Toggle Dropdown
Төлемдер және төлем жүйелері туралы
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ Заңы
Редакция 09.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасында төлем жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу және оларды қадағалау (оверсайт), төлем қызметтері нарығын реттеу және оларды бақылау, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы шот – банктік шот шарты негізінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ашатын банктік шот;
2) ақпараттық көрсетілетін банктік қызметтер – клиенттің банктік шотына қызмет ұсынатын көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің бұйрық бойынша және клиенттің келісімімен оның банктік шоты бойынша ақша қалдықтары және (немесе) қозғалысы туралы, осы шот бойынша жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты және клиенттің сұратуы бойынша не клиент пен көрсетілетін төлем қызметтерін беруші арасында жасалған шарт бойынша өзге де ақпаратты клиентке немесе үшінші тұлғаға ұсынуы жөнінде көрсетілетін қызметтері;
3) ақша аударымдары жүйесі – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін келісім жасасқан төлем жүйесі операторының бағдарламалық қамтамасыз етуі пайдаланыла отырып, ақша аударымдары жүзеге асырылатын төлем жүйесі;
4) ақша аударымы – көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің төлемді жүзеге асыруға немесе өзге де мақсаттарға байланысты клиенттің ақша беру туралы нұсқауын дәйектілікпен орындауы;
5) ақша жөнелтуші – төлем және (немесе) ақша аударымы өз есебінен жүзеге асырылатын тұлға;
6) ақша жөнелтушінің банкі – ақша жөнелтушіге қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
7) ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі – ақша жөнелтушінің осы тапсырмада көрсетілген шарттар мен деректемелерге сәйкес өз атынан бір немесе бірнеше бенефициардың пайдасына тұрақты төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру туралы ақша жөнелтушінің банкіне тапсырмасы;
7-1) «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы банк – «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында депозиттер қабылдау және (немесе) банктік шоттар ашу және жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынуға «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің лицензиясы бар «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы;
7-2) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы – алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы клиенттің ақшасын жымқыруға бағытталған үшінші бір тұлғалардың әрекеттері нәтижесінде жүзеге асырылған төлем және (немесе) ақша аударымы (осындай төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға әрекеттенуді, орындалу процесіндегі төлемді және (немесе) ақша аударымын қоса алғанда);
7-3) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығы (бұдан әрі – антифрод-орталық) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған шараларды жүзеге асыратын заңды тұлғасы;
8) аутсорсинг – көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің көрсетілетін қызметтерді өтеулі ұсыну туралы шарттың (аутсорсинг туралы шарт) негізінде үшінші тұлғаларға беруі;
9) банкаралық ақша аударымдары жүйесі – қатысушылары арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардағы ақшаны пайдалана отырып, қатысушысының әрбір нұсқауын операциялық күн ішінде ақша аударымдарын аяқтай отырып жеке орындау арқылы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
10) банкаралық клиринг жүйесі – жүйеге қатысушы банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қатысушылар нұсқауларының көпжақты клирингі арқылы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
11) банктік шот – клиенттің банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасының қозғалысын, сондай-ақ клиентке банк қызметін көрсету бойынша клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасындағы шарттық қатынастарды көрсету және есепке алу тәсілі;
12) банктік шотты тікелей дебеттеу – банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақша жөнелтушіден ақшаны алып қоюы және ақша жөнелтушінің осындай алып қою туралы алдын ала рұқсатының негізінде оларды бенефициардың пайдасына беруі;
13) бастамашы – орындау үшін нұсқау берген тұлға;
14) бенефициар – төлем және (немесе) ақша аударымы өз пайдасына жүзеге асырылатын тұлға;
15) бенефициардың банкі – бенефициарға қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
16) валюталау күні – төлемнің және (немесе) ақша аударымының бастамашысы бенефициардың банктік шотына ақша есепке жатқызылуға тиіс болғанда төлем құжатында көрсеткен күн;
17) есептік тіркеу – төлем ұйымын төлем ұйымдарының тізіліміне енгізу;
18) жинақ шоты – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік салым шартының негізінде ашатын банктік шот;
19) жиынтық төлем тапсырмасы – бір ақша жөнелтушіден бір банкте қызмет көрсетілетін бірнеше бенефициардың пайдасына не бір банкте қызмет көрсетілетін бірнеше ақша жөнелтушіден бір бенефициардың пайдасына төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын төлем тапсырмасы;
20) жөнелтуші – нұсқау беретін ақша жөнелтуші немесе бенефициар;
21) жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің жұмыс істеуін бағалау – осы төлем жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін айқындау мақсатында төлем жүйесінің операторы, төлем жүйесінің операциялық орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе халықаралық қаржы ұйымдары жүзеге асыратын шаралар кешені;
22) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингі – төлем жүйелеріне қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру шеңберінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде туындайтын тәуекелдерді басқару, барынша азайту және болжау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратын, жүйелік маңызы бар төлем жүйелерін бақылап отыру және байқау процесі;
23) жүйелік маңызы бар төлем жүйесі – үздіксіз жұмысы Қазақстан Республикасы қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін және жұмысының тоқтауы (іркілуі) Қазақстан Республикасының қаржы нарығында тәуекелдердің туындауына әкеп соғуы мүмкін төлем жүйесі;
24) инкассолық өкім – ақша жөнелтушінің банктік шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою үшін пайдаланылатын төлем құжаты;
25) клиент – көрсетілетін төлем қызметін алатын жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
26) клиринг – өзара ақша талаптары мен міндеттемелерін жинау, салыстырып тексеру және есепке жатқызу процесі, сондай-ақ осы процеске қатысушылардың таза позицияларын айқындау;
27) корреспонденттік шот – банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және оның клиенттерінің операцияларды орындау үшін корреспондентік шот шарты негізінде ашылатын, банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік шоты;
28) көрсетілетін төлем қызметтерін беруші – көрсетілетін төлем қызметтері нарығының көрсетілетін төлем қызметін ұсынатын субъектісі;
29) көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші – клиенттің банктік шотына қызмет көрсетпейтін және клиентке өзінің қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді ұсынатын көрсетілетін төлем қызметтерін беруші;
30) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды беруші – осы Заңда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші;
31) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығы – көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынумен және пайдаланумен, сондай-ақ төлем құралдарын шығарумен және пайдаланумен байланысты қатынастардың жиынтығы;
32) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын мемлекеттік бақылау және қадағалау (көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын бақылау және қадағалау) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын сақтау бойынша көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің қызметін бақылауды өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асыруға бағытталған қызметі;
33) көрсетілетін төлем қызметі – көрсетілетін төлем қызметін беруші клиентке осы Заңның 12-бабына сәйкес көрсететін қызмет;
34) қашықтан қол жеткізу жүйесі – электрондық көрсетілетін банк қызметтерін алу үшін клиент пен көрсетілетін төлем қызметтерін беруші арасындағы байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялар, цифрлық және ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету құралдарының және жабдықтардың жиынтығы;
35) қосалқы төлем агенті – көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөнінде төлем агентімен агенттік шартты жасасқан заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;
35-1) лездік төлемдер жүйесі – төлем және (немесе) ақша аударымы бенефициарының пайдасына ақшаны лездік есепке жатқызуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі ақшаны пайдаланып, қатысушылары арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын тәулік бойы жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі;
35-2) мобильдік төлемдер – дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, жеке практикамен айналысатын адамның, заңды тұлғаның пайдасына тауарды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны, қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге электрондық нысанда бастамашылық жасалған, мобильдік қосымша немесе штрих кодты пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған өзге де жабдық (құрылғы) арқылы алынатын қолма-қол ақшасыз төлемдер;
36) нұсқау – төлем және (немесе) ақша аударымы бастамашысының көрсетілетін төлем қызметтерін берушіге төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру туралы өкімі, ол тапсырма, талап нысанында немесе электрондық төлем құралы немесе қашықтан қол жеткізу жүйесі пайдаланылған кезде клиенттің келісімі түрінде болады;
37) операциялық күн – төлем жүйесінің операторы не көрсетілетін төлем қызметтерін беруші нұсқауларды орындауды тоқтата тұру не мұндай нұсқауларды кері қайтару туралы нұсқауларды, өкімдерді қабылдауды және өңдеуді жүзеге асыратын уақыт кезеңі;
38) өзге төлем жүйесі – жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі болып табылмайтын төлем жүйесі;
39) сәйкестендіру құралы – нұсқауды жөнелтушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы немесе әріптер, цифрлар немесе символдар комбинациясынан тұратын бірегей сәйкестендіруші немесе көрсетілетін төлем қызметін беруші клиентті сәйкестендіру үшін белгілеген және онымен келісілген өзге де сәйкестендіруші (дербес пароль, бірреттік (біржолғы) сәйкестендіру коды, биометрикалық сәйкестендіру құралы);