Toggle Dropdown
. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
Отправить по почте

Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiң және оның меншiгiнiң иммунитетi, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметiн жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгiзу туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 5 ақпандағы 249-IV Заңы
1-бап
. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1. 1999 жылғы 1 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне (Ерекше бөлiм) (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 16-17, 642-құжат; № 23, 929-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 7-құжат; № 4, 25-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 103-құжат; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 3-4, 16-құжат; № 5, 25-құжат; № 6, 42-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 4, 24, 25-құжаттар; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 13, 85-құжат; 2007 ж., № 3, 21-құжат; № 4, 28-құжат; № 5-6, 37-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 9-10, 48-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат):
1102-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1102-бап. Мемлекеттiң шетелдiк элементi бар азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы
1. Мемлекет қатысатын шетелдiк элементi бар азаматтық-құқықтық қатынастарға, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, осы бөлiмнiң ережелерi жалпы негiздерде қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы шетелдiк элементi бар азаматтық-құқықтық қатынастарда, егер:
Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
сотта мәлімдеме жасау немесе нақты iс қарау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы өзгеше белгiленбесе, соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi қоса алғанда, басқа мемлекет соттарының юрисдикциясынан өзiне және өзiнiң меншiгiне қатысты юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.».
2. 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; 2009 жылғы 22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерiнде жарияланған «Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық iс жүргiзу және Азаматтық iс жүргізу кодекстерiне сот жүйесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2009 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2009 жылғы 22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және 2009 жылғы 23 желтоқсанда «Казахстанская правда» газеттерiнде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бiлiктi заң көмегiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы ):
1) 33-бап мынадай мазмұндағы төртiншi бөлiкпен толықтырылсын:
«4. Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн шет мемлекеттiң бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, талап қоюшының тұрған жерi бойынша берiледi.»;
2) 159-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
«Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағындағы корреспонденттiк шотындағы ақшаға тыйым салуға Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн шет мемлекеттiң бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жол берiледi.»;
3) 249-баптың 5) тармақшасы «аралық соттың» деген сөздерден кейiн «немесе халықаралық коммерциялық төреліктiң» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 422-бап алып тасталсын;
4) мынадай мазмұндағы 46-тараумен толықтырылсын:
«46-тарау. Шет мемлекеттiң және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетi
427-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi
Шет мемлекет Қазақстан Республикасында, осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.
428-бап. Соттық иммунитет
Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 434-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ, егер ол мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырғандағыдан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 435-441-баптарында көрсетiлген жағдайларда соттық иммунитеттi пайдаланбайды.
429-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келiсуi
1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты iс қарау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келiсуi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
430-бап. Шет мемлекеттiң сотта iс қарауға қатысуы
1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзiнiң бастамасымен қозғалған iстi қарау тарабы болып табылса, немесе Қазақстан Республикасының сотында iстiң мәнiн қарауға қатысса, немесе iстiң мәнi бойынша қандай да бiр өзге iс-әрекеттi қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай iс-әрекет қолданғанға дейiн иммунитет туралы мәлiмдеуге негiз болатын фактiлер өзiне белгiлi болуы мүмкін болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактiлер өзiне белгiлi болғаннан кейiн дереу солардың негiзiнде иммунитетке сүйене алады.
2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында iстi қарауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе iс қараудың нысанасы болып табылатын мүлiкке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтiру мақсатында қандай да бiр iс-әрекет қолданса, соттық иммунитеттен бас тартқаны ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекет өкiлiнiң Қазақстан Республикасының сотына куәлiк айғақтар беру үшiн келуi осы мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында iстi қарауға қатыспаса, бұл мән-жай өзiнен-өзi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiскенi ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.
431-бап. Қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тарту
1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюындағы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талапқа қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қойған шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
432-бап. Төрелiк iс қарауға қатысты иммунитеттен бас тарту
Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзiнiң қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келiсiм бiлдiрсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысты функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерiктi түрде келiскенi деп танылады.
433-бап. Иммунитеттен бас тартуға келiсiмдi керi қайтарып алу
1. Шет мемлекеттiң соттық имунитеттен, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келiсуi, осындай келiсудi керi қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келiсiмде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, керi қайтарылып алынбайды.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi сотта iс қараудың барлық сатыларында қолданылады.
434-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетiнiң бұзылуына байланысты даулар бойынша иммунитеттi қолданбау
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы мен оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуына байланысты даулар бойынша осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi пайдаланбайды.
435-бап. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша иммунитеттi қолданбау
1. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы кезiнде туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырған кездегiден өзге түрде онымен байланысты болатын кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәмiле оның егемендi билiгiн жүзеге асыруымен байланысты қызмет болып табыла ма деген мәселенi шешу кезiнде Қазақстан Республикасының соты осындай мәмiленiң сипаты мен мақсатын назарға алады.