Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 95 бұйрығы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 5 наурызда № 13404 болып тіркелді
= red>Редакция 13.11.2018 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1005 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2016 жылғы 8 ақпандағы
№ 95 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты
1. Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Стандарт халыққа психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге қойылатын жалпы талаптар мен қағидаттарды белгілейді.
Психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар пациенттерге медициналық-әлеуметтік көмекті ұйымдастыру және көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 285 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11226 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға ұсынылатын медициналық-әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес регламенттеледі.
3. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) динамикалық байқау тобы – пациенттерді диагностикалық және емдеу іс-шараларын таңдау кезінде дәрігердің тәсілін айқындайтын топтарға бөлу;
2) медициналық-әлеуметтік көмек – тізбесін уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын азаматтарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;
3) медициналық-әлеуметтік оңалту – жұмысқа араластыру, отбасылық және қоғамдық өмірге қатыстыру үшін медициналық, әлеуметтік және еңбек іс-шараларын кешенді пайдалану арқылы психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар науқастар мен мүгедектердің денсаулығын қалпына келтіру;
4) психикаға белсенді заттар (бұдан әрі – ПБЗ) – бір рет қабылдаған кезде адамның психикалық және дене функцияларына, мінез-құлқына әсер ететін, ал ұзақ тұтыну кезінде психикалық және тәни тәуелділік туындататын синтетикалық немесе табиғи заттар;
5) психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар науқастарды динамикалық байқау-психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар науқастар денсаулығының жай-күйін жүйелі байқау, сондай-ақ динамикалық байқаудың тиісті топтарында бұл байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық-әлеуметтік көмек көрсету;
6) суицид жасау қаупі – өліммен аяқталатын өмірін қасақана қиюға бағытталған әрекет жасау ықтималдылығы;
7) суицид жасаудың қауіп факторлары – өліммен аяқталатын өмірін қасақана қиюға бағытталған әрекет жасауға әсер ететін жағдайлар.
4. Медициналық ұйымдардың штаттары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 болып тіркелген) бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
5. Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мынадай нысандарда жүргізіледі:
1) амбулаториялық-емханалық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек;
4) жедел медициналық көмек.
2-тарау. Психикалық денсаулық саласында амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру
6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15473 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 450 бұйрық) бекітілген Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес шұғыл медициналық көмекті талап ететін психикалық және мінез-құлық бұзылуларын қоспағанда, психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар адамдарға күдіктенген немесе анықтаған кезде МСАК дәрігері:
1) науқасты сәйкестендіруді;
2) осы Стандартқа 1-қосымшада көрсетілген 10-шы қайта қаралған аурулардың халықаралық жіктемесі (бұдан әрі – АХЖ-10) бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмектің дәрігерлік персоналының құзыретіне кіретін шектес психикалық және мінез-құлық бұзылулары диагноздары белгіленген кезде ем тағайындауды;
3) осы Стандартқа 1-қосымшада көрсетілген АХЖ-10 бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмектің дәрігерлік персоналының құзыретіне кіретін шектес психикалық және мінез-құлық бұзылуларының диагноздары ағымдағы жылы алғаш белгіленген жағдайда:
«Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 907 бұйрық) бекітілген «Өмірінде бірінші рет психикалық ауру диагнозы қойылған науқас туралы хабарламаны» (бұдан әрі – № 089/е нысан) толтыруды;
Хабарламаны диагнозды белгілеген сәттен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық ақпараттық жүйеге деректерді енгізу үшін аумақтық тіркеу бойынша психикалық денсаулық кабинетінің немесе Бастапқы психикалық денсаулық орталығының (бұдан әрі – БПДО) дәрігеріне жіберуді;
4) осы Стандартқа 1-қосымшада көрсетілмеген, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің дәрігерлік персоналының құзыретіне кіретін АХЖ-10 бойынша адамда психикалық және мінез-құлық бұзылулары диагнозының болуына күдік пайда болған кезде оны диагнозды белгілеу және емдеу үшін аумақтық тіркелуі бойынша психикалық денсаулық кабинетіне немесе БПДО-ға жіберуді;
5) суицид жасау қаупі бар өз бетімен жүгінген адамды анықтаған кезде немесе психологтар жіберген кәмелетке толмағанды зерттеп-қарау кезінде осы Стандарттың 6-тарауына сәйкес іс-шараларды өткізуді;
6) № 907 бұйрықпен бекітілген бастапқы медициналық құжаттаманы толтыруды;
7) ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей психиатриялық және мінез-құлық бұзылулары бар науқастардың электрондық тіркеліміне (бұдан әрі – ПНЭТ) және наркологиялық науқастардың электрондық тіркеліміне (бұдан әрі – ННЭТ) жаңадан енгізілгендер бойынша психикалық денсаулық кабинеті немесе БПДО дәрігерімен салыстыру жүргізуді жүзеге асырады.
7. № 450 бұйрықпен регламенттелген шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін психикалық және мінез-құлық бұзылуларын қоспағанда, психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар адамдарға күдіктенген немесе анықтаған кезде психикалық денсаулық кабинетінің немесе БПДО-ның «психиатрия» (наркология) мамандығы бойынша дәрігері, «балалар психиатриясы» (наркологиясы) мамандығы бойынша дәрігері (бұдан әрі – балалар психиатры (наркологы) дәрігері):
1) пациентті сәйкестендіруді;
2) одан арғы тәсілді айқындау үшін пациенттің психикалық жай-күйін бағалауды;
3) диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес емдеуді тағайындауды (қажет болған жағдайда);
4) ПНЭТ-те және ННЭТ-те жүгінген адам туралы мәліметтердің болуын тексеруді жүзеге асырады. Психикалық және мінез-құлық бұзылулары диагнозы алғаш белгіленген жағдайда, оны статистикалық есепке алу тобына енгізе отырып, электрондық ақпараттық жүйеге ақпарат енгізеді, бұрын қойылған психикалық және мінез-құлық бұзылулары диагнозы кезінде және көрсетілген тіркелімдерде мәліметтер болмаған кезде ақпарат енгізеді, ал мәліметтер болса, оларды толықтырады;
5) БПДО-ның дәрігерлік-консультациялық комиссиясына (бұдан әрі – ДКК) жолдамалар рәсімдейді және психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар адамдарда осы Стандартқа 2-қосымшада көрсетілген психикалық және мінез-құлық бұзылулары болған кезде динамикалық байқау топтарына енгізу өлшемшарттары болған кезде деректерді журналға енгізуді;
6) психикалық және мінез-құлық бұзылулары бар адамдарды есепке алу қажеттілігі мәселесін шешу жөніндегі ДКК ұйымдастыру үшін амбулаториялық науқастың медициналық картасының көшірмесін БПДО-ның меңгерушісіне жіберуді;