Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінiң
2015 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 19-2/1054 бұйрығына
1-қосымша
Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызу критерийлерін айқындайтын қағидалар
1. Осы Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызу критерийлерін айқындайтын қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 28-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысандарына қарамастан, бөгеттер қауіпсіздігі саласында міндетті декларациялауға жататын бөгеттерді пайдаланатын ұйымдарға (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) бөгет – судың деңгейін көтеру және (немесе) су қоймасын жасау үшін ағын судағы тежеуіш гидротехникалық құрылыс;
2) бөгет класы – жобалаудың қолданыстағы нормаларымен регламенттелетін, гидротехникалық құрылыстың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы мен жауапкершілігі дәрежесін айқындайтын және оның авариясы мен пайдалану бұзушылықтарының зардаптары ескеріле отырып тағайындалатын сапалық-сандық сипаттама;
3) гидродинамикалық авария – гидротехникалық құрылыстағы судың үлкен жылдамдықпен таралуымен байланысты және техногенді төтенше жағдайдың туындау қаупін туындататын авария;
4) тегеурін шебі – тегеурінді (су қысымын) қабылдайтын сутежеуіш құрылыстардың жиынтығы.
3. Бөгеттер биіктігіне, іргетасындағы жер қабатының типіне, көлеміне, әлеуметтік-экономикалық жауапкершілігіне және ықтимал гидродинамикалық авариялар салдарына байланысты кластарға бөлінеді.
4. Бөгеттерді декларацияланатын бөгеттерге жатқызудың негізгі критерийі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес айқындалатын олардың класы болып табылады.
5. Меншік нысандарына қарамастан I, II, III класты бөгеттер декларациялануға жатады.
6. Жобалау ұйымының қорытындысына сәйкес төтенше жағдайлар кезінде жоғары қауіптілік туындататын IV класты бөгеттер де декларациялануға жатады.
7. Бөгеттер класын жобалау құжаттамасын дайындау кезінде жобалау ұйымы белгілейді және ол бөгет параметрлерінің және (немесе) оларды пайдалану шарттарының негізделген өзгерістері болған жағдайда, құрылыс, күрделі жөндеу, пайдалануға беру, пайдалану, реконструкциялау, қалпына келтіру және консервациялау сатыларында өзгертілуі мүмкін.
8. Бөгеттің тегеурін шебінің құрамына кіретін негізгі құрылыстардың класы одан жоғары класқа жатқызылған құрылыс бойынша белгіленуі тиіс.
9. Бөгет класын айқындайтын шарттар өзгерген жағдайда, ол міндетті түрде декларацияда көрсетіле отырып, өзгертілген шарттарға сәйкес келтірілуі тиіс.
Бөгеттерді декларацияланатын
бөгеттерге жатқызу критерийлерін
айқындайтын қағидаларға
қосымша
Әлеуметтік-экономикалық жауапкершілігіне және пайдалану шарттарына байланысты бөгеттер класы
Ықтимал гидродинамикалық авариялар салдарына байланысты бөгеттер класы