Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 24 тамыздағы
№ 7-1/764 бұйрығына 1-қосымша
«Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттiк көрсетілетін қызмет регламенті
Редакция 11.05.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. «Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары бекіткен тізім негізінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі (бұдан әрі – кеңсе);
2) «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны – электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз түрінде.
3. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат (бұдан әрі – ветеринариялық сертификат), не осы Регламентке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 маусымдағы № 7-1/418 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11959 болып тіркелген) бекітілген «Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі – стандарт) 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.
2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету процесіндегі көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (жұмыскерлерінің) іс-қимылдары тәртібінің сипаттамасы
4. Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге қағаз немесе электрондық тәсілмен стандарттың 9-тармағында көрсетілген құжаттары қоса берілген өтінішінің (бұдан әрі – өтініш) болуы мемлекеттік қызметті көрсету рәсімін (іс-қимылын) бастау үшін негіз болып табылады.
5. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің құрамына кіретін әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) мазмұны, оларды орындау ұзақтығы:
1) кеңсе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті алуға берген өтінішін тіркейді, жауапты орындаушыны (бұдан әрі – орындаушы) айқындау үшін өтінішті көрсетілетін қызметті беруші басшылығына (бұдан әрі – басшылық) жолдайды – 30 (отыз) минут;
2) басшылық өтінішпен танысады, орындаушыны айқындайды – 60 (алпыс) минут;
3) көрсетілетін қызметті беруші орындаушысы:
ұсынылған өтінішпен танысады, ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектіні қарап тексеруді және көлік құралының ветеринариялық-санитариялық жай-күйін бағалауды жүргізеді – көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде;
өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің және көлік құралының ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегенде орындаушы көрсетілген мерзімдерде басшылыққа қол қойған өтінішті әрі қарай қараудан жазбаша дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін кеңсеге жолдайды;
орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге экспорттау кезіндегі ветеринариялық сертификатты ресімдейді, басшыға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін немесе стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден жазбаша дәлелді бас тартуды қою үшін жолдайды – 5 (бес) сағат;
4) басшылық – ұсынылған құжаттарды қарастырады, қол қояды (электрондық құжатқа электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қояды), кеңсеге жолдайды – 60 (алпыс) минут;
5) кеңсе мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға береді – 30 (отыз) минут.
6. Келесі рәсімдерді (іс-қимылдарды) орындауды бастау үшін негіз болатын мемлекеттік қызметті көрсету жөніндегі рәсімнің (іс-қимылдың) нәтижесі:
1) тіркелген өтініш, өтінішті басшылыққа жолдау;
2) басшылықтың өтініштерді қарауы және орындаушыны анықтауы және оған орындауға жолдауы;
3) өтінішпен танысу, ветеринариялық сертификатты немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту туралы жауапты ресімдеу, қол қою үшін басшылыққа жолдау;
4) көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесіне немесе дәлелді бас тартуға қол қою және кеңсеге жолдау;
5) көрсетілетін қызметті алушыға көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижесін беру.