• Мое избранное

Отправить по почте

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 25 қарашадағы № 845 бұйрығы

Редакция 06.02.2015 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 06.02.2015 жылғы № 93 Бұйрығына сәйкес (25.11.2014 ж. редакцияны қараңыз)
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 06.02.2015 жылғы № 93 Бұйрығына сәйкес (25.11.2014 ж. редакцияны қараңыз)
Министр полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 25 қарашадағы
№ 845 бұйрығымен
бекітілген
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ереже Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес әзірленген және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы қамқоршылық кеңестің (бұдан әрі - Кеңес) мекеме әкімшіліктеріне оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда, сотталғандарды әлеуметтік қорғау, босатылатын адамдарды еңбекке және тұрмыстық орналастыру мәселелерін шешуде көмек көрсету жөніндегі қызметін айқындайды.
2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңес заңды тұлға болып табылмайды.
2. Кеңестің міндеттері
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) мекеме әкімшіліктеріне оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда;
2) сотталғандарды әлеуметтік қорғау, босатылатындарды еңбекке және тұрмыстық орналастыру мәселелерін шешуде көмек көрсету болып табылады.
3. Кеңестің функциялары
5. Кеңестің негізгі функциялары заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес:
1) сотталған және босатылатын адамдарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетуде жәрдемдесу;
2) мекемелерге оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мақсатында оқу және әдістемелік материалдарымен қамтамасыз етуде жәрдемдесу;
3) Кеңестің міндеттеріне қол жеткізуге жәрдемдесетін семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізу;
4) босатылатын сотталғандарға медеткерлікті ұйымдастыру және оларға еңбекке және тұрмыстық орналасуда көмек көрсету;
5) тәрбие процесіне үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарды және діни бірлестіктерді тарту;
6) қоғамды мекеменің проблемалары мен мұқтаждары туралы хабардар ету;
7) сотталғандар арасында қолданбалы-көркем шығармашылықты дамытуға жәрдемдесу;
8) қайырымдылық концерттер, кездесулер, лекциялар, спорттық, ағарту және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, мекемелердің кітапхана қорларын толықтыру;
9) заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
4. Кеңестің құқықтары
6. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мекемелерге тәрбие процесін ұйымдастыруда, сотталғандарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өтініш жасауға;
2) мекемелер мен қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органының басшылығына оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, сотталғандарды әлеуметтік қорғау, босатылатындарды еңбекке және тұрмыстық орналастыру мәселелерін шешу бойынша ұсынымдық сипаттағы ұсыныстар енгізуге;
3) мекемелерге баруға, өз құзыреті шегінде оның қызметімен танысуға, сотталғандармен кездесуге, олармен сабақ және әңгіме өткізуге;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және өзге де ұйымдардан Кеңестің міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға құқығы бар.
5. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
7. Кеңестің құрамын қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органының басшысы немесе оның міндетін атқаратын адам бекітеді. Кеңес мүшелерінің саны адамдардың тақ санын құрауы тиіс.
8. Кеңес мекеме қарамағында болатын қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органымен тұрақты байланыста болады.
9. Кеңес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен және басқа азаматтардан құрылады.
10. Кеңестің барлық мүшелері тең құқылы.
11. Кеңесті төраға басқарады.
12. Кеңес төрағасы, төрағасының орынбасары және хатшысы оның құрамынан ашық дауыспен 2 жыл мерзімге келесі мерзімге қайта сайлану құқығымен сайланады және қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы немесе оның міндетін орындайтын адам бекітеді.
13. Кеңес төрағасы, төрағасының орынбасары немесе хатшысы өз міндеттерін тиісті атқармаған жағдайда, Кеңес мүшелерінің үштен екісінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын қайта сайлануы мүмкін.
14. Төраға Кеңес қызметіне басшылық жасайды, оның отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, Кеңес шешімдерінің іске асырылу барысына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
15. Төрағаның орынбасары Кеңестің жұмысын ұйымдық қамтамасыз етуді, оның кезекті отырысының күн тәртібін қалыптастыруды және Кеңес хаттамаларының жобаларын дайындауды жүзеге асырады.
16. Кеңес отырыстары үшін құжаттардың дайындалуын, олардың Кеңес мүшелеріне таратылуын және Кеңес жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде іс қағаздардың жүргізілуін бақылауды Кеңес хатшысы жүзеге асырады.
17. Кеңес оның мүшелері қабылдаған қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысымен немесе оның міндетін атқаратын адаммен келісілген жоспарға сәйкес жұмыс істейді.
18. Кеңес отырыстары қажеттілік шамасына қарай, бірақ тоқсанына бір реттен жиі емес өткізіледі. Кеңес отырыстарына жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының, сондай-ақ мүдделі ұйымдардың қызметкерлері шақырылуы мүмкін.
19. Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін, сондай-ақ оны өткізу уақытын, орнын, оны өткізу тәртібін Кеңес төрағасы айқындайды.
20. Кеңестің кезектен тыс отырысы төрағаның өз бастамасы бойынша немесе Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады.
21. Кеңес отырысы, егер оның жұмысына Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.
22. Кеңес шешімдері мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және хаттамамен ресімделеді.
23. Кеңес хаттамаларына төраға мен хатшы қол қояды және олар отырыс өткізілгеннен кейін үш күн ішінде Кеңес мүшелеріне, Кеңес қараған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін мемлекеттік органдарға, тізімін төраға айқындайтын өзге де ұйымдарға жіберіледі.