• Мое избранное

Отправить по почте

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы сараптамалық кеңес туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 желтоқсандағы N 173 Өкімі

Редакция 17.04.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
1. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан сараптамалық кеңес құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы сараптамалық кеңес туралы ереже осы өкімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
Қазақстан Республикасының 
Президенті
Қазақстан Республикасы
 Президентінің
 2007 жылғы 5 желтоқсандағы
 N 173 өкіміне
 ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңес туралы ЕРЕЖЕ
Ереже өзгертілді ҚР Президентінің 01.06.2011 № 22 Өкімімен. (05.12.2007 жылғы редакцияны қараңыз)
Ереже жаңа редакцияда жазылды ҚР Президентінің 17.04.2019 жылғы № 26 Жарлығына сәйкес (01.06.2011 жылғы редакцияны қараңыз)
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңес (бұдан әрі – Сарапшылық кеңес) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ғылыми-әдістемелік және сарапшылық-талдамалық қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздік саласында ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеу үшін құрылған.
2. Сарапшылық кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заң, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы ереже Сарапшылық кеңес қызметінің құқықтық негізі болып табылады.
II. Сарапшылық кеңестің міндеттері, функциялары және өкілеттігі
4. Сарапшылық кеңестің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, оның аппаратының және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әртүрлі бағыттары бойынша ведомствоаралық комиссиялардың қызметін ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру, олардың нәтижелілігіне талдау жасау және алынған ғылыми нәтижелерді қолдану болып табылады.
5. Сарапшылық кеңес негізгі міндеттеріне сәйкес:
1) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және оның ведомствоаралық комиссияларының отырыстарына материалдарды сараптап пысықтау, ұлттық қауіпсіздік саласында шешімдер қабылдау бойынша ғылыми негізделген ұсынымдарды дайындау;
2) Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына ақпараттық-талдамалық материалдар дайындауға қатысу;
3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұжырымдамалық, бағдарламалық құжаттарға және бастамаларға ғылыми сараптаманы жүзеге асыру;
4) ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді анықтау, ұлттық қауіпсіздіктің өзекті қатерлеріне, олардың ықтималдығы мен салдарларына сарапшылық бағалау жүргізу, осы қателерді барынша азайту жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
5) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындау, оларды ғылыми-зерттеумен сүйемелдеудің басымдықтарын айқындау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кешенді ғылыми-зерттеулерді жүргізу жөнінде ұсыныстар енгізу функцияларын жүзеге асырады.
6. Сарапшылық кеңес жүктелген міндеттерді орындау және өз функцияларын жүзеге асыру үшін:
1) мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттары бойынша Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ұсыныс енгізуге;
2) бюджеттік бағдарламаларға енгізу үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға жіберілетін, ұлттық қауіпсіздіктің өзекті проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тапсырыс қалыптастыруға;
3) мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру мекемелері және архив деректерінің ақпараттық дерекқорын пайдалануға;
4) белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
5) жүктелген міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының келісімімен ғылыми-зерттеу ұйымдарынан және сарапшылық-талдамалық құрылымдардан мамандар тартуға құқылы.
ІІІ. Сарапшылық кеңестің құрамы және оның жұмыс тәртібі
7. Сарапшылық кеңестің құрамы Сарапшылық кеңестің төрағасынан, төрағасының орынбасарынан, хатшысынан және мүшелерінен құрылады.
8. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы лауазымы бойынша Сарапшылық кеңестің төрағасы болып табылады. Сарапшылық кеңестің төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы және мүшелері міндеттерін атқару қоғамдық негіздерде жүзеге асырылады.
9. Сарапшылық кеңестің төрағасы:
1) Сарапшылық кеңестің жұмысын ұйымдастырады және оның қызметіне бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына Сарапшылық кеңестің құрылымы, оның дербес құрамы бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) Сарапшылық кеңестің қызметінің басым бағыттарын және олармен байланысты міндеттерді қалыптастырады;
4) Сарапшылық кеңестің жыл сайынғы жұмыс жоспарын бекітеді;
5) Сарапшылық кеңестің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
6) Сарапшылық кеңес төрағасының орынбасарын тағайындайды;
7) Сарапшылық кеңестің мүшелері мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының жауапты қызметкерлері арасынан Сарапшылық кеңес комиссияларының басшылары мен хатшыларын белгілейді.
10. Жетекші сарапшылар, ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының, орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық-талдамалық құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Сарапшылық кеңестің мүшелері болып табылады.
11. Сарапшылық кеңестің мүшелері:
1) Сарапшылық кеңес отырыстарында күн тәртібі мәселелерін талқылау кезінде тең құқықтарға ие болады;
2) Сарапшылық кеңес қызметінің мәселелері бойынша Сарапшылық кеңестің төрағасына жүгінуге құқылы;
3) Сарапшылық кеңеске келіп түскен ақпаратты белгіленген тәртіппен пайдалануға құқылы;
4) Сарапшылық кеңестің отырысына қатыспаған жағдайда қаралатын мәселе жөніндегі өз пікірін жазбаша түрде беруге құқылы.
12. Сарапшылық кеңеске жүктелген функцияларды іске асыру үшін оның қызметінің негізгі бағыттары бойынша Сарапшылық кеңестің комиссиялары құрылады.
13. Сарапшылық кеңестің жұмысы жалпы отырыстар және оның комиссияларының қызметі нысанында жүзеге асырылады.
14. Жалпы отырыстарды өткізу мерзімдерін Сарапшылық кеңестің төрағасы белгілейді. Жалпы отырыстардың оларға Сарапшылық кеңес мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.
15. Сарапшылық кеңес комиссияларының отырыстары комиссиялар басшыларының келісімі бойынша Сарапшылық кеңестің төрағасы не төрағаның орынбасары айқындайтын күндері өткізіледі.
ІV. Сарапшылық кеңестің қызметін қамтамасыз ету
16. Сарапшылық кеңестің қызметін ақпараттық және ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді өкілдері Сарапшылық кеңестің құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдауымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі лауазымы бойынша Сарапшылық кеңестің хатшысы болып табылады.
17. Сарапшылық кеңестің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржылық жағынан қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің өтінімдері бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің, мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары шеңберінде, сондай-ақ «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғылыми қызметті бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылады.