Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің валюталық операцияларына мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 263 қаулысы.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 11 мамырда № 13691 болып тіркелді
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы, «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің валюталық операцияларына мониторингті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының мына нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюта операцияларының мониторингін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 14 қазандағы № 122 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3940 тіркелген, 2006 жылғы 19 мамырда «Заң газеті» газетінде № 89-90(896) жарияланған);
2) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюта операцияларының мониторингін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2005 жылғы 14 қазандағы № 122 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 30 қарашадағы № 109 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6040 тіркелген, 2010 жылғы 26 ақпанда «Заң газеті» газетінде № 30 (1652) жарияланған).
3. Төлем балансы, валюталық реттеу және статистика департаменті (Үмбетәлиев М.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрлігі
_________________Ә. Исекешев
2016 жылғы 1 наурыз
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
_____________Б. Сұлтанов
2016 жылғы 26 қаңтар
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
_______________ Е. Досаев
2016 жылғы 11 сәуір
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
________________ В. Школьник
2016 жылғы 15 наурыз
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 263 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің валюталық операцияларына мониторингті жүзеге асыру қағидалары
1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің валюталық операцияларына мониторингті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы, «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезиденттері (бұдан әрі – резидент еместер) заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің валюталық операцияларына мониторингті (бұдан әрі – валюталық мониторинг) жүзеге асыру және валюталық мониторинг объектілерінің валюталық операциялары бойынша ақпараттық базаны қалыптастыру тәртібін белгілейді.
2. Қағидалардың мақсаты үшін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген негізгі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бас компания – Қазақстан Республикасының аумағында филиалы (өкілдігі) бар резидент емес заңды тұлға;
2) валюталық мониторинг респонденті – Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген есепті тұрақты түрде ұсынатын валюталық мониторинг объектісі;
3) жеткізуші – мердігер, қосалқы мердігер, Қағидалардың 3-тармағында көрсетілмеген қызметтерді (жұмыстарды) орындауға шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға, оның филиалы (өкілдігі), сондай-ақ бас компания жасасқан шарт бойынша Қағидалардың 3-тармағында көрсетілмеген қызметтерді (жұмыстарды) орындайтын бас компания филиалы (өкілдігі);
4) жоба – бас компания мен тапсырыс беруші, тапсырыс беруші мен мердігер, тапсырыс беруші мен жеткізуші, мердігер мен жеткізуші, қосалқы мердігер мен жеткізуші арасында жасалған шартқа сәйкес орындауға жататын көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) көлемі;
5) қосалқы мердігер – мердігер міндеттемелерінің қандай да бір бөлігін орындау туралы мердігермен шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға, оның филиалы (өкілдігі), сондай-ақ мердігердің бас компаниямен жасасқан шарты бойынша мердігер міндеттемелерінің қандай да бір бөлігін орындайтын заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі);
6) мердігер – Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қызметтерді (жұмыстарды) орындау үшін тапсырыс берушімен шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға, оның филиалы (өкілдігі), сондай-ақ бас компания мен тапсырыс беруші арасында жасалған шарт бойынша Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қызметтерді (жұмыстарды) орындайтын бас компания филиалы (өкілдігі), оператор;
7) оператор – Қазақстан Республикасының атынан келісімшарттар жасаумен және орындаумен байланысты құқықтарды жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік органмен жасалған өнімді бөлу туралы келісім бойынша жұмыстарды орындау үшін мердігер тартқан немесе құрған заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі);
8) тапсырыс беруші – тауарларды, көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) сатып алуға шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға, оның филиалы (өкілдігі), сондай-ақ бас компания жасасқан шарт бойынша тауарларды, көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) сатып алатын бас компания филиалы (өкілдігі), қосалқы мердігермен жасалған шарт бойынша мердігер, Қазақстан Республикасының атынан келісімшарттар жасаумен және орындаумен байланысты құқықтарды жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік орган;
9) тіркейтін елдің сәйкестендіру нөмірі – тіркейтін елдің заңнамасына сәйкес заңды және (немесе) жеке тұлға үшін қалыптастырылатын бірегей сәйкестендіру нөмірі (бизнес сәйкестендіру нөмірінен (бұдан әрі – БСН) және жеке сәйкестендіру нөмірінен (бұдан әрі – ЖСН) басқа);
10) шарт – келісім, келісімшарт, оларға өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ солардың негізінде және (немесе) орындау үшін операциялар жүзеге асырылатын өзге құжаттар.
Қағидаларда пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларының ұғымдары Қазақстан Республикасы заңнамасының осы салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
3. Валюталық мониторинг респонденттерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген тәртіппен қалыптастырады.
Валюталық мониторинг респонденттерінің тізбесіне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін және мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары (өкілдіктері) кіреді:
өңделмеген мұнай, табиғи және ілеспе газ өндіру;
пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты көрсетілетін қызметтер;
архитектуралық, инженерлік және басқа да техникалық қызметтер;
ғылыми-зерттеу жұмыстары және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер.
4. Валюталық мониторинг бойынша ақпараттық база Қағидалардың 2-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде валюталық мониторинг объектілері ұсынатын есептіліктің мынадай түрлері:
Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бас компанияның филиалы (өкілдігі) туралы есеп (бұдан әрі – 1-қосымша бойынша есеп);
Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасында бас компания филиалының (өкілдігінің) қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар туралы есеп (бұдан әрі – 2-қосымша бойынша есеп);
Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаларды іске асыру туралы есеп (бұдан әрі – 3-қосымша бойынша есеп);
Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша банктердегі шоттардағы ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп (бұдан әрі – 4-қосымша бойынша есеп);
Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша шығындарды өтеу және пайданы бөлу туралы есеп (бұдан әрі – 5-қосымша бойынша есеп) негізінде қалыптастырылады.
2. Валюталық мониторингті жүзеге асыру
5. Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істеген резидент емес заңды тұлғалардың барлық филиалдары (өкілдіктері) Ұлттық Банктің сұратуы бойынша Ұлттық Банктен сұрату алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей 1-қосымша бойынша есепті ұсынады.
Ұлттық Банк ұсынылған ақпарат негізінде валюталық мониторинг респонденттерінің тізбесін қалыптастырады.