Toggle Dropdown
«Сарыарқа» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандумды бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 наурыздағы N 192 Қаулысы
Редакция 30.12.2018 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
"Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар құру және олардың қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 13 қаңтардағы N 274 Жарлығының 1-тармағының 3) тармақшасын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. Қоса берiлiп отырған «Сарыарқа» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2007 жылғы 14 наурыздағы
N 192 қаулысымен
бекiтiлген
«Сарыарқа» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум
«Сарыарқа» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» акционерлiк қоғамын (бұдан әрi – «Сарыарқа» ӘКК» АҚ) құрудың мақсаты мемлекеттiк және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлiк әдiс негiзiнде бiрыңғай экономикалық нарықты құру, инвестициялар мен инновациялар тарту үшiн қолайлы экономикалық орта қалыптастыру, өңiрлердi әлеуметтiк дамытуға, сондай-ақ пайдалы қазбаларды, оның iшiнде мынадай пайдалы қазбаларды: газды (көмір қабаттарынан өндірілетін метаннан басқа), мұнайды, уранды қоспағанда, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге, қайта өңдеуге бағытталған бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруға қатысу жолымен Қарағанды облысының экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ға:
жарғылық капиталды капиталдандыру үшiн қаржы қаражаты;
инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн жер учаскелерi;
жер қойнауын пайдалану құқығы;
пайдаланылуына ақы төлеу есебiнен кiрiстердi жинақтауға қабiлеттi инфрақұрылым объектілері, инженерлік коммуникациялар мен желілер;
мемлекеттiк меншiктегi жылжымалы және жылжымайтын мүлiк объектiлерi;
акционерлiк қоғамдардың акциялары, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерге қатысу үлестерi және мемлекеттiк меншiктегi мемлекеттiк кәсiпорындар (бұдан әрi – ұйымдар) берiлетiн болады.
2. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның қызметi транспаренттілік, кешендiлiк және басымдылық қағидаттарына негiзделетiн болады.
Транспаренттілік қағидаты корпоративтiк басқарудың ашық жүйесiн құруды және менеджерлердiң жауапкершiлiгiн, қаржы ресурстарының тиiмдi пайдаланылуын тиiстi бақылауды болжамдайды. Осы қағидатты iске асыру үшiн мiнсiз iскерлiк беделi бар кәсiби менеджерлердi тарта отырып, тәуелсiз директорлар институты белсендi түрде пайдаланылатын болады.
Кешендiлiк қағидаты белгiлi бiр операцияларда және/немесе қызмет түрлерiнде ұйымдардың мамандануын қолдаудың әртүрлi көздерi мен бағыттары болған кезде экономиканың жеке және мемлекеттiк секторларының бастамаларын теңгерiмдi қолдау жүзеге асырылатынын бiлдiредi.
Басымдылық қағидаты iске асырылатын жобаларды дайындау және таңдау жөнiндегi жұмыста тиiстi өңiрдiң әлеуметтiк маңызды проблемаларын шешу көрсетiлетiн жобаларға басымдық берiлетiнiн бiлдiредi.
3. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның мiндеттерi
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ны құру мақсатына қол жеткiзу мынадай негiзгi мiндеттердi шешуге негiзделетiн болады:
мемлекеттiк активтердi басқарудың тиiмдi жүйесiн құру;
өңiрлерде бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi қағидаттарын енгiзу;
мемлекеттiк-жекешелік әрiптестiк негiзiнде бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бағдарланған өндiрiстердi құру;
инвестицияларды тарту мен инновацияларды енгiзу үшiн қолайлы орта қалыптастыру;
бизнес-жобаларды, оның iшiнде концессиялар мен кластерлiк бастамалар негiзiнде iске асыру;
шағын және орта бизнестi дамыту үшiн институционалдық жағдайлар жасау;
пайданы өңiрлiк әлеуметтiк проблемаларды шешуге бағыттау;
мемлекеттiк активтер мен кәсiпкерлiк бастаманы шоғырландыру жолымен өңiрлердiң серпiндi дамуын қамтамасыз ету;
өңiрдiң iшкi және сыртқы нарықтарындағы экономикалық беделiн арттыру;
кластерлiк өндiрiстi дамыту және жаңа технологияларды енгiзу жолымен шағын және орта кәсiпкерлiктiң өнiмдiлiгiн арттыру;
мемлекеттiк кәсiпорындарды оңалту, қайта құрылымдау, олардың негiзiнде бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстер мен технологияларды дамыту;
бизнес-жобалардың базасын қалыптастыру, қаржыландыру және оларды iске асыру үшiн жағдайлар жасау.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу «Сарыарқа» ӘКК» АҚ өзіндік және бірлескен жобаларды іске асыру арқылы, сондай-ақ «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ға берілген ұйымдардың қызметіне қатысу арқылы жүзеге асырылады.
4. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның функциялары
Ұйымдарды олардың жалпы жиналыстары және директорлар кеңестерi арқылы корпоративтiк басқаруды жүзеге асыру шеңберiнде «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның негiзгi функциялары:
ұйымдар үшін мақсаттар қою;
орта мерзімді бизнес-жоспарларды, қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған инвестициялық бағдарламалар мен ұйымдардың жылдық бюджеттерін бекіту;
жеке сектор бастамаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын тиімді пайдалануды бақылау;
ұйым басшыларын іріктеу мен ынталандыру болып табылады.
5. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ны басқару мәселелерi
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ» Директорлар кеңесінің құрамына Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ» Басқармасының төрағасы кіреді.
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ Директорлар кеңесiнiң құзыретiне:
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ қызметiнiң басым бағыттарын айқындау;
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ қызметiнiң мақсаттарын қою;
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның бюджетiн бекiту;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер кiредi.
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның қызметiн қаржыландыру заңнамаға сәйкес жарғылық капитал қаражаты, инвестициялық кредиттер, гранттар немесе өзге де кiрiстер есебiнен жүзеге асырылады.
6. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ мен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ мен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар оның жоғарыда көрсетiлген функцияларымен айқындалады. Бұл ретте «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ның ұйымдар қызметiне әсерi акционер функцияларын жүзеге асыру және ұйымдардың тиiстi директорлар кеңестерiнде өкiлдiк ету, сондай-ақ ұйымдарға қатысу функциясы арқылы корпоративтiк басқару шеңберiнде шектеледi.