Toggle Dropdown
Ақпаратқа қол жеткізу туралы
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Заңы
Редакция 16.03.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі әркімнің конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпарат – ақпарат иеленушілер жасаған немесе алған және олардың иелігіндегі, кез келген нысанда тіркелген тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер;
2) ақпаратқа қол жеткізу – мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен әркімнің еркін алу және тарату құқығы;
2-1) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган – ақпаратқа қол жеткізу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) ақпарат пайдаланушы – ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
3-1) ақпаратты проактивті тарату – қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, ақпарат пайдаланушының сұрау салуынсыз және ақпарат иеленушінің бастамасы бойынша өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және (немесе) адамдардың шектеусіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілер мен шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы мүддесінде ақпаратты тарату;
4) ашық бюджеттердің интернет-порталы – бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, азаматтық бюджетті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жариялануға жататын өзге де материалдарды, ақпарат пен құжаттарды орналастыруды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жария талқылауды қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
5) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және одан әрі пайдалануға, өзгертілмеген түрде қайта жариялауға арналған деректер;
6) ашық деректердің интернет-порталы – ашық деректер бойынша сипаттаушы және сілтемелік ақпараттың орталықтандырылған сақталуын қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
6-1) ашық диалогтың интернет-порталы – мемлекет жүз пайыз қатысатын тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері бірінші басшыларының блог-платформасы арқылы ақпарат пайдаланушылардың сұрау салуды жіберу, сондай-ақ ақпарат пайдаланушылардың интернет-конференцияларға және сауалнамаларға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
7) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталы – қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, жария талқылау рәсімін жүргізу үшін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және осы Заңға сәйкес өзге де ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
7-1) қоғамдық маңызы бар ақпарат – осы Заңның 6-бабында белгіленген, қоғамдық мүддені білдіретін ақпарат;
8) қол жеткізу шектелген ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке басының құпиясына, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және (немесе) заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, қолжетімділігі шектеулі дербес деректер, сондай-ақ таратылуы шектелген қызметтік ақпарат;
8-1) мемлекет жүз пайыз қатысатын тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері бірінші басшыларының блог-платформасы – азаматтардың сұрау салуды жіберу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшыларынан оларға жауап алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
9) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
10) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы – мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа;
11) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталы – мемлекеттік органдардың қызметін бағалау туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленетін мемлекеттік органдардың даму жоспарларының және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы есептерді орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметін жария талқылауды қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;
11-1) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
12) сұрау салу – ақпарат иеленушіге осы Заңда белгіленген тәртіппен айтылған немесе жіберілген, ауызша немесе жазбаша нысандағы, оның ішінде электрондық құжат түріндегі ақпарат беру туралы өтініш.
2-бап. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатпайтын ақпаратқа қол жеткізумен байланысты қоғамдық қатынастарда пайдаланылады.
2. Осы Заңның күші қарау тәртібі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қолданылмайды.
3. Осы Заңның күші «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сұрау салуларды қарау тәртібіне қолданылмайды.
4. Осы Заңның күші «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беру тәртібіне қолданылмайды.
4-бап. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі мақсаты мен міндеттері
1. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі мақсаты заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға әркімнің конституциялық құқығының тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету үшін құқықтық негіздер жасау болып табылады.
2. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі міндеттері:
1) ақпаратқа еркін және тең қол жеткізу үшін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау;
2) әркімнің ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау және қорғау;
3) ақпарат иеленушілер мен пайдаланушылар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеу;
4) ақпаратқа қол жеткізу құқығын іске асыру тетіктерін және осы құқықты заңсыз шектегені үшін жауаптылықты белгілеу;
5) ақпарат пайдаланушыларды уақтылы және толық ақпараттандыру;
6) ақпарат иеленушілердің ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуі үшін ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де талаптарды айқындау.
4-1-бап. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары
1. Осы Заңның 5-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақпарат иеленушілердің иелігіндегі ақпарат ашық болып табылады (ашықтық презумпциясы).
2. Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
2) ақпарат иеленушілер қызметінің ашықтығы мен айқындығы;
3) анықтығы мен толықтығы;
4) өзектілігі мен уақтылығы;
5) ақпаратқа тең қол жеткізу;
6) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етпеу;
7) жеке өмірге, жеке басының және отбасының құпиясына қол сұқпау;