Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы
Редакция 01.07.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастар
Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткiзу кезінде, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Құрылтай мен мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн кепiлдiктердi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасындағы сайлау Қазақстан Республикасы азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi.
3-бап. Сайлау құқығы принциптерi
1. Қазақстан Республикасының Президентін, Құрылтайы мен мәслихаттарының депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі осы Конституциялық заңның мәтіні бойынша – әкімдерді), өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
2. Тармақ алып тасталды (ескертуді қараңыз)
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
4. Сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде шетелдің араласуына жол берілмейді.
4-бап. Жалпыға бiрдей сайлау құқығы
1. Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы - Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.
2. Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының Президент, Құрылтай, мәслихат депутаты, әкім немесе өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшесі болып сайлану құқығы.
3. Сайлауға сот әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
1) сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған;
2) сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, мәслихаттардың депутаттығына, әкім болуға кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органына мүше болуға кандидат бола алмайды.
1. Сайлаушылар Президентті, Құрылтай мен мәслихаттардың депутаттарын сайлауға, сондай-ақ әкімдерді сайлауға тең негіздерде қатысады әрі олардың әрқайсысының бір сайлау бюллетеніне тиісінше бір дауысы болады.
2. Сайлаушылар Қазақстан Республикасының өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының тең дауыс саны болады.
3. Кандидаттардың сайлауға тең құқықтармен және шарттармен қатысуына кепiлдiк берiледi.
6-бап. Төте сайлау құқығы
Қазақстан Республикасының Президентін, Құрылтайы мен мәслихаттарының депутаттарын, әкімдерді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін азаматтар тiкелей сайлайды.
7-бап. Бап алып тасталды (ескертуді қараңыз)
8-бап. Жасырын дауыс беру
Қазақстан Республикасының Президентін, Құрылтайы мен мәслихаттарының депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi.
1. Президентті сайлау кезінде мынадай:
дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының елу пайызынан астамын жинаған;
қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.
2. Құрылтай депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады.
3. Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша – депутаттардың жартысы, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша екінші жартысы сайланады.
Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде, егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі басқа кандидаттарға қарағанда оның кандидатурасын жақтап дауыс берсе, кандидат сайланды деп есептеледі.
Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттары мандаттарының саны тақ болған жағдайда, жартысынан асатын мандат бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланады.
4. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының көпшілігін жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.
5. Әкімді сайлау кезінде басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының көпшілігін жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.
6. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі дауыс берген кандидаттар сайланды деп есептеледі.
2-тарау. Сайлау органдары
10-бап. Сайлау органдары, олардың жүйесi мен өкiлеттiктерiнiң мерзiмi
1. Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады.
2. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн мыналар құрайды:
1) Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы;
2) аумақтық сайлау комиссиялары;
2-1) округтік сайлау комиссиялары;
3) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4) учаскелiк сайлау комиссиялары.
3. Аумақтық сайлау комиссияларын Орталық сайлау комиссиясы, ал мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиялары мен учаскелік сайлау комиссияларын тиісті аумақтық сайлау комиссиялары құрады.