Toggle Dropdown
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 77 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 24 ақпанда № 13199 болып тіркелді
Редакция 03.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қағидағаларға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ. Демеуовке жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2016 жылғы 26 қаңтардағы
№ 77 бұйрығына
1-қосымша
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери,
арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Білім туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (бұдан әрі – «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң) заңдарына сәйкес әзірленді және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.
2-тарау. ІІМ әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі
1-параграф. ІІМ әскери оқу орындарына оқуға кандидаттарды
іріктеу тәртібі
2. Әскери оқу орындарына «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 38, 39-бабының талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
3. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы оқуға қабылдау жылына дейінгі жылдың 1 желтоқсанына дейін Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне (бұдан әрі – әскери бөлімдер) кандидаттарды ІІМ әскери оқу орындарына оқуға жолдау жоспарын жасайды.
4. Қазақстан Республикасы ІІМ бөліністері, әскери бөлімдері қабылдау жоспарының негізінде кәсіби бейімдеу жұмысын жүргізеді және оған:
1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 қарашадағы № 758 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидалары және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21580 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 717 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери-дәрігерлік сараптама өткізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеге (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімдемесінде 2020 жылғы 21 қазандағы № 21469 болып тіркелген) (бұдан әрі – ӘДС қағидалары) сәйкес алдын ала медициналық тексеру;
2) оқуға түсетін кандидаттарды іріктеу және тұрғылықты жері бойынша тексеру, сондай-ақ міндетті арнайы тексеру кіреді.
5. Кәсіби бейімдеу жұмысының қорытындылары бойынша оқуға түсетін кандидаттардың оқу істері қалыптастырылады.
Полиция департаментінің, әскери бөлімнің кадр қызметі кандидаттардың қалыптастырылған оқу істерін ІІМ әскери оқу орындарына оқуға түсетін жылдың 20 шілдесіне дейін жібереді.
Тікелей әскери оқу орнына өтініш жасаған кандидаттың оқуға түсуге арналған оқу ісін (оның ішінде электрондық форматта) әскери оқу орнының кадр қызметі оқуға түсетін жылдың 20 шілдесіне дейін қалыптастырады.
2-параграф. ІІМ әскери оқу орындарына қабылдау үшін құжаттарды
ұсыну тәртібі
6. Әскери қызметшілер қатарынан кандидаттар оқуға түсетін жылдың 1 маусымына дейін әскери атағын, тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), туған күнін, атқаратын лауазымын, білім деңгейін, әскери оқу орнының және мамандықтың атауын көрсете отырып, әскери бөлім командирінің (бастықтың) атына баянатпен өтініш жасайды.
Әскери бөлімнің командирі (бастық) кандидаттың баянаты негізінде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес кандидаттардың әскери оқу орындарына түсу үшін ұсынатын құжаттардың тізбесінде көрсетілген құжаттарды жинауын және кешенді тестілеуді тапсыруын қамтамасыз етеді.
6-1. Әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген және оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған («Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 39-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес) азаматтар қабылдау жылының 1 маусымына дейінгі мерзімде ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) аумақтық бөлінісі, ІІМ-нің әскери оқу орны басшысының немесе тұрғылықты жері бойынша әскери бөлім командирінің атына өтінішпен жүгінеді.
ІІО аумақтық бөлінісінің, ІІМ әскери оқу орнының басшысы немесе әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеру жүргізу, сондай-ақ ӘДС қағидаларына сәйкес кандидаттың алдын ала медициналық куәландырудан өтуі бойынша материалдар ұсыну жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
Міндетті арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды азаматтар қабылдау жылының 20 шілдесіне дейін осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды тапсыру және түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін ІІМ-нің әскери оқу орнына келеді.
ІІМ-нің әскери оқу орнына қабылдау жыл сайынғы қабылдау жоспарының 20%-нан аспайтын мөлшерде Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде жүргізілген конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
7. ІІМ әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген әскери қызметте немесе құқық қорғау органдарында қызметте тұрмайтын адамдар еркін нысанда ІІО аумақтық бөліністерінің, тұрғылықты жері бойынша әскери бөлімдердің немесе ІІМ әскери оқу орындарының кадр қызметтеріне өтініш береді.
ІІМ әскери оқу орнының ресми интернет-ресурсы арқылы электронды форматта өтініш беруге рұқсат етіледі.
Өтінішке осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ІІМ әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін кандидаттар ұсынатын құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттар (қағаз немесе электронды форматта) қоса беріледі.
7-1. Мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орнына түсуге ниет білдірген адамдарды қоспағанда, әскери қызметшілер мен әскери қызметте тұрмаған азаматтар қатарынан кандидаттар «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15173 болып тіркелген) бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес әскери қызмет өткеру орны (тұрғылықты жері) бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді (бұдан әрі - ҰБТ) өткізу пункттерінде немесе базалық жоғары оқу орындарында екі блок бойынша ҰБТ тапсырады:
1 блок – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы (оқу тілі); 2 блок – екі бейіндік пән, кандидат оларды осы Қағидаларға 1-1- қосымшаға сәйкес ІІМ әскери, арнаулы оқу орындары білім беру бағдарламаларының тізбесіне (бұдан әрі - Білім беру бағдарламаларының тізбесі) сәйкес мамандығына қарай өзі таңдайды.
3-параграф. ІІМ әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі
8. Әскери оқу орындарына оқуға кандидаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен бекітілген жинақтау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады және конкурстық негізде 4 кезеңде жүргізіледі:
1-кезең – ӘДС қағидаларына сәйкес оқуға кандидаттарды түпкілікті медициналық куәландыру;
2-кезең – кәсіби және психологиялық іріктеу;
3-кезең – кандидаттарды дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеу;
4-кезең – конкурстық іріктеу және әскери оқу орнына қабылдау.
9. Кандидаттарды конкурстық іріктеуден өткізу үшін жыл сайын 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен: қабылдау комиссиясының, кандидаттарды түпкілікті медициналық куәландыру комиссиясының, кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын тексеру және кәсіби-психологиялық іріктеу жөніндегі комиссияның, апелляциялық комиссияның, техникалық топтың құрамдары бекітіледі.
10. Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Комиссияны төраға басқарады.
Қабылдау комиссиясының құрамына: тәрбие және кадр құрылымдарының, заң және медицина қызметтерінің өкілдері, әскери психолог кіреді.
Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау комиссиясы мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.