Toggle Dropdown
Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 18 сәуірдегі № 552 Жарлығы
Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереженің 26-тармағына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімді кезеңдегі дамуын қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 18 сәуірдегі
№ 552 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Атауы: Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама).
Негізгі әзірлеуші: Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі.
Негізгі орындаушы: Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) Хатшылығы.
Іске асыру мерзімі: 2013-2020 жылдар.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына, «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығына, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасына (бұдан әрі - Доктрина), Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына, Қазақстан Республикасы Президентінің Ассамблеяның XIX сессиясында белгіленген қағидаттарды ескере отырып, Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын пысықтау және қабылдау туралы тапсырмаларына сәйкес әзірленді.
Доктрина халықтың бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер мен өркениеттердің үндесуін дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік-басқарушылық шаралардың тұтас жүйесін жасау үшін негіз болып табылады.
Бүгінгі таңда «Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы туралы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығымен бекітілген Ассамблеяның орта мерзімді кезеңге арналған (2011 жылға дейінгі) стратегиясы (бұдан әрі - Ассамблея стратегиясы) іске асырылды, негізгі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді.
XXI ғасыр Батыс пен Шығыс мәдениеттері мен өркениеттері байланыстарының, бүкіл әлемдегі этносаралық қарым-қатынастардың, полиэтносты қоғамдардың ықпалдасуында жаңа көзқарастар қалыптастырудың мәселелерін өткір қойып отыр.
Бұл ахуалда жүйелі жалпы өркениеттік дағдарыстың белгілері бар, оның ішіне әлемдік қаржы дағдарысынан басқа энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік дағдарыстардың белгілері де кіреді.
Әлемнің көптеген елдерінде этносаралық және дінаралық қарым-қатынас мәселелері тағы да күн тәртібіне шықты. Еуропадағы дәстүрлі құндылықтар жүйелері мен Азия және Африка мемлекеттерінен шыққан, тез өсіп келе жатқан этностық қауымдастықтар мәдениеті арасында жанжалдар туындау мүмкіндігі ұлғайып келе жатқаны байқалуда. Ұлттық диаспоралардың өздері тұрып жатқан елдің қоғамына сіңісіп кетуі күн өткен сайын күрделеніп барады. Әлемнің дамуында мәдени полифонияның барған сайын дербес ғаламдық құбылыс ретінде көрініс беретін кезеңі тақап қалды. Әлемнің әр өңіріндегі және жекелеген мемлекеттердегі өмір салтын, дәстүрлерді, мәдениетті, этностық бейнені бірыңғай ету мүмкін емес екендігі айқын бола бастады. Бұл жағдай түсіністік таппаса, ғаламдық әлеуметтік, мәдени, діни қарама-қайшылықтың өршуі ықтимал дүниеге айналады.
Бүгінде бүкіл әлемде қазіргі заманның өткір мәселелері бірлескенде және консенсус негізінде ғана шешілуі мүмкін екендігі жөнінде түсінік қалыптасып келеді.
Полиэтностық және поликонфессиялық құрамы ажырамас сипаты болып табылатын Қазақстан үшін қоғамдық келісім, толеранттылық, полиэтносты қоғамның ұйысуы, мәдениетаралық және өркениетаралық үндесу идеяларына бейілдік - бұл аксиома.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда ел азаматтарының құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ететін демократиялық тетіктерді дамыту міндеті тұрды. Бүгінде, Қазақстанның 22 жылдық тәуелсіз дамуынан кейін, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ажырамас бөлігі болып табылатын «қазақстандық даму жолы» бүкіл әлемде мойындалып отыр.
1995 жыл еліміздегі саяси жүйенің түбегейлі реформаланып, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылығымен республиканың этномәдени орталықтары негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған жылы болды. Бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданып, осыған орай этносаралық қатынастар саласындағы саясат дәйекті демократиялық сипат алды. Барлық азаматтардың этностық қатыстылығына және діни сеніміне қарамастан теңдігі қоғамдық келісімнің негізгі қағидатына айналды.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін мемлекет, азаматтық қоғам институттарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, бейбітшілік пен қоғамдық келісім идеяларын қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізді.
Ол жұмыстың маңызды кезеңдері - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасы, Тіл саясатының тұжырымдамасы, Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан - 2030» стратегиясы, «Қоғамды идеялық тұрғыда ұйыстыру - Қазақстан дамуының басты шарты» тұжырымдамасы қоғамдық беріктіктің қажетті қорын қалыптастыруға, толеранттылықтың ресурсын ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2002 жылдан бастап бұл жұмыс Ассамблея стратегиясы негізінде жүргізілді.
Ассамблея стратегиясы ережелерін іске асыру Ассамблеяның жыл сайынғы сессияларында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарлары негізінде жүргізілді.
Ассамблея стратегиясын іске асырудың қорытындысында «Қазақстан-2030» стратегиясы міндеттерін іске асырудағы Ассамблеяның рөлін арттыру бойынша негізгі мақсатқа және төмендегі нәтижелерге қол жеткізілді:
1. Мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениетінің өзекті рөлін арқау ете отырып, азаматтық және рухани-мәдени біртұтастық негізінде, бұқаралық қоғамдық санада ұлттық-мемлекеттік сәйкестік туралы тұжырымның нық қалыптасуына қол жеткізілді;
этносаралық және конфессияаралық толеранттылық қағидаттары мен нормалары бекітілді;
мемлекеттік органдардың этномәдени ұйымдармен өзара іс-қимылы күшейтілді;
жүйелі негізде этносаралық жағдайға мониторинг жүргізу әлеуметтік шиеленіскен ошақтарды уақтылы анықтауға және оларды жою бойынша шараларды қолға алуға мүмкіндік берді;
ғылыми-теориялық және институционалдық-тәжірибелік сипатта этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты және іске асуда.
2. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді іс-қимылы қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 маусымдағы № 593 қаулысымен бекітілген Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 948 млн. теңге және жергілікті бюджеттерден 414 млн. теңге бөлінді.
2009 жылдан Ассамблея стратегиясын іске асыру мәдениет, ақпарат, этносаралық келісім, тілдерді дамыту салаларындағы орталық атқарушы органның 2009-2011 жж. 2011-2014 жж. және 2011-2015 жж. арналған стратегиялық жоспарларының «Толерантты тілдік орта құру - Қазақстан халқының бірігу факторы» және «Ұлттың тұрақты дамуы үшін мемлекеттікті, халықтың бірлігін одан әрі нығайту және қоғамның бірігуін қамтамасыз ету» деп аталатын 2-ші және 4-ші стратегиялық бағыттары аясында жүзеге асырылуда.
3. Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру қамтамасыз етілді. Ассамблея 820 этномәдени бірлестіктің жұмысын үйлестіруде, оның ішінде 28-і республикалық, бұлардың 324-і әділет органдарында тіркелген, қалғандары олардың филиалдары болып табылады және жергілікті атқарушы органдарда есепті тіркеуде тұр.
Олардың дамуына барлық жағдай жасалған, Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы, өңірлерде - этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан Достық үйлері жұмыс істейді. Жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі, этномәдени бірлестіктер жұмысы туралы деректер базасы қалыптастырылған.
Этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіру үшін республикалық, сондай-ақ Астана және Алматы қалалық, облыстық этномәдени бірлестіктер басшыларымен жыл сайын семинар-кеңестер ұйымдастырылады. Өңірлерде ассамблея кеңестерінің отырыстары жүйелі түрде өткізіледі, ол отырыстарда Мемлекет басшысының Ассамблея сессияларында және жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында қойған міндеттерді шешуге этномәдени бірлестіктерінің атсалысуы талқыланып, тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.
Мемлекеттік органдарға консультациялық және әдістемелік көмек көрсету үшін Ассамблея Хатшылығы мәдениет, ақпарат, этносаралық келісім, тілдерді дамыту салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп, жыл сайын этномәдени бірлестіктермен жұмыс жөнінде анықтамалықтар, әдістемелік ұсынымдар мен құралдар әзірлейді, мұндай жұмыс өңірлерде де жүргізіледі. Түрлі этностар мен нақты этномәдени бірлестіктердің мәселелерін шешу жөніндегі жұмыс оларды Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне жету үшін біріктіруге мүмкіндік берді.
4. Этносаралық қатынастар саласындағы келеңсіз үрдістердің алдын алу бойынша сақтандыру тетіктерінің жүйесін қалыптастыру және ықтимал қатерлерді жою, сондай-ақ этностық факторды саясиландыруға жол бермеу саласында этносаралық жағдайға мониторинг жүргізу жүйесін нығайтуға қол жеткізілді.
Уәкілетті мемлекеттік органдар: әлеуметтік өлшеулерді қоса алғанда этносаралық қатынастарға (тоқсан сайынғы тәртіпте) мониторингті; азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге, тіл саясаты саласында құқықтардың бұзылуын анықтауға және жоюға мониторингті; этностық, діни және тілдік себептер бойынша азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін материалдарды анықтау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына мониторингті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты этносаралық қатынастардың көкейтесті мәселелері бойынша жыл сайын бірқатар зерттеулер дайындайды.
5. Ассамблеяның қызметін жетілдірудегі және саяси жүйені демократияландырудағы, қоғамдық дамудың көкейтесті мәселелерін шешудегі рөлін арттыруда Ассамблеяны институционалдық тұрғыдан едәуір нығайтуға қол жеткізілді.
Этносаралық қатынастар саласын реттеу бойынша нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Оның негізін 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қалады, онда этностық тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа қатыстығына қарамастан елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасау кепілдігі, сондай-ақ этносаралық қатынастарды мемлекеттік реттеу тетіктері, қауымдастықтың азаматтық-саяси моделі көрсетілген. Негізгі заң этносаралық келісімді бұзатын кез келген әрекетті конституциялық емес деп таниды.
Көрсетілген конституциялық қағидаттар 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасында, 1996 жылғы Тіл саясатының тұжырымдамасында, Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасында жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңында мемлекеттік қазақ және ресми қолданылатын орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәселе құқықтық шеңберде шешімін тапты.
Ассамблеяның нормативтік құқықтық базасы жетілдірілді. Ол «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды, оның Ережесі бекітілді және бірінші сессиясы шақырылды.