• Мое избранное
Мақтаны сандық-сапалық есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 01.01.2022 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 1

Мақтаны сандық-сапалық есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 28 қазандағы № 4-6/955 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 желтоқсанда № 12352 болып тіркелді

Осы Бұйрық күшін жойды 2022 жылғы 1 қантардан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министріні 16.02.2021 жылғы № 44 Бұйрығына сәйкес 
«Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: 
1. Қоса берiлiп отырған Мақтаны сандық-сапалық есепке алуды жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министр А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН» 
Қазақстан Республикасының 
Ұлттық экономика министрі 
_________ Е. Досаев 
2015 жылғы 3 қараша
Қазақстан Республикасы
 Ауыл шаруашылығы министрінің
 2015 жылғы 28 қазандағы
 № 4-6/955 бұйрығымен
 бекітілген
  • 1
Мақтаны сандық-сапалық есепке алуды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Мақтаны сандық-сапалық есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және мақтаның сандық-сапалық есебін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кондициялық салмақ – стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарда айқындалған ластанудың және ылғалдылықтың бірыңғай нормаларына келтірілген мақтаның салмағы;
2) мақта иесі – меншік құқығында шитті мақта және (немесе) мақта талшығы және (немесе) мақта тұқымы бар жеке немесе заңды тұлға;
3) мақта қабылдау пункті – шитті мақтаны қабылдауға, сақтауға және босатуға арналған мамандандырылған құрылыс;
4) мақта партиясы – мақтаның сапасы туралы мәліметтері бар құжаттармен ресімделген, селекциялық және өнеркәсіптік сорты бір, сапасы бойынша біртекті мақтаның оқшау саны;
5) мақта тазалау зауыты – шиттi мақтаны мақта талшығы етiп бастапқы өңдеуге арналған арнаулы ғимарат;
6) мақтаның сандық-сапалық есебі – шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы өңдеу кезіндегі мақтамен жасалатын барлық операцияларды есепке алу және тіркеу жүйесі;
7) нақты салмақ – таразыларда өлшеу жолымен айқындалған мақта массасы;
8) түгендеу – мақтаның нақты бар болуының және оның сапасының есептік деректерге сәйкестiгiн тексеруге бағытталған іс-шаралар кешені;
9) шитті мақтаның есептік салмағы – стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарда айқындалған ластану нормасына келтірілген шитті мақтаның салмағы.
3. Мақтамен жасалатын барлық операцияларды, сандық-сапалық есепті және тиісті құжаттарды ресімдеуді 1 килограмға дейінгі дәлдікпен нақты, есептік салмақта және кондициялық салмақта мақта тазалау зауыты (мақта қабылдау пункті) жүргізеді.
2. Мақтаның сандық-сапалық есепке алуды жүргізу тәртібі
1-параграф. Мақта қабылдау пунктінде шитті мақтаның келіп түсуін ресімдеу
4. Мақта қабылдауды тиісті әкімшілік аумақтағы мақта қабылдау пункті және мақта тазалау зауытының жанындағы жұмыс істейтін мақта қабылдау пункті жүзеге асырады.
5. Мақта қабылдау пункті шитті мақтаны қабылдауды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
1) мақта қабылдау пунктінде шитті мақтаны қабылдауды ресімдеу;
2) шитті мақтаның кондициялық салмағын айқындау;
3) шитті мақтаны мақта қабылдау пунктінен тиеп жөнелтуді ресімдеу.
6. Мақта қабылдау пунктіне түсетін шитті мақтаны қабылданатын шитті мақтаның сорты мен сапасын сыртқы түрі бойынша айқындайтын мақта қабылдау пунктінің меңгерушісі сапасы бойынша, өлшем бірліктерді қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен тексеруден өткен таразыларда өлшенгеннен кейін ІІ-аймақтың тауартанушысы саны бойынша қабылдайды.
7. Өлшеу нәтижелері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мақта қабылдау пунктінде шитті мақтаны қабылдаудың салмақ журналына енгізіледі.
8. Шитті мақтаны қабылдау тауарлық-көліктік жүкқұжаттар негізінде партиялармен жүргізіледі. Күні бойы әрбір тауарлық-көліктік жүкқұжат бойынша қабылданған шитті мақтаның нақты массасын жазу өнеркәсіптік сорттар бойынша бөлек жүргізіледі.
9. Шитті мақтаның сынамаларын іріктеу шитті мақтаны түсіру орындарында оны өлшегенге дейін жүргізіледі.
10. Қабылданған шитті мақтаның сапа көрсеткіштерін айқындауды мақта қабылдау пунктінің зертханасы жүргізеді.
11. Шитті мақтаның сынамасын талдау нәтижелерін мақта қабылдау пункті зертханасының зертханашысы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шитті мақтаны талдау карточкасына және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шитті мақтаның ылғалдылығы мен ластануын талдау нәтижелерін тіркеу журналына енгізеді.
12. Тауарлық-көліктік жүкқұжаттар мен шитті мақтаны талдау карточкалары негізінде мақта қабылдау пунктінің бухгалтері бір күнде қабылданған селекциялық сорты бір, жинау түрі мен мақсаты (тұқымдық, техникалық) бір шитті мақтаға және соңынан жиналғанға бөлек осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш данада шитті мақтаны қабылдау туралы квитанцияны ресімдейді, оның біреуі мақта иесіне беріледі.
Шитті мақтаны қабылдау туралы квитанцияда зертханалық талдау негізінде әрбір өнеркәсіптік сорт бойынша бөлек ластану мен ылғалдылықтың нақты пайызы жазылады.
13. Қабылданған шитті мақтаның әрбір партиясы бойынша бір күндік жиынтық деректер шитті мақтаны қабылдау туралы квитанциялардан күн сайын осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шитті мақтаның сандық-сапалық есеп кітабына шитті мақтаның кірісіне жазылады.
14. Мақта қабылдау пунктінің меңгерушісі нақты, есептік салмағы және кондициялық салмағы бойынша шитті мақтаның сандық-сапалық есебі кітабында шитті мақтаның есебін жүргізеді.
15. Күн соңында шитті мақтаны қабылдау туралы квитанцияның екі данасы тауарлық-көліктік жүкқұжаттармен бірге ластану мен ылғалдылықтың орташа өлшенген көрсеткіштерін есептеу үшін мақта қабылдау пунктінің бухгалтериясына беріледі.
16. Сонымен бір уақытта мақта қабылдау пунктінің бухгалтериясына қабылданған партиялар бөлінісінде шитті мақтаны талдау карточкалары беріледі.
17. Шитті мақтаның кондициялық салмағын есептеу қабылданған күні айқындалған ластану мен ылғалдылық көрсеткіштері бойынша жүргізіледі және түпкілікті болып табылады.
Жинақталған партиялардан іріктелген шитті мақтаның сынамалары бойынша қабылдаудан кейін жүргізілген сорт, ылғалдылық және ластану бойынша талдау нәтижелері қабылдау кезінде анықталған шитті мақтаның сапа көрсеткіштері мен қабылдау күні белгіленген шитті мақтаның кондициялық салмағын өзгертуге негіз бола алмайды.
2-параграф. Шитті мақтаны мақта қабылдау пунктінен тиеп жөнелтуді ресімдеу
18. Шитті мақтаны мақта қабылдау пунктінен мақта тазалау зауытына тиеп жөнелту селекциялық және өнеркәсіптік сорттар, жинау түрлері бойынша біртекті партиялармен жүзеге асырылады және тауарлық-көліктік жүкқұжаттармен (үш данада) ресімделеді. Мақта қабылдау пунктінен мақта тазалау зауытына тиеп жөнелтілетін шитті мақта өлшеуге жатады.
19. Мақта қабылдау пунктінің зертханасы барлық жағдайда тиеп жөнелтілетін шитті мақтаның ластануы мен ылғалдылығына талдау жүргізеді. Ауа-райы қалайсыз немесе ауа температурасы жоғары болған жағдайда сынамаларды іріктеу партияны жөнелтуге дейін бір сағат бұрын жүргізіледі.
20. Шитті мақтаны мақта қабылдау пунктінен мақта тазалау зауытына тиеп жөнелту кезінде тауарлық-көліктік жүкқұжат бланкісінде шитті мақтаның салмағы (брутто, ыдыс, нетто), сорты көрсетілуі және лауазымды тұлғалардың қолдары қойылуы тиіс. Шитті мақтаның тиеп жөнелтілетін партиясының ластану мен ылғалдылық көрсеткіштері тиеп жөнелтілетін күнгі соңғы тауарлық-көліктік жүкқұжатқа жазылады.