Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының Су Кодексі
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі № 481-II Кодексі
Редакция 30.03.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ағын су - ойпаңды жер бетінде ылдиға құлай аққан судың қозғалысымен сипатталатын су объектісі;
2) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі;
2-1) ауызсу – сапасы бойынша белгіленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сай келетін, халықтың ауызсу және шаруашылық-ауызсу мұқтаждарына арналған табиғи күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі су;
3) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері - су тұтынушылар үшін ауыз сумен жабдықтаудың олардың ауыстырылуы мүмкін емес және мақсатқа сай келмейтін бірден-бір көздері;
3-1) ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау (бұдан әрі – ауызсумен жабдықтау) – ауызсуды алуды, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды және су тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін технологиялық процесс;
3-2) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін иеленушілер арасында меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу орны, бұл схемаларда көрсетіледі;
3-3) балық өсіру объектілері – техникалық персоналдың болуына және уылдырықты инкубациялау жабдықтарына және балық жіберу үшін балық шабақтарын өсіру жабдықтарына, балық өсіру шаруашылығын күзетуге, балық азықтарын, кәсіпшілік және кәсіпшілік емес құрал-сайман түрлерін, сондай-ақ тор қоршамаларды сақтауға арналған күрделі емес құрылысжайлар (мобильді кешен, бір шатыр астындағы немесе жеке тұрған контейнер тәріздес құрылыстар);
4) басқарудың бассейндік принципі - өзендердің, көлдердің және басқа да су объектілерінің бассейндері шегінде су ресурстарын әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында бөлу кезінде іске асырылатын су қорын гидрографиялық белгілер бойынша басқару;
4-1) бөгет – судың деңгейін көтеру және (немесе) су қоймасын жасау үшін ағын судағы тежеуіш гидротехникалық құрылыс;
4-2) бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына ұйымдарды аттестаттау – заңды тұлғаның бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындауға құқықтылығын уәкілетті орган ведомствосының ресми тануы;
4-3) бөгеттің қауіпсіздігі – бөгеттің апаттық бұзылудан қорғалу жай-күйі;
5) гидромелиорациялық жүйе - жерді суаруға, суландыруға және құрғатуға арналған технологиялық жағынан өзара байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешені;
6) гидромелиорациялық кондоминиумге қатысушылар - ортақ үлестік меншік құқығындағы гидромелиорациялық кондоминиумнің құрамына кіретін бір гидромелиорациялық жүйемен немесе оның элементтерімен суарылатын жеке меншік немесе уақытша өтеулі пайдалану құқығында жер учаскесі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
6-1) гидромелиорациялық іс-шаралар – гидромелиорациялық жүйелер, сондай-ақ жеке орналасқан гидротехникалық құрылыстар көмегімен топырақтың су режимін реттеу;
7) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
7-1) елді мекендердің ауызсумен жабдықтау жүйесі – су тұтынушыларды ауызсумен қамтамасыз етуге арналған су тарту құрылыстарын, су құбырын тазартқыш құрылыстарды, таза су резервуарларын, су құбырының сорғы стансалары мен желілерін біріктіретін, өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;
8) жағалау белдеуі - экологиялық талаптарды сақтай отырып, навигациялық белгілер мен жабдықтарды орнатуға арналған су объектілері жағалауының бойындағы жағалау жиегінен ені жиырма метр құрлық белдеуі;
9) жағалау жиегі - су объектісі жағалауының судың барынша көтерілуі (лық толуы) нәтижесінде пайда болатын жиегі;
9-1) жерасты сулары – жер қойнауындағы су шоғырланымдары;
10) жер асты суларының бассейні - жер қойнауында орналасқан су тұтқыш жиектер жиынтығы;
11) жер асты суларының көздері мен учаскелері - шегінде жер асты суларын шығару мен алу үшін қолайлы жағдайлары бар су тұтқыш жиектердің бөліктері;
12) жер асты шаруашылық-ауыз сулары - өзінің табиғи жай-күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және шаруашылық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары;
13) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;
13-1) зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануы – су бұру жүйесіне ағызылатын, су тұтынушының сарқынды суларында болатын зиянды заттардың жол берілетін шамасы;
13-2) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13-3) көпфакторлы зерттеп-қарау – судың зиянды әсерінің алдын алу мақсатында гидротехникалық құрылысжайлар мен негізгі жабдықтың техникалық жай-күйін бағалау, көзбен қарап-тексеру әдісімен және инженерлік (геодезиялық, геофизикалық, геотехникалық, гидрографиялық және басқа да) зерттеулер кешенін жүргізу арқылы олардың элементтерінің қалған ресурсын айқындау;
14) қайтарымды сулар - суармалы аумақтардан ағатын жер асты және жер үсті сулары немесе өнеркәсіп орындары, тұрмыстық сумен жабдықтау құрылғылары және коммуналдық кәсіпорындар ағызатын сулар;
15) құбырлы сүзгіш құдық – су тұтқыш қабаттың үстіңгі бетінің біріншісіне бекітілетін бірқатар тесіктері бар құбыр кесіндісі;
16) мелиорацияланған жерлер - мелиорациялық (агроорман-мелиорациялық, агротехникалық, гидромелиорациялық, химиялық) іс-шаралар жүргізілген жерлер;
17) минералды жерасты сулары - өзінің құрамы және (немесе) кейбір ерекше компоненттерінің мөлшері бойынша оң бальнеологиялық әсер ететін жерасты сулары;
18) өзендерге теңестірілген каналдар - суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;
18-1) өнеркәсіптік жерасты сулары – құрамындағы пайдалы қазбаларды (сирек кездесетін элементтер, галогендер және басқалар) айырып алу үшін пайдаланылатын жерасты сулары;
19) өндірістік-техникалық жерасты сулары - өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары;
19-1) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу орны. Мұндай келісім болмаған кезде, пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді
20) санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ;
21) сарқынды сулар - адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
21-1) сарқынды суларды тазартқыш құрылыстар кешендері – сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілерін қоса алғанда, химиялық реагенттерді қолданып немесе қолданбай, елді мекендердің сарқынды суларын механикалық және биологиялық тазарту құрылыстары;
21-2) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілері – жинағыш тоғандар, буландырғыш тоғандар, биологиялық тоғандар, сүзгі алқаптары, суару алқаптары;
21-3) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу және бағалау – суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін бағалауға және оларды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеуге бағытталған іздестіру жұмыстарының кешені;
22) суару каналы - суару көздерінен суаруды қажет ететін учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;
23) су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;
23-1) су бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстары – су тұтынушының өзінің сарқынды суларын тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;
24) су бұру жүйесі - сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені;
25) су бөлу орны - су пайдаланушы су көзінен су алатын орын, сондай-ақ, су пайдаланушы су тұтынушыға су ресурстарын беретін орындағы гидробекет;