«Мемлекттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10 бабынна сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
«Азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру» мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын Ережелер бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 266 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 наурызда № 20195 болып тіркелді
Редакция 19.02.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған «Азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру» мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігініңКөші-қон қызметі комитетіне (М.Т. Қабденов) жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Тұрғымбаев
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының сандық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрілігі
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 30 наурызы № 266 бұйрығына 1-қосымша
«Азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Ішкі істер министрінің 01.02.2023 жылғы № 110 Бұйрығына сәйкес (30.03.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 19.02.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
Осы «Азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер мен тұруына ықтиярхат беру тәртібін (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызмет) айқындайды.
Осы қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;
2) азаматтығы жоқ адамның куәлігі – өзінің қандай да бір мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемесі жоқ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;
3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат – Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктің жеке басын куәландыратын және оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғанын растайтын құжат (бұдан әрі – тұруға ықтиярхат);
Полная версия