• Мое избранное
Медициналық мамандықтар бойынша магистратураның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты
Внимание! Документ утратил силу с 11.07.2022 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2015 жылғы 31 шілдедегі № 647 бұйрығына 3-қосымша

3-қосымша күшін жойды 2022 жылғы 11 шілдесінен бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 04.07.2022 жылғы № ҚР ДСМ-63 Бұйрығына сәйкес 
  • 1
Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты
Осы Стандарт өзгертілді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 29.07.2016 жылғы № 661 Бұйрығымен (31.07.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 06.10.2016 жылы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды
Осы Стандарт өзгертілді ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.06.2017 жылғы № 471 Бұйрығымен (29.07.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізілуі тиіс) 28.07.2017 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
Осы Стандарт өзгертілді ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.10.2018 жылғы № ҚР ДСМ-26 Бұйрығымен (29.06.2017 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізілуі тиіс) 14.11.2018 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
Осы Стандарт жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.02.2020 жылғы № ҚР ДСМ-12/2020 Бұйрығына сәйкес (11.10.2018 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 03.03.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 03.03.2020 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 175-бабының 3-тармағына сәйкес және 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және меншік нысанына қарамастан, оқыту нәтижелеріне, білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ЖОО) оқу мерзіміне бағдарланып, білім беру мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:
1) бакалавриат – кемінде 240 академиялық кредит міндетті түрде меңгерілетін тиісті білім беру бағдарламасы бойынша «бакалавр» дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары білім деңгейі;
2) біліктілік – алынған кәсіп пен мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға білім, даярлық деңгейі;
3) білімді бағалау (компьютерлік тестілеу) – білім алушылардың медициналық білім беру бағдарламалары бойынша теориялық білім деңгейін компьютерлік жолмен анықтау;
4) дағдыларды бағалау – білім алушылардың медициналық білім беру бағдарламалары оларды көрсету барысында практикалық дағдыларымен меңгеру деңгейін анықтау;
5) дескрипторлар (descriptors (дэскрипторс) – білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің құзыреттіліктерде және академиялық кредиттерде қалыптасқан оқыту нәтижелеріне негізделетін тиісті деңгейінің (сатысының) білім беру бағдарламасын оқып аяқтауы бойынша алған білім, іскерлік, дағды және құзыреттілік деңгейі мен көлемінің сипаттамасы;
6) дуалдық оқыту – білім беру ұйымында белгілі оқыту және кәсіпорындағы тәжірибе мерзімдерімен, жұмыс орнын ұсынумен және білім алушыларға оқу орны мен білім алушының, кәсіпорынның тең жауапкершілігімен орнына келтіруді төлеуді ұштастыратын мамандар даярлау түрі;
7) дипломдық жұмыс (жоба) – студенттің және курсанттың білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін өзекті проблеманы өз бетінше зерделеу нәтижелерінің жинақталуы болып табылатын қорытынды жұмыс;
8) жеке оқу жоспары (бұдан әрі – ЖОЖ) – білім беру бағдарламасы және элективті пәндер каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен студенттің әр оқу жылына арнап өзі құрастыратын оқу жоспары;
9) жоғары оқу орны компоненті (бұдан әрі – ЖК) – білім беру бағдарламасын меңгеру үшін жоғары оқу орны дербес айқындайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең төменгі көлемінің тізбесі;
10) интернатура – клиникалық практикаға рұқсат алу үшін білім алушыларды базалық жоғары медициналық білім беру шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны;
11) клиникалық база – қазіргі заманғы әдістері негізінде ұйымдастыру-әдістемелік, оқу материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейі бар, дәрігерлерді, ғылыми кадрларды даярлау мен қайта даярлауды жүзеге асыратын, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысының және медициналық көмектің барлық түрлерін көрсететін жергілікті ұйымдардың базасында қызмет жасайтын жоғары оқу орнының немесе денсаулық сақтау ұйымының клиникасы;
12) құзыреттілік – оқу процесінде алған білімді, шеберлік пен дағдыны кәсіби қызметте практикалық тұрғыда пайдалана білу қабілеті;
13) қолданбалы бакалавриат – білім бағдарламалары «қолданбалы бакалавриат» біліктілігін тағайындаумен мамандар даярлауға бағытталған орта білімнен кейінгі білім;
14) міндетті компонент – стандартта белгіленген және білім беру бағдарламасы бойынша студенттер міндетті түрде оқитын оқу пәндерінің және тиісті академиялық кредиттердің ең төменгі көлемінің тізбесі;
15) медициналық білім беру бағдарламаларында оқитын студенттердің білімі мен дағдыларын бағалау (бұдан әрі - білім мен машықтарды бағалау) - білім беру бағдарламалары студенттерінің меңгеру сапасын және медициналық қызмет көрсетуге қажетті құзыреттіліктің (білім мен дағдылардың) деңгейін бағалау;
16) оқу жоспарының моделі – жоғары білім беру мазмұнының инварианттық негізгі құрылымдық құрамын бейнелейтін оқу жоспарын сипаттайтын нысан;
17) оқу жұмыс жоспары (бұдан әрі – ОЖЖ) – білім беру бағдарламасы және студенттердің жеке оқу жоспарлары негізінде ЖОО дербес әзірлейтін оқу құжаты;
18) таңдау компоненті – ЖОО ұсынатын, пререквизиттері мен постреквизиттерін ескере отырып, кез келген академиялық кезеңде студенттердің өздері таңдайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең аз көлемінің тізбесі;
19) тәлімгер – білім беру, ғылым және тәжірибе үштұғырлығы негізінде қызметін жүзеге асыратын білім алушылар мен медициналық білім беру бағдарламаларын бітірушілерді кәсіптік бейімдеуде практикалық көмек көрсету үшін медициналық ұйымның немесе медициналық білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар медицина қызметкері;
20) техникалық және кәсіптік білім беру – білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға бағытталған білім беру;
21) үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі – ҮОБ) – Заңның 5-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес оқу мазмұнын, көлемін, ұсынылатын әдебиетті анықтайтын білім беру бағдарламасының міндетті компонентіндегі пәннің оқу құжаты.
2-тарау. Оқыту нәтижелеріне бағдарлай отырып жоғары білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
3. Жоғары білім беру бағдарламасының мазмұны үш цикл пәндерінен тұрады – жалпы білім беретін пәндер (бұдан әрі – ЖБП), базалық пәндер (бұдан әрі – БП) және бейіндеуші пәндер.
ЖБП циклі міндетті компонент (бұдан әрі – МК), жоғары оқу орны компоненті (бұдан әрі – ЖК) және (немесе) таңдау компоненті (бұдан әрі – ТК) пәндерін қамтиды. БП және бейіндеуші пәндер циклдері ЖК және ТК пәндерін қамтиды.
4. ЖК және ТК пәндерін ЖОО дербес анықтайды және еңбек нарығының қажеттілігін, жұмыс берушілердің күтуін және білім алушылардың жеке мүдделерін ескереді.
5. ЖБП циклінің көлемі жоғары білімнің білім беру бағдарламасы көлемінен 23%-дан аспайды неемесе 56 академиялық кредитті құрайды.
ЖБП циклінің көлемі жоғары арнайы медициналық білім беру бағдарламасының жалпы көлемінің 18% немесе 56 академиялық кредиттерді құрайды.
Олардың 51 академиялық кредиті міндетті компонент пәндеріне тиесілі: Қазақстанның қазіргі заман тарихы, Философия, Қазақ (орыс) тілі, Шетел тілі, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (ағылшын тілінде), Дене шынықтыру, Әлеуметтік-саяси білім модулі (саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, психология).
Бұл ретте, білім алушылар «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінен оны оқып аяқтағаннан кейін сол академиялық кезеңде мемлекеттік емтихан тапсырады.
Болашақ маманның дүниетанымын, азаматтық және моральдық ұстанымын қалыптастыруға, қазақстандық қоғамды жаңғыртуға белсенді қатысатын, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды меңгеру негізінде бәсекеге қабілетті, қазақ, орыс және шет тілдерінде коммуникациялық бағдарламаларды құруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, өзін-өзі жетілдіруге, табысқа жетуге және кәсіби деңгейге бейімдеуге бағытталған ЖБП цикліндегі міндетті компонент пәндері:
1) дүниетанымдық, азаматтық және адамгершілік ұстанымдардың қалыптасуы негізінде болашақ маманның әлеуметтік-мәдени тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін жалпы құзыреттілік жүйесін құрайды;
2) қазақ, орыс және шет тілдерінде тұлғааралық әлеуметтік және кәсіби қарым-қатынас жасау қабілеттерін дамытады;
3) білім алушылардың өмірі мен қызметіндегі барлық салаларда заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру және пайдалану арқылы ақпараттық сауаттылықты дамытуға үлес қосады;
4) білім алушылардың өзін-өзі дамыту және өмір бойы білімін жетілдіру дағдыларын қалыптастырады;
5) қазіргі әлемде ұтқырлыққа, сыни ойлау мен физикалық өзін-өзі жетілдіруге қабілетті тұлғаны қалыптастырады.
6. ЖБП циклінің міндетті пәндерін оқып бітіргеннен кейін тыңдаушы:
1) ғылыми және философиялық таным әдістерімен табиғи және әлеуметтік әлемді ғылыми тұрғыда түсінуді және зерттеуді қамтамасыз ететін философия негіздерін білу арқылы қалыптасқан дүниетанымдық ұстанымдар негізінде қоршаған шындыққа баға беру;
2) мифологиялық, діни және ғылыми дүниетанымның мазмұнын және ерекшеліктерін интерпретациялау;
3) әлеуметтік және өндірістік салаларда болып жатқан барлық құбылыстарға жеке баға беру;
4) Қазақстанның тарихи дамуының негізгі кезеңдерін, заңдылықтарын және өзіндік ерекшелігін терең түсіну және ғылыми талдау негізінде азаматтық ұстанымын көрсете білу;
5) Қазақстанның қазіргі заманғы оқиғаларының себептері мен салдарын талдау үшін тарихи сипаттау әдістері мен тәсілдерін қолдана білу;
6) әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, психологияның базалық білімі негізінде түрлі тұлғааралық, әлеуметтік және кәсіби қарым-қатынас салаларындағы жағдайларға баға беру;
7) осы ғылымдардағы білімді интеграциялық процестердің қазіргі заманғы өнімі ретінде синтездеу;
8) нақты ғылымды, сондай-ақ бүкіл әлеуметтік-саяси кластерді зерттеуге арналған ғылыми әдістер мен тәсілдерді қолдана білу;
9) өзінің моральдық және азаматтық ұстанымын дамыту;
10) қазақстандық қоғамның іскерлік, мәдени, құқықтық және этикалық нормаларын пайдалану;
11) жеке және кәсіби бәсекеге қабілеттілігін таныту;
12) әлемде танылған әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы пәнді практикада қолдана білу;
13) талдаудың әдіснамасын таңдау;
14) зерттеудің нәтижелерін жинақтай білу;
15) жаңа білімді синтездеу және оны гуманитарлық әлеуметтік маңызды өнімдер түрінде ұсыну;
16) тұлғаралық, мәдениетаралық және өндірістік (кәсіби) қарым-қатынас мәселелерін шешу мақсатында қазақ, орыс және шет тілдерінде ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасай білу;
17) грамматикалық білімдер жүйесін, белгілі бір тілде тиісті ниет білдірудің прагматикалық құралдарын жеткілікті көлемде түсіну негізінде лингвистикалық және сөйлеу ресурстарын дұрыс пайдалана білу;
18) байланысқа қатысушылардың іс-әрекеттеріне баға беру;
19) жеке іс-әрекеттерінде түрлі ақпараттық және коммуникациялық технологияларды: интернет-ресурстары, ақпаратты іздеу, сақтау, өңдеу, қорғау және тарату бойынша бұлтты және мобильді қызметтерді қолдана білу;
20) өзін-өзі дамыту және мансаптық өсу үшін өмір бойына жеке білім беру траекториясын құру, дене шынықтыру әдістері мен құралдары арқылы толыққанды әлеуметтік және кәсіби қызметті қамтамасыз ету үшін салауатты өмір салтын ұстану біліктіліктеріне ие болады.
7. ЖБП циклінің ТК пәндері білім алушыларда медицинада құзыреттілік пен дағдыларды, өмір сүру қауіпсіздігін, көшбасшылықты, инновацияларды қабылдаушылықты қалыптастыруға бағытталған кемінде 5 академиялық кредитті құрайды.
8. ЖОО-лар пәнаралық сипатқа ие ЖБП циклінің пәндері бойынша интеграцияланған бағдарламалар әзірлей алады.
9. БП цикліндегі оқу пәндерін оқыту және кәсіби практиканың өту көлемі медициналық және фармацевтикалық білім бакалавриатының білім беру бағдарламасының жалпы көлемінің 47%-ын немесе кемінде 112 академиялық кредитті құрайды.
БП цикл көлемі бакалавриаттың интернатурамен бірге білім беру бағдарламасының жалпы көлемінен кемінде 30%-ды кредитті құрайтын оқу пәндерінен және кәсіби практика түрлерінен тұрады.
10. Бейіндеуші пәндер циклы оқу пәндері мен кәсіптік практикалардың түрлерін қамтиды, олардың көлемі медициналық және фармацевтикалық білім бакалавриатының білім беру бағдарламасының жалпы көлемінің кемінде 25% немесе кемінде 60 академиялық кредиттерді құрайды.
Бейіндеуші пәндер циклі көлемі бакалавриаттың интернатурамен бірге білім беру бағдарламасының жалпы көлемінен кемінде 47%-ды кредитті құрайтын оқу пәндерінен және кәсіби практика түрлерінен тұрады.
11. БП және бейіндеуші пәндер циклдерінің модульдері мен пәндерінің бағдарламасы білім берудің бірқатар салалары бойынша кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін пәнаралық және көп салалы сипатта болады.
12. Қорытынды аттестаттау 12 академиялық кредитті немесе бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының жалпы көлемінен кемінде 5%-ды құрайды және дипломдық жұмыс жазу және қорғау түрінде немесе кешенді емтиханға дайындалу және тапсыру түрінде жүргізіледі.
Қорытынды аттестаттау бакалавриаттың интернатурамен бірге білім беру бағдарламасының жалпы көлемінің 5%-нан аспайды және кешенді біліктілік емтиханын дайындау және тапсыру нысанында өткізіледі.
«Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі 10 ай) білім алушылар қорытынды аттестаттауды кешенді емтихан түрінде тапсырады.
13. Қорытынды аттестаттау оқытудың қорытынды нәтижелеріне сәйкес өткізіледі және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № ҚР ДСМ-46 бұйрығымен бекітілген Медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау қағидаларына сәйкес екі кезеңді:
1) білімді бағалауды (компьютерлік тестілеу);
2) дағдыларды бағалауды қамтиды.
14. Қорытынды аттестаттаудың мақсаты бакалавриат және интернатура білім беру бағдарламасын оқуды аяқтағаннан кейін түлектердің кәсіби даярлығын бағалау болып табылады. Медициналық білім беру бағдарламаларын бітірушілерді қорытынды аттестаттаудың оң нәтижелері маман сертификатын алуға өтініш беруге негіз болып табылады.
15. Оқытудың қосымша түрлерін әскери дайындық және студенттің өзі анықтайтын оқудың басқа да түрлерін қамтиды.
16. Әскери дайындық мемлекеттік білім беру тапсырысы шегінде немесе ақылы негізде жүзеге асырылады.
17. Үш тілде білім беру бағдарламаларын енгізген ЖОО білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыруды үш тілде: оқыту тілінде, екінші тілде және ағылшын тілінде жүзеге асырады.
Бұл ретте оқу пәндерінің 50%-ын оқыту (мемлекеттік немесе орыс) тілінде, 20%-ын екінші тілде (сәйкесінше орыс немесе мемлекеттік), 30%-ын ағылшын тілінде оқыту көзделеді.
18. ЖОО-ы дуальді оқыту тұжырымдамасы шеңберінде теориялық оқытуды практикалық дайындықпен ұштастыру негізінде білім беру қызметін жоспарлау мен ұйымдастыруды жүзеге асырады және оқыту процесінде алынған білімді игеруге және бекітуге, практикалық дағдыларды алуға және кәсіби құзыреттілікті меңгеруге бағытталған.
19. «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламалары бойынша базалық және бейіндеуші пәндер бойынша практикалық оқыту көлемі (клиникалық базаларда) білім беру бағдарламасы сағаттарының жалпы көлемінің 40%-нан кем емес және тәлімгерлердің басшылығымен жүргізіледі.
20. ЖОО білім беру бағдарламаларын осы стандарт талаптарына сәйкес оқу нәтижелерін көрсете отырып дербес әзірлейді, оның негізінде оқу жоспарлары (жұмыс оқу жоспары, студенттердің жеке оқу жоспарлары) және пәндер бойынша жұмыс оқу жоспарлары (силлабустар) әзірленеді.
21. Кадрларды даярлау жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларының базасында жүзеге асырылады.
22. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі бағдарлама немесе жоғары білім беру бағдарламасы негізінде немесе жоғары білім берудің қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін жалпы орта білім беру бағдарламасы негізінде оқуға түскен білім алушыларға академиялық кредиттер саны мен білім беру бағдарламасының қажетті көлемін жоғары оқу орны бұрын қол жеткізілген ресми білім беру нәтижелерін тануды ескере отырып, дербес айқындайды. Жеделдетілген бағдарламалар бойынша қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқытуға жол беріледі.
23. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасының базасында «кіруде» жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бейінінің техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасына сәйкес келген жағдайда формальді білім берудің алдыңғы деңгейіндегі оқыту нәтижелері автоматты түрде танылады және оқу мерзімі қысқартылады.
Білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келмеген жағдайда оқыту медициналық және фармацевтикалық білім бакалавриатының толық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Оқыту нәтижелері сәйкес болған жағдайда пререквизиттер ретінде алдыңғы формальды білім деңгейінің жекелеген пәндері, сондай-ақ тиісті деңгейдегі формальды емес білімнің оқыту нәтижелері қайта есептелуі мүмкін.
24. Білім беру мазмұнын жоспарлау, оқу процесін ұйымдастыру және өткізу тәсілін ЖОО оқытудың кредиттік технологиялары негізінде дербес жүзеге асырады.
3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
25. Оқу жүктемесі оқу пәнін, модулін немесе жоғары білімнің білім беру бағдарламасын толық зерделеу үшін студентке талап етілетін және жоғары білімнің білім беру бағдарламасында белгіленген оқыту нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті уақытпен өлшенеді.
26. Оқу жүктемесі студенттің барлық оқу әрекетін қамтиды – дәрістер, семинарлар, практикалық және зертханалық жұмыстар, тәлімгердің басшылығымен клиникалық базаларда кәсіби тәжірибе, дипломдық жұмыс (жоба), өзіндік жұмыс, оның ішінде оқытушының жетекшілімен жүргізілетін жұмыс.
27. Студенттің оқу жүктемесін анықтау кезінде оқу жылы нысандарын ЖОО дербес айқындайтын академиялық кезеңдерден (семестр – 15 апта, триместр – 10 апта, тоқсан – 7-8 апта), аралық аттесттау, практика, каникул кезеңдерінен, қорытынды аттесттау кезеңінен (бітіруші курста) тұратынын ескеру қажет.
28. Бір оқу жылының толық академиялық жүктемесі 60 академиялық кредитке немесе 1800 академиялық сағатқа сәйкес келеді. Бұл ретте, студент бір семестр ішінде 30 академиялық кредитті меңгереді.
29. Бір академиялық кредит 30 академиялық сағатқа сәйкес келеді.
30. Осы стандарттың 28, 29-тармақтарында көрсетілген оқу жүктемесі типтік оқу жүктемесін білдіреді. Студенттің бір семестр ішінде академиялық кредиттердің аз немесе көп мөлшерін меңгеруіне рұқсат беріледі. Оқытудың нысандары мен технологиясына байланысты студенттердің жекелеген санаттары үшін оқу нәтижелеріне қол жеткізудің нақты уақыты әртүрлі болуы мүмкін және оны ЖОО дербес есептейді.
Пәнді бірнеше академиялық кезең ішінде игеруге рұқсат етіледі.
31. ЖОО білім беру қызметін алынған лицензияға сәйкес жүзеге асырады және оның қолданыста болу уақытының барлық кезеңінде «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 391 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11716 болып тіркелген) бекітілген білім беру қызметіне қойылған біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін сақтайды.
4-тарау. Білім алушыларды даярлау деңгейіне қойылатын талаптар
32. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар жоғары білімнің бірінші деңгейіндегі Дублиндік дескрипторлар (бакалавриат) негізінде айқындалады және жоғары медициналық білім деңгейінде базалық және кәсіби құзыреттерді көрсетеді, сондай-ақ оқыту нәтижелері нысанында сипатталатын субкомпетенцияларды қамтиды. Жоғары білім деңгейіндегі базалық және кәсіптік құзыреттер оқыту нәтижелері нысанында сипатталатын субкомпетенцияларды қамтиды.
Оқыту нәтижелері барлық жоғары білімнің білім беру бағдарламасы деңгейінде де және жеке модульдер немесе оқу пәні деңгейінде де тұжырымдалады.
33. Дескрипторлар студенттердің мынадай қабілеттерін сипаттайтын оқыту нәтижелерін көрсетеді:
1) халық денсаулығын сақтау облысындағы базалық санатты күрделі озық кәсіби және ғылыми білімді көрсетеді;
2) халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін тиісті кәсіби сала бойынша қолданбалы сипаттағы жаңа білім алуға қабілетті;
3) халық денсаулығын сақтау облысындағы базалық санатта күрделі мәселелерді түсінеді;
4) бар және жиналған базалық санатта күрделі кәсіби ақпаратты сараптайды. Сол немесе өзге денсаулық сақтау облысынын дамыту үшін қажет ақпарат көзін айқындайды;
5) сол немесе өзге денсаулық сақтау облысынын дамыту мақсатында мақсаттарды және тәсілдерді таңдауды және оларға жету құралдарын негіздейді;
6) медициналық қызметкерлерге, маман емес адамдарға және тұрғындарға қойылған кәсіби міндеттердің тиімді орындалуы үшін ақпараттарды, проблемаларды және шешімдерді хабарлайды;
7) өзінің кәсіби қызметінде заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу;
8) кәсіби және тұлғалық білім алу мен даму үшін білімін, іскерлігін және дағдыларын қолданады.
34. Бакалавриаттың білім беру бағдарламасы бойынша оқуын аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан табысты өткен тұлғаларға «денсаулық сақтау бакалавры» дәрежесі және (немесе) тиісті біліктілік беріледі және жоғары білім туралы диплом қосымшасымен (транскрипт) бірге тегін беріледі.
Бакалавриатпен интернатураның білім беру бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан табысты өткен адамдарға білім беру бағдарламасының коды мен атауын көрсете отырып (оқу мерзімі: 5 жыл) білім беру бағдарламасы бойынша «денсаулық сақтау бакалавры» дәрежесі беріледі және «дәрігер» біліктілігі беріледі (оқу мерзімі: 1 жыл) және мемлекеттік үлгідегі диплом қосымшасымен (транскрипт) тегін беріледі.
35. ЖОО бітіруші түлекке дипломға жалпыеуропалық қосымшаны (Diploma Supplement (диплома саплэмент)) тегін береді.
5-тарау. Оқу мерзіміне қойылатын талаптар
36. Оқу мерзімі меңгерілген академиялық кредиттер көлемімен анықталады. Академиялық кредиттердің белгіленген көлемін меңгерген және бакалавриат дәрежесін алу үшін күтілетін оқу нәтижелеріне қол жеткізген кезде жоғары білімнің білім беру бағдарламасы толығымен меңгерілген болып саналады.
37. Жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларының ерекшелігін ескере отырып, жоғары білім берудің негізгі критерийі студенттің оқудың барлық кезеңінде, оның ішінде оқу іс-әрекетінің барлық түрлерін дамыту:
1) «Мейіргер ісі», «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламалары үшін – кемінде 240 академиялық кредитті;
2) «Фармация» білім беру бағдарламасы – кемінде 300 академиялық кредитті;
3) «Жалпы медицина», «Педиатрия», «Стоматология» білім беру бағдарламалары үшін - кемінде 360 академиялық кредитті, оның ішінде бакалавриат бағдарламалары бойынша – кемінде 300 академиялық кредитті, интернатурада – кемінде 60 академиялық кредитті меңгеруді болып табылады.
38. Бакалавриат білім беру бағадламаларын игеруге қызығушылық танытқан тұлғаларға алдыңғы білім деңгейіне қойылатын талаптар осы стандартқа қосымшада көрсетілген.
Жоғары білім берудің 
мемлекеттік жалпыға 
бірдей міндетті 
стандартына қосымша
Бакалавриат білім беру бағадламаларын игеруге қызығушылық танытқан тұлғаларға алдыңғы білім деңгейіне қойылатын талаптар  

Білім беру бағдарламасының коды және атауы

Талап етілетін білім деңгейі мамандығының коды мен атауы

В084 «Мейіргер ісі» (оқу мерзімі – 4 жыл)

Жалпы орта білім

В084 «Мейіргер ісі» Техникалық және кәсіптік білім негізінде (оқу мерзімі – 2 жыл 6 ай)

0302000 «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Жалпы практика мейіргері», «Мамандандырылған мейіргер» біліктілігімен немесе 0301000 «Емдеу ісі» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім, «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша маман сертификаты және үш жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар.

В084 «Мейіргер ісі» орта білімнен кейінгі білім негізінде (оқу мерзімі – 10 ай)

«Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігімен орта білімнен кейінгі білім және жұмыс тәжірибесі 1 жылдан кем емес

В085 Фармация

Жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім

В086 Жалпы медицина

Жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім немесе жоғары білім

В087 Стоматология

Жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім немесе жоғары білім

В088 Педиатрия

Жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім немесе жоғары білім

В089 Қоғамдық денсаулық сақтау

Жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім