Toggle Dropdown
Өндірістік оюъектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1057 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12743 болып тіркелді
Редакция 10.05.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабының 29) тармақшасына және 183-бабының 3-тармағына, сондай-ақ «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. «Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 185 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11084 болып тіркелген, 2015 жылғы 12 маусымда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсiн.
5. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1057 бұйрығымен
бекітілген
Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидалары
1. Осы Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 16-бабының 29) тармақшасына және 183-бабының 3-тармағына, сондай-ақ «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) еңбек гигиенасы – жұмыскерлердің денсаулығын сақтау, өндірістік орта мен еңбек процесінің қолайсыз әсерлерінің профилактикасы жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық шаралар мен құралдар кешені;
2) еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі процесінде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі;
3) еңбектің қауіпсіз жағдайлары – жұмыс істейтіндерге өндірістік факторлардың әсерінің деңгейлері белгіленген нормативтерден аспайтын еңбек жағдайлары;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтер – эргономикалық, санитариялық-эпидемиологиялық, психофизиологиялық және еңбектің қалыпты және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін өзге де талаптар;
5) еңбекті қорғау – құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактикалық, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;
6) жеке қорғаныш құралдары (бұдан әрі – ЖҚҚ) – жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар, оның ішінде арнайы киім;
7) жұмыс орны – жұмыскердің еңбек қызметі процесінде еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;
8) жұмыскерлердiң өкiлдерi – жұмыскерлердiң өкiлдерi – кәсiптiк одақтар және олардың бiрлестiктерi, ал олар болмаған кезде Еңбек кодексінің 20-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда жұмыскерлердiң жалпы жиналысында (конференциясында) жұмыскерлердiң (конференция делегаттарының) кемінде үштен екісі қатысқан кезде қатысушылардың көпшілік даусымен сайланған және уәкiлеттiк берілген сайланбалы өкiлдер;
9) зиянды еңбек жағдайлары – зиянды өндірістік факторлардың болуымен сипатталатын еңбек жағдайлары;
10) қауіпсіздік нормалары – жұмыскерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, санитариялық-гигиеналық, биологиялық және өзге де нормаларды, қағидаларды, рәсімдер мен өлшемшарттарды қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндірістік және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;
11) өндірістік объектілер – өндірістік қызмет жүзеге асырылатын цехтар, учаскелер, жұмыс орындары, сондай-ақ жұмыс берушілердің бөлек тұрған өзге де бөлімшелері;
12) өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар – өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, білікті кадрлары және өзінің құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары бар ұйымдар;
13) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау (бұдан әрі – аттестаттау) – өндірістік объектілерде орындалатын жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтеріне сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет;
14) ұжымдық қорғаныш құралдары – екі немесе одан да көп жұмыс істеушілерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар.
2 тарау. Аттестаттауды жүргізу тәртібі
3. Аттестаттауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар 5 жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен жүргізеді.
4. Аттестаттауға Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін барлық ұйымдардың өндірістік объектілері жатады.
Қайта құрылған (жаңа технологиялық жабдықтарды, процестерді ауыстыру, енгізу, орнату) өндірістік объектілерді аттестаттау оларды пайдалануға енгізгеннен соң күнтізбелік 90 күннен кейін кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар туралы ақпаратты (атауы, заңды мекенжайы, байланыс телефоны, қызмет түрлері, білікті кадрлары туралы мәліметтер) интернет-ресурста орналастырады.
6. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізуді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші құрамында төраға, мүшелер және өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөніндегі құжаттаманы жасауға, жүргізуге және сақтауға жауапты хатшы бар аттестаттау комиссиясын құру туралы тиісті бұйрық шығарады.
7. Ұйымның аттестаттау комиссиясының құрамына басшы не оның орынбасары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің және ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің мамандары келісім бойынша, сондай-ақ жұмыскерлерінің өкілдері кіреді.
8. Ұйымның аттестаттау комиссиясы:
1) орындайтын жұмыстары мен еңбек жағдайларының сипаттамасы бойынша ұқсас жұмыс орындарын бөле отырып, аттестаттауға жататын өндірістік объектілердің толық тізбесін жасайды;
2) өндірістік ортаның, еңбек және технологиялық процестердің сипаттамаларына, қолданылатын жабдықтар мен механизмдердің, шикізат пен материалдардың түрлеріне қарай зерттеуге (зертханалық және аспаптық зерттеу мен бағалауға) жататын қауіпті және зиянды факторлардың толық тізбесін жасайды;
3) өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымды айқындайды және онымен тиісті шарт жасасу жөнінде жұмыс берушіге ұсыныс енгізеді;
4) ұйымның өндірістік объектілерін аттестаттауды жүргізу кестесін жасайды және жұмыс берушіге бекітуге ұсынады;
5) еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін автоматты өңдеуді жүргізу үшін цехтарға, учаскелерге, жұмыс орындарына кодтар береді;
6) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32276 болып тіркелген) сәйкес жүргізілетін соңғы 12 айға өндірістік жарақаттану және кәсіби ауру-сырқаудың себептерін, сондай-ақ өндірістік бақылау нәтижелерін бағалау жүргізеді;
8) өндірістік жарақаттануды және өндірістік бақылау нәтижелерін бағалау негізінде жарақаттану қаупі басым жұмыстарды, зиянды еңбек жағдайларымен жұмыс орындарының учаскелерін, технологияларды, машиналарды, механизмдерді, станоктар мен жабдықты айқындайды;
9) аттестаттау жөніндегі жұмыс көлемін ескере отырып, тартылатын өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйыммен және жұмыс берушімен өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу мерзімін келіседі;
10) өндірістік объектілерін аттестаттауды жүргізудің сапасына ұйымда ішкі бақылауды жүзеге асырады.
11) зиянды өндірістік факторларды өлшеу, сондай-ақ жарақат қауіпсіздігі мен арнайы киім, арнайы аяқ киім және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуін бағалауды жүргізген кезде қатысады;