• Мое избранное
Пошта туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Пошта туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 9 сәуірдегі № 498-V Заңы

Редакция 20.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді және қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, адресаттардың пайдалануы үшін пошта операторларының өндiрiстiк объектiлерінде орнатылатын арнаулы жәшiк;
1-тармақша өзгертілді ҚР 06.04.2024 жылғы № 71-VIII Заңымен (19.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 08.06.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда), жеке тұрғын үйлерде орнатылатын, ұяшықтары бар арнайы шкаф;
3) адресат (алушы) – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
3-1) арнайы пошта байланысы – Ұлттық пошта операторының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын және заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның ішінде қымбат бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар қамтылған пошта жөнелтілімдерін, арнайы және өзге де жөнелтілімдерді қабылдауды, өңдеуді, қорғауды, тасымалдауды және жеткізуді (табыс етуді) қамтамасыз ететін курьерлік пошта байланысының түрі;
1-бап 3-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 28.12.2017 жылғы № 128-VІ Заңына сәйкес (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 29.12.2017 жылы № 250 (28629) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
4) атаулы құрылғы – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы айқындаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
5) бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іскерлік қағаздар, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;
6) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабар) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хат;
7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабылдау, өңдеу, жеткізу және (немесе) табыс ету бойынша қызметі;
8) Дүниежүзілік пошта одағы – аумақтары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;
9) Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде оның Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;
10) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
11) жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде мерзімді баспасөз басылымына жазылуды, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау және мерзімді баспасөз басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметті ұсынуы;
12) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақысын төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;
13) жеделдетілген пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
14) жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына беретін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
15) жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
16) курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объектілерден тыс жерлерде жөнелтушіден қабылдайтын және осындай жөнелтілімді пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша адресатқа немесе жөнелтушіге табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;
17) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – курьер көрсететін, тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер;
18) операциялық күн – пошта операторы пошталық көрсетілетін қызметтер ұсынатын жұмыс уақыты;
19) өндiрiстiк объект – пошта операторының пошта саласындағы қызметті жүзеге асыруына арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай;
20) пошта – пошта операторларының Қазақстан Республикасының аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын және өзге де қызметті жүзеге асыруын қамтамасыз ететiн байланыс түрі;
21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері – байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің құрамына кіретін, кез келген елді мекенде көрсетілген мерзімде белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға көрсетілетін қызметтер;
22) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – пошта операторының тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелтілімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді өткізу бойынша қызметі;
23) пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар, жабдық және технологиялар;
24) пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;
25) пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;
26) пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер;
27) пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;
28) пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;
29) пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi;
30) пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;
31) пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;
32) пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi өндірістік объектілерге дейiн апару (тасымалдау);
33) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
34) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабар жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
35) пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну;
36) пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар;
37) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
38) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
39) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
40) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;
41) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгiлер;
42) пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
43) пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының уәкiлеттi орган бекiткен пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтыра отырып орындауы бойынша пошта байланысының көрсетілетін қызметі;