Toggle Dropdown
Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілген қызметті сатып алу туралы үлгілік шарттарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 683 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 желтоқсанда № 12522 болып тіркелді
Редакция 18.10.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысының Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 305) тармақшасына сәйкес 15-тармағының 303) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған тендер жеңімпазымен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салу кезінде электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес қуаты 35 МВт-тан асатын судың гидродинамикалық энергиясын пайдаланатын жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салу кезінде электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт;
4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Уәкілетті органмен жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісім жасасқан қолданыстағы энергия өндіруші ұйымдармен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт;
5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес Құрамына жылу электр орталықтары кіретін қолданыстағы энергия өндіруші ұйымдармен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт;
6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес Электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығының нәтижелері бойынша электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт бекітілсін.
2. «Жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы үлгілік шартты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 109 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10530 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 9 сәуірде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі В. Школьник
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 683 бұйрығына
1-қосымша
Жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған тендер жеңімпазымен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы үлгілік шарт
___________________________ 20__жылғы «___»__________
_______________________________________________________________,
(энергия өндіруші ұйымның атауы, БСН)
атынан _____________________________________________________________,
(лауазымы, Т. А. Ә (болған жағдайда)
________________________________________________ негізінде әрекет ететін,
бұдан әрі «Субъект» деп аталатын, бір жағынан,
____________________________________________________________________,
(бірыңғай сатып алушының атауы, БСН)
атынан _____________________________________________________________,
(лауазымы, Т. А. Ә. (болған жағдайда)
________________________________________________негізінде әрекет ететін,
(бірыңғай сатып алушының құрылтай құжаты)
бұдан әрі «Бірыңғай сатып алушы» деп аталатын, екінші жағынан, бұдан әрі бірге «Тараптар» деп, ал жеке-жеке «Тарап» деп аталатын:
1) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 152 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10612 болып тіркелген) бекітілген Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын (бұдан әрі – Қуат нарығының қағидалары);
2) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 110 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 наурызда № 10535 болып тіркелген) Жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізу қағидаларын (бұдан әрі – Тендер өткізу қағидалары) назарға ала отырып, мыналар туралы жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған тендердің жеңімпазымен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу туралы осы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты:
1-тарау. Негізгі ережелер
1. Осы Шартта мынадай ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:
1) аттестатталған электр қуаты – тиісті аттестаттау нәтижелері бойынша электр станцияларының аттестатталған электр қуатының қосындысы, МВт;
2) банк кепілдігі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқармасының 2017 жылғы 28 қаңтардағы № 21 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14915 тіркелген) Банк кепілдіктері мен кепілгерлігін беру қағидаларына сәйкес ресімделген және банк клиентке (борышкер тұлғаға) оның өтініші негізінде үшінші тұлғаның (кредитор тұлғаның) пайдасына беретін жазбаша құжат (SWIFT жүйесі бойынша шығарылады), осы құжат негізінде онда көрсетілген шарттарға сәйкес банк шекті соманы үшінші тұлғаға (кредитор тұлғаға) төлеуге міндеттенеді;
3) генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау – аттестатталған электр қуатының мәндерін және электр қуатын ұлғайту мен азайтудың аттестатталған жылдамдықтарын анықтауға бағытталған жүйелік оператор жүргізетін іс-шаралар;
4) генерациялаудың, технологиялық және техникалық минимумдардың істеп турған жұмыс электр қуаттарының ведомосі – жүйелік оператор ағымдағы және алдағы есеп айырысу кезеңінің (күнтізбелік айдың) әрбір тәулігіне жасайтын, оған энергия өндіруші ұйымдар ұсынған және жүйелік оператормен келісілген генерациялаудың жұмыс электр қуаттарының, генерациялаудың ықтимал электр қуаттарының, энергия өндіруші ұйымдардың электр станцияларының технологиялық және техникалық минимумдарының мәндері енгізілетін құжат;
5) есептік кезең – осы Шартта электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі көрсетілетін қызметті есептеу жүргізілетін айдың бірінші күнгі сағат 00-00-ден айдың соңғы күнгі 24-00-ге дейінгі (орта еуропалық уақыт – Гринвич меридианының уақыты плюс бір сағат) бір күнтізбелік айға тең уақыт кезеңі ретінде айқындалған кезең;
6) жүйелік оператор – орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыратын, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатар жұмыс істеуді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде тепе-теңдікті сақтайтын, жүйелік қызметтер көрсететін және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен көмекші қызметтер сатып алатын, сондай-ақ ұлттық электр желісіне техникалық қызмет көрсететін және пайдалану әзірлігінде ұстап тұратын және оның дамуын қамтамасыз ететін ұлттық компания;
7) коммерциялық есепке алу кешені – белгілі бір коммерциялық есепке алу нүктесі мен ақпарат жинау құрылғысына қосылу нүктесі арасында орналасқан коммерциялық есепке алу үшін қажетті жабдық;
8) қаржылық қамтамасыз ету – банк кепілдігі немесе резервтік аккредитив түріндегі қаржы ресурстары;