• Мое избранное

Отправить по почте

Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану, зерттеп-қарау және жөндеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 550 бұйрығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 тамызда № 11915 болып тіркелді

«Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiліп отырған Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану, зерттеп-қарау және жөндеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күні iшiнде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Заң департаментiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешев
«КЕЛІСІЛДІ» 
Қазақстан Республикасының 
Ауыл шаруашылығы министрі 
_______________А. Мамытбеков 
2015 жылғы 20 шілде
«КЕЛІСІЛДІ» 
Қазақстан Республикасының 
Ұлттық экономика министрі 
_________________Е. Досаев 
2015 жылғы 13 шілде
«КЕЛІСІЛДІ» 
Қазақстан Республикасының 
Ішкі істер министрі 
_________________Қ. Қасымов 
2015 жылғы 1 шілде
Қазақстан Республикасы
 Инвестициялар және даму
 министрінің
 2015 жылғы 30 сәуірдегі
 № 550 бұйрығымен
 бекітілген
Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану, зерттеп-қарау және жөндеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану, зерттеп-қарау және жөндеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 1-тармағының 26-26) тармақшасына сәйкес әзірленді және кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану, тексеру және жөндеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай айқындамалар пайдаланылады:
1) авария – технологиялық процестің бұзылуы, тетіктердің, жабдықтар мен құрылыстардың зақымдануы;
2) бақыланатын көрсеткіштер – техникалық құралдардың көмегімен өлшенген немесе құрылыс өлшемдері негізінде есептелген гидротехникалық құрылыстардың жай-күйінің сандық және сапалық параметрлері;
3) гидротехникалық құрылыстың қауіпсіздігі – кеме қатынасының қауіпсіздігін және адамдардың өмірін, денсаулығын, қоршаған ортаны және шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыстың (шлюздің) қасиеті;
4) гидротехникалық құрылыс (шлюз) қауіпсіздігінің критерийлері – гидротехникалық құрылысты (шлюзді) пайдаланудың, техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің, оны пайдалануға беру мен пайдаланудан шығарудың әртүрлі режимдері мен жағдайлары кезінде оның қауіпсіздігін сипаттайтын бақыланатын диагностикалық көрсеткіштердің шекті мәндері;
5) диагностикалық көрсеткіштер – «құрылыс – негіз – су қоймасы» гидротехникалық құрылыс жүйесінің тұтастай алғанда немесе оның жекелеген бөліктерінің қауіпсіздігіне баға беруге мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыстың (шлюздің) жай-күйін диагностикалау мен бағалау үшін неғұрлым маңызды бақыланатын көрсеткіштер;
6) жоғарғы және төменгі бьеф – гидротехникалық құрылыстан (шлюзден) тиісінше жоғары және төмен орналасқан өзен (арна) учаскесі;
7) жөндеу – гидротехникалық құрылыстың (шлюздің) жарамды күйін қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар кешені;
8) кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстың (шлюздің) бастығы – кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстың (шлюздің) барлық персоналына басшылық ететін және құрылыстың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін лауазымды тұлға;
9) техникалық қызмет көрсету – гидротехникалық құрылысты қауіпсіз пайдалануды және жарамды күйде ұстауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені;
10) уәкiлеттi орган – iшкi су көлiгi саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) уәкiлеттi органның кәсiпорны – негiзгi мiндетi қызмет көрсетілетін шекаралар шегінде кемелердiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында iшкi су жолдарын және кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды тиісінше күтiп-ұстау мен дамыту үшiн өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру болып табылатын iшкi су көлiгiнiң мемлекеттік кәсіпорны
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де айқындамалар мен терминдер Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2. Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) техникалық пайдалану
3. Кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) (бұдан әрі – гидротехникалық құрылыстар) пайдалану:
1) гидротехникалық құрылыстарды жарамды күйде күтіп-ұстау;
2) гидротехникалық құрылыстардың гидротехникалық және құрылыс бөліктерін, конструкциялары мен жабдықтарын, аумағы мен акваториясын техникалық пайдалану;
3) жоспарлы жұмыстарды уақтылы жүргізу;
4) гидротехникалық құрылыстардың құрылысы мен реконструкциясын ескере отырып, олардың реконструкциясы мен жаңғыртылуын перспективалық түрде жоспарлау;
5) осы Қағидаларды және 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) нормаларын сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.
4. Уәкілетті органның кәсіпорны гидротехникалық құрылысты және оның жабдығын бекітілген жобалық және атқарушылық құжаттамаға және техникалық шарттарға толық сәйкестікте пайдалануды қамтамасыз етеді.
5. Уәкілетті органның кәсіпорны әрбір гидротехникалық құрылыста:
1) электрондық және қағаз жеткізгіштегі техникалық паспорттың;
2) құрамына гидротехникалық құрылыс кіретін гидротораптың қағаз жеткізгіштегі бас жоспарының;
3) осы гидротехникалық құрылыстың және оның жабдығының барлық сызбалары мен схемаларының, оның ішінде онда бақылау-өлшеу аппаратурасын орналастыру жөніндегі сызбалар көшірмелерінің толық жиынтығының;
4) уәкiлеттi органның кәсіпорны бекіткен тетіктерді және жабдықтарды пайдалану жөніндегі жедел нұсқаулықтар мен басқа да ғылыми-техникалық құжаттаманың (гидротехникалық құрылыста және гидротехникалық құрылыс үшін орындалған байқаулар, тексерулер, зерттеулер материалдарының) болуын қамтамасыз етеді.
6. Гидротехникалық құрылыстың орталық басқару пультінде басқарудың, сигнал беру мен қорғаудың қағидаттық және монтаждық схемалары көшірмелерінің жиынтығы орналастырылады.
7. Гидротехникалық құрылыстардың гидротехникалық және құрылыс бөліктерінің конструкциялары мен жабдықтарын, аумағы мен акваториясын техникалық пайдалану осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес іс-шаралардың сақталуын қамтиды.
3. Гидротехникалық құрылыстарды зерттеп-қарау тәртібі
8. Гидротехникалық құрылыстар мен жабдықтарды тексеру профилактикалық, инспекторлық, кезектен тыс және арнайы болып бөлінеді.
9. Зерттеп-қарауды құрамын уәкілетті органның кәсіпорны тағайындайтын комиссия жүргізеді.
10. Зерттеп-қараудың нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес гидротехникалық құрылыстарды тексеру актісімен ресімделеді, онда гидротехникалық құрылыстың техникалық жай-күйін бағалау көрсетіледі.