Toggle Dropdown
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V Заңы
Редакция 01.01.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің құқықтық жағдайларын, оның жүзеге асырылу тәсілдерін айқындайды және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын дайындау мен іске асыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 15.03.2025 жылғы № 172-VIII Заңына сәйкес 1-тармақша келесі редакцияда қолданылады: Болашақ басылымның мәтінін көрсету
1) әлеуетті жекеше әріптес – мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді және акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға үміткер дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;
1-1) әлеуетті жекеше әріптес – мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға үміткер дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;
1-2) бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік – осы Заңға сәйкес әзірленген және бекітілген жекеше әріптесті айқындау тәртібіне, үлгілік конкурстық құжаттамаға және мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шартына сәйкес салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру;
2) жекеше әріптес – мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді және акционерлік қоғамдарды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;
2-1) инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған шот – кредитор ақшалай талапты өзгеге беріп қаржыландыру шартында және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған талаптар басталғанға немесе оларды жекеше әріптес орындағанға дейін сол бойынша шығыс операцияларын жасау құқығын шектей отырып, оған ашатын банктік шот;
3) конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы – осы Заңға сәйкес белгіленген құзыретіне сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3-1) концессиялық шарт (концессия, концессия шарты) – мемлекеттік әріптес (концедент) пен жекеше әріптес (концессионер) арасында жасалған және осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынғаны үшін концессионердің тұтынушылардан төлемақы (тұтынушылардан алынатын төлемақы) алуын көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;
4) қолжетімділік үшін төлемақы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің пайдаланылу және сапалық сипаттамаларын, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің жеке-дара техникалық-экономикалық өлшемдерін негізге ала отырып, көрсетілген объектінің тұтынушыларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ақшалай төлем;
5) мемлекеттік әріптес – Қазақстан Республикасы атынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бөлігінде өкілеттіктер берілген бір немесе бірнеше мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме, мемлекеттік кәсіпорын және (немесе) жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы осы Заңда айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;
6-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік веб-порталы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинауға, өңдеуге, сақтауға, жекеше әріптесті айқындауға, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын мониторингтеуге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық платформа;
6-2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік веб-порталының операторы – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 15.03.2025 жылғы № 172-VIII Заңына сәйкес 7-тармақша келесі редакцияда қолданылады: Болашақ басылымның мәтінін көрсету
7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультативтік қолдап отыру – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдап отыру бойынша заңды тұлғалар көрсететiн, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын әзiрлеудi, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы келiссөз процесінде консультациялық қызметтерді қамтитын көрсетілетін қызметтер;
8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – осы Заңға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипатқа ие, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру жөнiндегi реттілікпен болатын iс-шаралар жиынтығы;
9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес инвестициялық шығындардың белгілі бір көлемін өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;
10) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша операциялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалануға байланысты жекеше әріптестің шығыстарын өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;
11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар – тікелей келіссөздер кезінде әлеуетті жекеше әріптес әзірлейтін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының мақсаттарын, міндеттерін, шығындарды өтеу және кірістерді алу көздерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудан пайда алушыларды, мемлекеттік қолдау шараларын сипаттау, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін және (немесе) сервистік келісімшарт шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сипаттау көзделетін құжат;
12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы – айрықша мақсаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру болып табылатын, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес бірлесіп құрған заңды тұлға не бірден бір қатысушылары мемлекеттік әріптес және (немесе) жекеше әріптес болып табылатын жұмыс істеп тұрған заңды тұлға;
13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде құрылатын (оның ішінде салынатын және қажет болған жағдайда жобаланатын) және (немесе) реконструкцияланатын және (немесе) жаңғыртылатын, сондай-ақ пайдаланылатын ғимараттар, құрылысжайлар және (немесе) жабдықтар, мүліктік кешендер, зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері;
13-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, материалдық емес және материалдық активтерді, оның ішінде жаңа объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін, коммуникацияларды) жобалау, тұрғызу және (немесе) жұмыс істеп тұрғандарын өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу) арқылы құру жөніндегі қызмет;
13-2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіріп және тұтынушыларға беріп нысаналы пайдалану жөніндегі немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін оператордың немесе үшінші тұлғалардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес нысаналы пайдалануына дайындығын қамтамасыз етуді қоса алғанда, оған техникалық және (немесе) сервистік қызмет көрсету жөніндегі қызмет;
14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар;
15) Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі белгіленетін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру және пайдалану арқылы бір немесе бірнеше әлеуметтік-экономикалық міндетті шешу мақсатында жасалатын жазбаша келісім;
16-1) мемлекеттік қазынашылық – орталық атқарушы органның бюджетті қазынашылық атқару жөніндегі уәкілетті органның функциялары жүктелген ведомствосы;
16-2) мемлекеттік қазынашылық органдары – мемлекеттік қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері;
17) оператор – жекеше әріптес болып табылмайтын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптеспен бірлесіп пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
18) Тармақша алып тасталды (ескертуді қараңыз)
19) Тармақша алып тасталды (ескертуді қараңыз)
20) сервистік келісімшарт – жекеше әріптеске меншік құқығында тиесілі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі пайдаланыла отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, қызметтер көрсетуді көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;
21) тікелей келісім – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес, жекеше әріптес пен жекеше әріптестің кредиторы арасында жасалатын жазбаша келісім.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Экономиканың жекелеген салаларында (аясында) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті құқықтық реттеудің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
4. Жекеше әріптесті айқындау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтыну рәсімдері «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмастан, осы Заңға және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікке салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
6. Жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға байланысты қатынастар осы Заңмен және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен реттеледі.
7. Егер осы Заңда тікелей өзгеше көзделмесе, осы Заңның жекеше әріптеспен, мемлекеттік әріптеспен және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен байланысты қатынастарды реттейтін ережелері тиісінше концессионерге, концедентке және концессиялық шартқа қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері мен қағидаттары
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;