Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
міндетін атқарушының
2015 жылғы 30 сәуірдегі
№ 18-03/390 бұйрығына
2 қосымша
«Бекітілген лимиттер негізінде жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға квоталар бөлу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
Редакция 06.06.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. «Бекітілген лимиттер негізінде жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға квоталар бөлу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
3. Мемлекеттік қызметті аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің, сондай-ақ балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтінішті қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:
1) құжаттар топтамасы Мемлекеттік корпорацияға тапсырылған сәттен бастап:
аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алуға квоталар бөлу кезінде – аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар дүниесі объектілерін алу лимиттері бекітілгеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн;
балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алуға квоталар бөлу кезінде – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алу лимиттері бекітілгеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн;
2) құжаттар топтамасын тапсыру үшін барынша жол берілетін күту уақыты – 15 (он бес) минуттан артық емес;
3) барынша жол берілетін қызмет көрсету уақыты – 15 (он бес) минут;
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде құжаттар қабылданған күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
5. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: қағаз түрінде.
6. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – тиісті жергілікті атқарушы органдарға жолданатын бекітілген лимиттер негізінде жануарлар дүниесі объектілерін алуға квоталар бөлу жөніндегі хаттама не мемлекеттік қызметті көрсетудің бас тарту туралы уәжді жауап.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру нысаны: қағаз түрінде.
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушыға қағаз тасығышта мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының қолы қойылған, бекітілген лимиттер негізінде жануарлар дүниесі объектілерін алуға квоталар бөлу туралы хабарлама жіберіледі
7. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар) тегін көрсетіледі.
8. Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес жексенбі мен мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскi үзiлiссіз, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушының орналасқан жері бойынша алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз «электрондық» кезек тәртібімен көрсетіледі, электрондық кезекті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы броньдауға болады.
9. Көрсетілетін қызметті алушы жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
1) аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алуға квоталар бөлу үшін мыналарды ұсыну қажет:
осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аңшылық шаруашылығы үшін аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлері бойынша алу квоталарын алуға арналған өтінім;
жеке басын куәландыратын құжат, ал өкіл үшін – көрсетілетін қызметті алушы өкілінің өкілеттігін растайтын құжат және жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін).
Көрсетілетін қызметті алушы өтінімді алдағы жылдың 1 қазанына дейін ұсынады;
2) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алуға квоталар бөлу үшін мыналарды ұсыну қажет:
осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алу квоталарын алуға арналған өтінім;
жеке басын куәландыратын құжат, ал өкіл үшін – көрсетілетін қызметті алушы өкілінің өкілеттігін растайтын құжат және жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
өтінім берілген күнге дейінгі бір айдан кешіктірілмей берілген, балық шаруашылығы субъектісінің атына тіркелген аулаушы және көліктік флот, оның ішінде шағын көлемді флот туралы аумақтық көліктік бақылау органының анықтамасы.
Көрсетілетін қызметті алушы өтінімді алдындағы жылдың 1 ақпанына дейін ұсынады.
Құжаттар Мемлекеттік корпорация арқылы қабылдаған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгілеген мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияға жеткізуді қамтамасыз етеді.
Көрсетілген қызметті алушы осы көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандартының 9-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын бермеген жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның жұмыскері осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Қалыптастырылған өтінімдерді (құжаттар топтамасымен бірге) Мемлекеттік корпорация курьерлік және (немесе) почталық байланыс арқылы көрсетілетін қызметті берушіге жолдайды, оларға көрсетілетін қызметті берушінің алғаны туралы белгі қойылады.
9-1. Көрсетілетін қызметті беруші мынадай негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады:
1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті, ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-04/149 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10865 болып тіркелген) бекітілген Жануарлар дүниесі объектілерін алып қою квоталарын бөлу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнайы құқығынан айрылған соттың заңды күшіне енген шешімінің болуы.
3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның жұмыскерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
10. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның жұмыскерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану:
шағым көрсетілетін қызмет беруші, Министрлік не Мемлекеттік корпорация басшының атына осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 13-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша беріледі.
Шағым жазбаша нысанда почтамен не жұмыс күндері көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің немесе Мемлекеттік корпорацияның кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.
Шағымның қабылданғанын шағымды қабылдаған адамның аты-жөні мен тегі, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің немесе Мемлекеттік корпорацияның кеңсесінде оның тіркелуі (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) растайды.
Көрсетілетін қызметті берушінің, Министрліктің немесе Мемлекеттік корпорацияның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.