«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын бекіту және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығы
Осы Жарлық күшін жойды ҚР Президентінің 19.04.2019 жылғы № 29 Жарлығына сәйкес
Редакция 05.05.2018 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында айқындалған мерзімде және тәртіппен Бағдарламаны іске асыру мониторингі мен бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынсын.
3. Орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.
4. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы | Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) |
Әзірлеу үшін негіз | «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы ; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы ; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы ; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары . |
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі |
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар | Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері |
Бағдарламаның мақсаты | Еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту |
Міндеттері | Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту; аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру; денсаулық сақтау жүйесін басқарудың және қаржыландырудың тиімділігін арттыру; ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және саланың инфрақұрылымын жетілдіру |
Іске асыру мерзімі | 2016-2019 жылдар |
Нысаналы индикаторлар | 2020 жылға қарай өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 73 жасқа жетеді |
Қаржыландыру көздері мен көлемдері | 2016-2019 жылдары Бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қаражат бағытталатын болады. Бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жұмсалатын жалпы шығын 1 969 729 500 мың теңгені құрайтын болады. |
Жылдар бойынша | Барлығы | Республикалық бюджет | Жергілікті бюджет | Басқа да көздер (МӘСҚ, ҰҚ) |
2016 ж. | 128 034 799 | 92 389 291 | 34 945 508 | 700 000 |
2017 ж. | 408 080 865 | 69 309 875 | 19 035 944 | 319 735 046 |
2018 ж. | 709 797 105 | 46 769 024 | 2 244 785 | 660 783 296 |
2019 ж. | 723 816 732 | 46 701 636 | 2 259 174 | 674 855 922 |
Жиыны: | 1 969 729 500 | 255 169 825 | 58 485 411 | 1 656 074 264 |
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде әрі республикалық және жергілікті бюджеттердің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кіріс бөлігінің мүмкіндіктері тұрғысынан, сондай-ақ басқа да балама көздердің тартылуымен нақтыланатын болады.
2. Кіріспе
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған еліміздің одан әрі дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) елдері мен Қазақстанның дамуы арасындағы алшақтықтарды жою қажет.
Осыған орай мемлекет ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесін басқару және қаржыландыру жүйесінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз етуге тиіс.
Алдыңғы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті нығайтылды, нарықтық тетіктер элементтері енгізілді және қазіргі заманғы медициналық технологиялар трансферті жүзеге асырылды.
Осы Бағдарлама қол жеткізілген нәтижелерді бекіту мен дамытуға және денсаулық сақтау мәселесіндегі проблемаларды жаңа сын-тегеуріндерге сәйкес шешуге бағытталады, сондай-ақ саланың 2050 жылға дейінгі жоспарлы дамуы үшін негіз болады.
Бағдарламаны іске асыру Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі - ДДҰ) «Денсаулық-2020» саясатының түйінді қағидаттарына сәйкес халықты жаппай қамту, әлеуметтік әділеттілік, сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету және денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарын сақтай отырып, әлеуметтік бағдарланған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығы мен серпінді дамуына ықпал ететін болады.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің (бұдан әрі - ЖБИ) есебіне сәйкес 2015-2016 жылдары Қазақстан өткен жылғы рейтингтің нәтижелерімен салыстырғанда 8 орынға жоғары көтеріліп, 140 елдің арасынан 42-орынды иеленді. «Денсаулық және бастауыш білім беру» индикаторы бойынша Қазақстан 140 елдің ішінен 93-орын алды. Республикамыз 2014 жылы адами даму индексі бойынша 187 ел ішінен 70-орынды иеленіп, даму деңгейі жоғары елдердің тобына енді.
Медициналық-демографиялық ахуал және сырқаттанушылық
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасы) іске асырылған кезеңде:
1) республикадағы халық санының жыл сайын 1,4%-ға өсу қарқынымен 17 417,7 мың адамға (01.01.2015 жылға) дейін ұлғаюы;
2) күтілетін өмір сүру ұзақтығының 71,62 жасқа дейін өсуі (2010 жылы - 68,45 жас);
3) халықтың жалпы өлім-жітімінің 15,3%-ға төмендеуі (2010 жылы - 1000 тұрғынға шаққанда 8,94, 2014 жылы - 7,57);
4) бала туу көрсеткішінің 2,6%-ға ұлғаюы (2010 жылы - 1000 тұрғынға шаққанда 22,54, 2014 жылы - 23,13);
5) аналар өлім-жітімінің 1,9 есе төмендеуі (2010 жылы - туылған 100 000 балаға шаққанда 22,7, 2014 жылы - 11,7);
6) сәбилер өлім-жітімінің 1,7 есе төмендеуі (2010 жылы - тірі туылған 1000 балаға шаққанда 16,58, 2014 жылы - 9, 72);
7) халықтың туберкулезбен сырқаттанушылығының 30,3%-ға төмендеуі (2010 жылы - 100 000 тұрғынға шаққанда 95,3, 2014 жылы - 66,4) және одан болатын өлім-жітімнің 2 еседен астам төмендеуі (2010 жылы - 1000 тұрғынға шаққанда 10,6, 2014 жылы - 4,9);
8) адамның иммун тапшылығы вирусының (бұдан әрі - АИТВ)/ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының (бұдан әрі - ЖИТС) таралуын шоғырландыру сатысында ұстап тұру (2010 жылы - 0,118, 2014 жылы - 0,169) байқалды.
Біріккен Ұлттар ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) Ведомствоаралық агенттіктер тобының растауы бойынша ана, сәби және бала өлім-жітімі көрсеткіштерінің төмендеуі Қазақстанға Мыңжылдық дамудың 4 және 5-мақсаттарына (бала және ана өлім-жітімі) қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Халық денсаулығы көрсеткіштерінің оң серпініне қарамастан, қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы ЭЫДҰ-ға мүше елдердегіден шамамен 10 жылға аз. Ерлер мен әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы арасындағы едәуір айырмашылық (2014 жылы - 8,82 жас) сақталып отыр, еңбекке жарамды жастағы ерлердің өлім-жітімі әйелдерге қарағанда 24%-ға жоғары.
Жалпы өлім-жітім құрылымында қан айналымы жүйесінің сырқаттары басты себеп болып табылады (22,3%), неғұрлым жиілері - жүректің ишемиялық сырқаты, ми тамырларының зақымдануы, олардан жыл сайын 30 мыңға жуық адам қайтыс болады. Қан айналымы жүйесінің сырқаттарымен алғаш науқастанудың өсуі шамамен 15%-ды құрайды (2010 жылы - 100 мың тұрғынға шаққанда 2086,7, 2014 жылы - 2394,7).
Екінші себебі қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім болып табылады (12,1%), олардан жыл сайын 17 мыңға жуық адам қайтыс болса, олардың 16,9%-ын өкпе обыры құрайды. Қатерлі ісіктерге шалдығу көрсеткіші 9,7%-ға ұлғайған (2010 жылы - 100 мың тұрғынға шаққанда 181,2, 2014 жылы - 198,7).
Үшінші орында - жазатайым оқиғалардан, жарақаттар мен уланудан болатын өлім-жітім (11,3%), олардан жыл сайын 16 мыңға жуық адам қайтыс болады. Жол-көлік оқиғаларынан (бұдан әрі - ЖКО) болатын өлім-жітімнің алдын орап, жыл сайын 3000-нан астам адам өзін-өзі әдейі зақымдаудан қайтыс болады.
Созылмалы аурулар ауыртпалығы себептерінің арасында 87,5%-ы 4 қауіп факторы (жоғары артериялық қысым, холестериннің жоғары деңгейі, шылым шегу және алкогольді тұтыну) болып табылады.
ДДҰ деректері бойынша Қазақстанда алкоголь тұтынудың жылдық деңгейі (жылына халықтың жан басына шаққандағы таза спирт литрі эквивалентінде) 2007 жылғы 7,1-ден 2012 жылы 6,6-ға дейін болмашы ғана төмендеген.
Темекі тұтыну туралы халықтың жаһандық сауалнамасының нәтижелері бойынша Қазақстанда шылым шегудің таралуы (> 15 жаста шылым шегу %) 2007 жылғы 23,1-ден 2011 жылы 22,4%-ға дейін төмендеген (ЭЫДҰ елдерінде - 20,65%).
2007 жылдан бері есірткі заттарын тұтыну деңгейі 38,1%-ға төмендеді.
5-ұлттық зерттеудің нәтижелері бойынша (2012 жыл) ересектердің 31,2%-ында артық дене салмағы немесе семіздік бар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі - ҰЭМ) Статистика комитетінің болжамы бойынша елімізде халық саны 2030 жылға қарай 21 млн. адамнан асып, егде адамдардың үлесі 7,7%-дан 11-13%-ға дейін (ЭЫДҰ - 15,5%) ұлғаяды. Созылмалы аурулардың өсуінен демографиялық ахуалдың өзгеруі медициналық қызметтерге деген сұранысқа ықпал етеді.
Республикада инфекциялық аурулардың көпшілігі бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал байқалады. Вакцинамен басқарылатын 11 инфекцияға қарсы иммундалуға тиіс барлық балаларды 95% қамтуға қол жеткізілді. 2012 жылы ДДҰ Қазақстанды полиомиелит пен безгектен ада ел ретінде қайта сертификаттады.
Қабылданып жатқан амалдар Қазақстан Республикасында АИТВ инфекциясының эпидемиясын шоғырландыру сатысында ұстап тұруға мүмкіндік берді. ЖБИ-де «15-49 жас аралығындағы топта АИТВ таралуы» көрсеткіші бойынша Қазақстан 1-орын алатын көрсеткіші төмен елдердің тобына енді.
Туберкулезбен сырқаттану және одан болатын өлім-жітімнің едәуір төмендегеніне (сырқаттанушылықтың жыл сайын 9%-дан астам, өлім-жітімнің - 5 жылда 2 еседен астам төмендеуі) қарамастан, Қазақстан 2014 жылдың деректері бойынша Еуропа өңіріндегі туберкулездің таралу деңгейі жоғары 18 елі арасынан 7-орын, ілкі төзімді туберкулез деңгейі бойынша - 2-орын, ал ЖБИ-де туберкулездің таралуы бойынша 102-орын алады.
Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
Регистрация |