Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегі Орман кодексiнің 63-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Отправить по почте
Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 желтоқсанда № 12351 болып тіркелді
Редакция 16.02.2024 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегі Орман кодексiнің 63-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі __________ Қ. Қасымов 2015 жылғы 3 қараша
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен бекітілген
Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 21.09.2016 жылғы № 395 Бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 11.11.2016 жылы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 21.01.2020 жылғы №19 Бұйрығымен (21.09.2016 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 10.02.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 01.02.2024 жылғы № 19 Бұйрығына сәйкес (21.01.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.02.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 63-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және ормандардағы өрт қауіпсіздігінің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілері және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;
2) мемлекеттік орман иеленушілер – мемлекеттік орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген мемлекеттік ұйымдар;
3) минералдандырылған жолақ – бұл топырақтың минералды қабатына дейін топырақ өңдейтін құрал саймандармен өңделген және орман өртінің таралуын болдырмауға арналған, орманның шеті мен кварталаралық соқпағы бойынша құрылатын қорғаныс жолағы;
4) орман қоры – Қазақстан Республикасының аумағында барлық орман, сондай-ақ орман өсiмдiктерi өспеген, бірақ орман шаруашылығының қажеттерiне арналған орман қоры жерлерi;
5) орман өрт сөндіру станциялары – орман өрттерінің алдын алу және оларды уақтылы жою жөніндегі шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ететін өртке қарсы қызмет пен техниканы орналастыруға арналған мемлекеттік орман иеленушінің объектісі;
6) орман пайдаланушы – Кодексте белгiленген тәртiппен уақытша орман пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға;
7) өрт қаупінің сыныбы – бұл ормандардың табиғи өрт қауіптілігінің көрсеткіші және ауа-райы жағдайлары бойынша ормандардағы өрт қаупінің көрсеткіші;
8) өрт сөндіру пункттері – орман пайдаланушылар мен жеке орман иеленушілер құратын, орман өрттерін сөндіруге арналған өрт сөндіру жабдықтары мен керек-жарақтарын жинақтау бекеттері;
9) өртті оқшаулау – жанудың одан әрі тарауын болдырмау және оны қолда бар күштермен және құралдармен табысты оқшаулауға бағытталған әрекеттер;
10) өртті жою – жануды түпкілікті тоқтатуға, сондай-ақ оның қайталап пайда болу мүмкіндігін жоюға бағытталған әрекеттер;
11) ормандағы өрт қаупі бар маусым – орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, облыстық атқарушы орган орман өрті шығу қаупі болуы мүмкін климат және ауа райы факторларын негізге алып айқындайтын, күнтізбелік жылдың бір бөлігі;
12) өртке қарсы жыралар – орман өрттерінің таралу жолында кедергілерді ұйымдастыру мақсатында өртке қарсы минералдандырылған жолағы немесе жолы бар және оларды сөндіру үшін жағдай жасайтын, ені 10-20 метр орманда арнайы кесілген, жанғыш материалдардан тазартылған жолақ;
13) орман өртінің профилактикасы – орман өртінің туындауын және (немесе) таралуын болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешені;
14) өрт техникасы – орман өртінің алдын алуға, шектеуге және сөндіруге, адамдарды, техниканы және материалдық құндылықтарды өрттің қауіпті факторларынан қорғауға арналған техникалық құралдар;
15) өрт-техникалық жарақ – бұл өрт жабдығы, қол өрт құрал-саймандары, өрт-құтқару құрылғылары, өрт қауіпті факторларынан өрт сөндірушілерді жеке қорғау құралдары және өрт орнына әкетілетін басқа да техникалық құрылғылар;
16) өрттің таралуы – орман өртінің шетін ілгерілету нәтижесінде оның мөлшерін ұлғайту;
17) ірі орман өрті – орман жабылған ауданы 25 гектар және одан да көп орманды жерлерді; ауданы 50 гектар және одан да көп орманды ағаш өспеген жерлер; ауданы 100 гектар және одан да көп ормансыз жерді құрайтын мемлекеттік орман қоры жерлері аумағында өрттің дамуы және кеңінен таралуы;
18) өрт ошағы - өрт шыққан жер;
19) жану - жану ошағының пайда болуы;
20) Ахуалдық орталық - мемлекеттік орман қорын өрттен және заңсыз кесуден қорғау жөніндегі міндеттерді шешуді ақпараттық-талдамалық және коммуникациялық қамтамасыз етуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;
21) су төгетін құрылғылар (СТҚ) – тікұшақтардың сыртқы аспасында тасымалдауға және орман өрттерінің ошақтарына ағызуға арналған су жинауға арналған сыйымдылықтар (СТҚ-ны сумен толтыру оны табиғи (жасанды) су айдындарына батыру жолымен жүзеге асырылады).
3. Орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган), оның ведомствосы, ведомствоның аумақтық бөлімшелері, Кодексте айқындалған құзыреттері шегінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары мен мемлекеттік орман иеленушілер ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар болып табылады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Кодекстің 15-бабына сәйкес шараларды орындайды:
1) үлгілік талаптарға (орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне қойылатын үлгілік талаптар техникалық тапсырмамен айқындалады) сәйкес уәкілетті органның Ахуалдық орталығына нақты уақыт режимінде ақпарат бере отырып, мемлекеттік орман қоры аумағында күзетті ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін құрылғылармен жарақтандырады;
2) орман өрттерінің профилактикасы және олардың салдарын жою мақсатында орман өрттерін сөндіру үшін тартылған су төгетін құрылғылары бар әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етеді.
5. Ормандарда орналасқан елді мекендерді өрттерден қорғауды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар мен орман иеленушілер орман өрттері кезінде оттың ғимараттар мен құрылыстарға таралу мүмкіндігін болдырмайтын іс-шаралар (ені кемінде төрт метр болатын минералдандырылған жолақтар тарту, жазғы маусымда құрғақ өсімдіктерден тазарту) әзірлейді және орындайды.
Минералданған жолақтар мен өртке қарсы жыралар орман орналастыру жобасына және (немесе) өртке қарсы құрылғы жоспарына сәйкес жоспарланады.
6. Орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелерінде және табиғат қорғау мекемелерінде өртке қарсы қызметтер құрылып, олардың құрамында орман өрт сөндіру станциялары жасақталады.
Орман пайдалануға берілген орман қоры учаскелерінде, сондай-ақ жекеше ормандар учаскелерінде өрт сөндіру пункттері құрылады.
7. Мемлекеттік орман иеленуші Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/54 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10408 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік орман иеленушінің орман өрт сөндіру станциясы туралы ережесінің орман өрт станциясына бекітілген өрт техникасымен, жабдықтармен, инвентарьмен, көлік және байланыс құралдарымен жарақтандыру жөніндегі қанағаттанарлық жұмысын қамтамасыз ету талаптарының сақталуын, сондай-ақ орман өрт сөндіру станциясы туралы паспорттың жүргізілуін қамтамасыз етеді.
8. Мемлекеттік орман мекемелерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және орман пайдаланушылардың қызметкерлері (жұмысшылары, қызметшілері) орман өрттерімен күресуге арналған резервтік күштер болып табылады.
9. Ормандардың жетуі қиын және өртке неғұрлым ұрымтал құнды учаскелерін қарауылдау, сондай-ақ өрт сөндіру үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы 18-02/64 бұйрығымен бекітілген «Орман қорын күзету және қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру қағидаларына» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10464 болып тіркелген) сәйкес мамандандырылған ұйымдардың немесе орман қорын күзету және қорғау жөнінде авиациялық жұмыстарды орындайтын мекемелердің, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарымен өртті ерте анықтау және жерді қашықтықтан зондтаудың цифрлық жүйелерін қолданатын күштері мен құралдары тартылады.
Пилотсыз ұшу аппараттарымен патрульдеу өрт қауіпті маусым кезеңінде ауа-райы жағдайларына байланысты күн сайын тәуліктің күндізгі уақытында жүзеге асырылады.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |