Toggle Dropdown
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Отправить по почте
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнайы оқу орындарында, азаматтық қызметшілердің лауазымдарын қоспағанда, педагогтар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 16 қаңтардағы № 34 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 19 ақпанда № 13144 болып тіркелді
Осы Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 30.03.2020 жылғы № 270 Бұйрығына сәйкес (22.01.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.04.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнайы оқу орындарында, азаматтық қызметшілердің лауазымдарын қоспағанда, педагогтар лауазымдарының біліктілік сипаттамалары бекітілсін.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 30.03.2020 жылғы № 270 Бұйрығына сәйкес (22.01.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.04.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ. Демеуовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 16 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында, азаматтық қызметшілердің лауазымдарын қоспағанда, педагог лауазымдарының біліктілік сипаттамалары
Осы Біліктілік сипаттамалары өзгертілді ҚР Ішкі істер министрінің 22.01.2020 жылғы № 44 Бұйрығымен (16.01.2016 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.02.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Біліктілік сипаттамалары жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 30.03.2020 жылғы № 270 Бұйрығына сәйкес (22.01.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.04.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында, азаматтық қызметшілердің лауазымдарын қоспағанда, педагог жұмыскерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – Біліктілік сипаттамалары) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Біліктілік сипаттамаларында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі – ІІМ жоғары оқу орындары мен оқу орталықтары) педагог лауазымдарын алмастыратын қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мен кәсіби білімдеріне қойылатын талаптар қамтылған.
3. Біліктілік сипаттамалары:
құрылымдық бөліністер туралы, олардың ІІМ жоғары оқу орындары мен оқу орталықтарындағы ролі мен орнын айқындайтын ережелер жасау;
қызметкерлердің міндеттерін, құқықтары мен жауапкершілігін бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарын әзірлеу;
кадрларды іріктеу, орналастыру және жылжыту;
аттестаттау кезінде негіз болып табылады.
4. Әрбір лауазымның біліктілік сипаттамасы «Лауазымдық міндеттері» және «Білуі қажет» деген екі бөлімнен тұрады.
«Лауазымдық міндеттері» деген бөлім қызметкерге жүктелген негізгі қызметтік функциялар мен міндеттерден тұрады.
«Білуі тиіс» деген бөлім қызметкердің арнайы біліміне, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді, ережелерді, нұсқаулықтар мен басқа да материалдарды білуіне қатысты қойылатын негізгі талаптардан тұрады.
5. Біліктілікке қойылатын талаптар (кәсіби даярлық денгейі және жұмыс өтіліне қойылатын талаптар) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 3-тармағына сәйкес белгіленеді.
5-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 28.04.2021 жылғы № 246 Бұйрығына сәйкес (30.03.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.05.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2-тарау. ІІМ жоғары оқу орындарының педагог лауазымдарының біліктілік сипаттамалары
1-параграф. Жоғары оқу орнының бастығы
6. Лауазымдық міндеттері: жоғары оқу орнында (бұдан әрі – ЖОО) жалпы басшылықты жүзеге асырады. ЖОО мақсаты мен даму стратегиясын анықтайды. ЖОО-ның оқу, ғылыми, қызметтік, қаржы қызметіне және тылдық қамтамасыз ету қызметіне басшылық етеді. ЖОО-ның барлық құрылымдық бөліністерінің жұмысын және тиімді өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастырады. ЖОО-ның барлық бағыттар бойынша қызметінің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Берілген өкілеттіктер шегінде бұйрықтар шығарады. ЖОО-ның оқу жоспарларын, ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарларын бекітеді.
ЖОО-ның ведомстволық білім беру және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастығын ұйымдастыруды, қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді. ЖОО-ның оқу-тәрбие және ғылыми қызметі мәселелері бойынша ЖОО-ның басқа білім беру ұйымдарымен, ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз етеді. ЖОО-ның Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) практикалық бөліністерімен және басқа да құқық қорғау органдарымен оқу және ғылыми қызмет мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мүліктің сақталуын, оның тиімді және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етеді. ЖОО-ны тиісінше материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, оның ішінде ЖОО-ның қызметіне инновацияларды енгізу бойынша шаралар қабылдайды. Бюджеттік қаражатты ұтымды және тиімді жұмсауды қамтамасыз етеді.
Берілген өкілеттіктер шегінде қызметкерлерді қабылдауды, ауыстыруды және қызметтен шығаруды, сондай-ақ білім алушыларды қабылдауды, ауыстыруды және оқуға қайта қабылдауды жүзеге асырады. Лауазымдарды білікті кадрлармен жасақтау, ЖОО қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру бойынша шаралар қабылдайды. ЖОО қызметкерлерінің салықтарды және бюджетке басқа да міндетті төлемдерді уақтылы, толық және объективті декларациялауын қамтамасыз етеді. Қызметкерлердің еңбекақысын уақтылы және толық төлеуді қамтамасыз етеді.
Қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайын, жұмыс уақыты мен демалыс режимін, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. ЖОО-да құпиялылық режимін және оның сақталуын қамтамасыз етеді. ЖОО қызметкерлерінің қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтауын қамтамасыз етеді. ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
Сотта, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және мекемелерде ЖОО-ның мүддесін білдіреді. Бұл ретте ЖОО-ның атынан сенімхатсыз әрекет етеді.
ІІМ-ге ЖОО-ның қызметі туралы есеп береді.
7. Мыналарды: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының кодекстерін, "Мемлекеттік құпиялар туралы", "Білім туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Азаматтық қорғау туралы", "Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы", "Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының заңдары) және жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми, шаруашылық, қаржы-экономикалық қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау саласындағы әдістемелік материалдарды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру (қосымша білім беру) саласындағы шетелдік білім беру мекемелерінің ғылыми жетістіктері мен озық тәжірибелерін, еңбек заңнамасын білуі тиіс.
2-параграф. ЖОО бастығының орынбасары (көмекшісі)
8. Лауазымдық міндеттері: ЖОО қызметінің жекеленген бағытына жалпы басшылықты жүзеге асырады. Жетекшілік ететін бағыт бойынша ЖОО-ның даму стратегиясын әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады.
Тиісті құрылымдық бөліністердің қызметін ағымдағы және перспективалық жоспарлауды қамтамасыз етеді. Берілген өкілеттіктер шегінде ЖОО-ның тиісті бағыты бойынша бағдарламаларды, жоспарларды және басқа да құжаттарды дайындауды және олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Жетекшілік ететін бағыт бойынша ЖОО мен оның құрылымдық бөліністері қызметінің сапасын, тиімділігін қамтамасыз етеді. Жетекшілік ететін бағыт бойынша ЖОО-ның қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
Берілген өкілеттіктер шегінде жетекшілік ететін қызмет бағыты бойынша ЖОО-ның және оның құрылымдық бөліністерінің халықаралық ынтымақтастығын ұйымдастыруды, қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді. Жетекшілік ететін қызмет бағыты бойынша басқа білім беру ұйымдарымен, ғылыми ұйымдармен, ІІО-ның практикалық бөліністерімен және басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасасуды қамтамасыз етеді.
ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерінде мемлекеттік мүліктің сақталуын, оның тиімді және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Берілген өкілеттіктер шегінде ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерін (жетекшілік ететін қызмет бағыты бойынша) тиісінше материалдық-техникалық қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды. Берілген өкілеттіктер шегінде сеніп тапсырылған бөліністердің қызметіне инновациялар енгізуге шаралар қабылдайды. ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерінде (жетекшілік ететін қызмет бағыты бойынша) бюджеттік қаражатты ұтымды және тиімді жұмсауды қамтамасыз етеді.
Берілген өкілеттіктер шегінде сеніп тапсырылған бөліністерде лауазымдарды білікті кадрлармен жасақтау, қызметкерлердің біліктілігін ұдайы арттыру бойынша шаралар қабылдайды. Өз өкілеттігінің шегінде ЖОО-ның кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастырады. ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерінде қызметкерлердің салықтарды және бюджетке басқа да міндетті төлемдерді уақтылы, толық және объективті декларациялауын қамтамасыз етеді.
ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерінде қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайын, жұмыс уақытының және демалыс режимін, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Сеніп тапсырылған бөліністерде құпиялылық режимін және оның сақталуын қамтамасыз етеді. Сеніп тапсырылған бөліністерде қызметкерлердің қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтауын қамтамасыз етеді. ЖОО-ның сеніп тапсырылған бөліністерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
Сотта, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және мекемелерде ЖОО-ның мүдделерін білдіреді. Бұл ретте сенімхаттың немесе ЖОО бастығының бұйрығы негізінде әрекет етеді.
ЖОО бастығына жетекшілік ететін бағыт бойынша есеп береді.
9. Мыналарды: Қазақстан Республикасының заңдарын және жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми, шаруашылық, қаржы-экономикалық қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау саласындағы әдістемелік материалдарды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру (қосымша білім беру) саласындағы шетелдік білім беру мекемелерінің ғылыми жетістіктері мен озық тәжірибелерін, еңбек заңнамасын білуі тиіс.
3-параграф. Институт (ЖОО-ның құрылымдық бөлімшесінің) бастығы
10. Лауазымдық міндеттері: ЖОО негізгі құрылымдық бөлінісі – институтқа жалпы басшылықты жүзеге асырады. ЖОО институтының даму стратегиясын әзірлеуді және оны іске асыруды қамтамасыз етеді. ЖОО институтының және оның құрылымдық бөліністерінің қызметін ұйымдастыруды, үйлестіруді және оны бақылауды жүзеге асырады. Өзара және ЖОО институты бастығының орынбасары арасында міндеттерді бөледі.