Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі
Қазақстан Республикасының Кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V
Редакция 03.12.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ПРОЦЕСТІК ЗАҢНАМАСЫ
1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы Кодексте айқындалады. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін өзге де заңдардың ережелері осы Кодекске енгізілуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары азаматтық процестік құқықтың құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасы азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер және басқа құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібін белгілейді.
4. Сот «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі істерді қарау тәртібін «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктерін ескере отырып, осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша жүзеге асырады.
2-бап. Азаматтық сот ісін жүргізуде басым күші бар құқықтық нормаларды қолдану
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар және Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда, Конституцияның ережелері қолданылады.
2. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы конституциялық заңының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда конституциялық заңның ережелері қолданылады. Осы Кодекс пен өзге де заңдардың нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады және халықаралық шартты қолдану үшін заң шығару талап етілетіннен басқа жағдайларда олар тікелей қолданылады.
3-бап. Азаматтық процестік заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы
1. Азаматтық сот ісін жүргізу процестік әрекетті орындау немесе процестік шешімді қабылдау кезіне қолданысқа енгізілген азаматтық процестік заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларға тиесілі құқықтың күшін жоятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдаланылуын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық процестік заңның кері күші болмайды.
3. Дәлелдемелердің жарамдылығы оларды алған кезде қолданылған заңға сәйкес айқындалады.
2-тарау. АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ
4-бап. Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері
Азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, азаматтық айналымда заңдылықты сақтау, істің толық, уақтылы, әділ қаралуын және шешілуін қамтамасыз ету, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылады.
5-бап. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары
1. Азаматтық сот ісін жүргізу осы тарауда жазылған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулілігіне қарай шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеледі.
1. Сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.
2. Соттар адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және бұл актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына өтініш жасауға міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қорытынды шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады.
3. Сот істі қарау және шешу кезінде мемлекеттік немесе өзге де органның актісі заңға сәйкес келмейді немесе ол өкілеттіктерді асыра пайдаланып шығарылған деп белгілесе, заңның нормаларын қолданады.
4. Даулы құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, сот ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, Қазақстан Республикасы заңнамасының жалпы негіздері мен мағынасын негізге ала отырып, дауды шешеді.
5. Егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті.
7-бап. Сот төрелігін тек соттың жүзеге асыруы
1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін тек сот қана осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша жүзеге асырады.
2. Соттың билік өкілеттіктерін кімнің де болса иеленуі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Төтенше, сондай-ақ заңсыз құрылған өзге де соттар шешімінің заңды күші болмайды және орындалуға жатпайды.
4. Өз қарауына жатпайтын іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жүзеге асырған, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған немесе осы Кодексте көзделген азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын өзге де елеулі түрде бұзған соттың шешімдері заңсыз болады және олардың күші жойылуға жатады.
5. Соттың азаматтық іс бойынша шешімдерін тиісті соттар ғана осы Кодексте көзделген тәртіппен тексере алады және қайта қарай алады.
8-бап. Тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау
1. Әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде, азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе тұлғалардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы заңды мүдделерін қорғау туралы арыз беріп, сотқа жүгінуге құқылы.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қоюды беріп, сотқа жүгінуге құқылы.
3. Өзінің келісімінсіз ешкімге ол үшін заңда көзделген соттылық өзгертілмейді.
4. Егер заңға қайшы келсе немесе кімнің де болсын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзса, сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады.
5. Талап қою осы Кодексте көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сотқа жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
6. Егер істердің белгілі бір санаты үшін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін мүмкін болады.
9-бап. Іске қатысатын адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін құрметтеу
1. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысатын тұлғаның ар-намысын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін, іскерлік беделін кемітетін әрекеттерге тыйым салынады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен, сондай-ақ басқа да тұлғалардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасауына байланысты жеке тұлғаға келтірілген моральдық зиян, жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға келтірілген залалдар заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс.
10-бап. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф және өзге де хабарлар құпиясы
Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады.
Әркімнің жеке салымдары мен жинақтарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарларының құпиялылығына құқығы бар. Азаматтық процесс барысында осы құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
11-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық