрсетілген басымдыққа сәйкес айқындалған және кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген) Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен коэффициент;
14) ұйым шығыстары – активтердің шығуына немесе капиталдың азаюына алып соғатын міндеттердің пайда болуы нәтижесінде экономикалық пайдалардың төмендеуі;
15) үстеме шығыстар – бұл өзіндік құнға (тауарлардың, қызметтердің) қосылатын өнімдердің (қызметтің) бірнеше түрлерін өндірумен байланысты жанама шығыстар;
16) шығындар бабы (шығындар бағыты) – нәтиже, оған қол жеткізуге жұмсалған шығыстар тікелей бағытталады;
17) шығыс өлшеуіштері – тасымалдау процесіндегі жұмысты мөлшерлік бағалауға арналған ірілендірілген өлшем бірліктері.
5. Осы Әдістеме мыналарды қамтиды:
1) жолаушылар пойызының пайдалану көрсеткіштері көлемін есептеу;
2) әлеуметтік маңызы бар қатынас бойынша жолаушыларды тасымалдаудан түсетін табысты есептеу;
3) әлеуметтік маңызы бар қатынас бойынша тасымалдаушының толық өзіндік құнға енгізілген шығындарын есептеу;
4) әлеуметтік маңызы бар қатынас бойынша жолаушыларды тасымалдауға бағаны (тарифті) реттеуден тасымалдаушылардың шығындарын жабу үшін субсидиялау көлемін айқындау.