Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.










Отправить по почте

Төрелік туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңы
Осы Заңға 01.01.2023 жылдан бастап өзгерістер енгізу көзделген ҚР 05.11.2022 жылғы № 157-VII ҚРЗ Заңына сәйкес
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қолданылу аясы
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, төрелік шешетін дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;
2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;
3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік;
4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;
5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;
6) төрелік талқылау – дауды қарау процесі;
7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;
8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;
9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе осы Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;
10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық қатынастар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары.
10-тармақша өзгертілді ҚР 21.01.2019 жылғы № 217-VІ Заңымен (27.02.2017 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 03.02.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.
4-бап. Төреліктің түрлері
1. Қазақстан Республикасында төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешетін төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар құруы мүмкін.
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік төреліктің регламентін, қызметін осы төрелікте жүзеге асыратын төрешілердің тізілімін бекітеді.
3. Нақты дауды қарайтын төрелікті тараптар дауды шешу үшін құрады және ол сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін жұмыс істейді.
4. Қазақстан Республикасында төреліктерді мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілер, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар, олардың еншілес және тәуелді ұйымдары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар құра алмайды.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР 19.06.2024 жылғы № 97-VIII Заңына сәйкес (05.11.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.07.2024 жылдан бастап)
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша берілген құқықтар (талаптар) бойынша коллекторлық агенттіктерге қолданылады.
5-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары
Төрелік талқылау:
1) туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі;
2) төрешілер мен төреліктер өздерінің шешімдерінде құқық тараптарының келісімі бойынша қолданылатын нормаларды басшылыққа алатынын білдіретін заңдылық;
2-тармақша өзгертілді ҚР 21.01.2019 жылғы № 217-VІ Заңымен (27.02.2017 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 03.02.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік;
4) тараптар төрелік талқылауда өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайтынын, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланатынын және тең міндеттерді көтеретінін білдіретін тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы;
5) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің және төрелік талқылау тараптарының белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екендігін білдіретін әділеттілік;
6) төрешілердің және төрелік талқылауға қатысушылардың төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімінсіз жария етуге құқылы еместігін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық;
7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестілігі қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпені жарамсыз деп тоқтатуға, өзгертуге немесе тануға әкеп соқпайды.
6-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.
7-бап. Төрелік қызметіне араласуға жол бермеушілік
Төрешілер мен төреліктер өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бір араласуын болдырмайтын жағдайда шешімдер қабылдайды.
8-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру
1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады.
2. Төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкін.
3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша, сондай-ақ коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.
4-тармақ өзгертілді ҚР 21.01.2019 жылғы № 217-VІ Заңымен (27.02.2017 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 03.02.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты әрекет ететін төрелікке беру кезінде тұрақты әрекет ететін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады.
7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
8. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен олардың қарыз алушы-жеке тұлғалары арасындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды.
8-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР 19.06.2024 жылғы № 97-VIII Заңына сәйкес (05.11.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.07.2024 жылдан бастап)

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |