Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын (бұдан әрі – КК жолдауы) ұсынады.
«Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жолдауы
(2020 жылғы 22 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді)
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл толады. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиясы мен Қазақстан халқы еркінің үндестігі жағдайында 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған болатын.
Өткен жылдар ішінде Конституциялық Кеңестің бес, он, он бес, жиырма және жиырма бес жыл бойынша (2000, 2005, 2010, 2015 және 2016 жылдары) қорытынды жолдауларын ұсынудың белгілі бір практикасы қалыптасты.
Бұл ұстаным Негізгі Заңның қолданысы тиімділігін одан әрі арттыру үшін жүргізіліп отырған жұмысқа мазмұндық жағынан және объективті мониторинг жүргізу, оның әлеуетін барынша пайдалану мақсаттарына неғұрлым толық дәрежеде жауап береді.
Сондықтан осы жолдауда 2015-2020 жылдар кезеңі бойынша ақпарат ұсынылды.
I.
Өткен кезең қазақстандық конституциялық бірегейлікті нығайту үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді.
Қазақстанда жоғарғы биліктің ауысуы орын алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты. Ол өкілеттілік Парламент Сенатының Төрағасына өтті.
2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің бастамасы бойынша Республика Конституциясының 2-бабына өзгерістер енгізілді. Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.
9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Президенті болып Қ.К. Тоқаев сайланды және ол 12 маусымда қызметіне кірісті.
Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.
Биліктің ауысуы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудың серпінді факторыболды. Конституциялық Кеңес сол кезде атап өткендей, мемлекеттілік дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттің барлық органдарының, азаматтық қоғам институттарының және азаматтардың бірінші кезектегі міндеті болып билік тармақтарының қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, Қазақстан Республикасының басқа түбегейлі принциптері мен құндылықтарын, ел Конституциясының ережелері мен нормаларын құрметтеу жағдайында жұмыс жасауын қамтамасыз ету табылады.
Уақыт Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заңнамада белгіленген бір-бірін өзара толықтыратын қызметінің оңтайлылығы мен перспективалылығын көрсетті. Осы қызмет Қазақстанның өркендеуі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге, Ұлттың одан әрі бірігуіне қол жеткізу сияқты ортақ мақсаттарына бағытталған. Бұл ретте Елбасы мен Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өздері атқарып отырған әртүрлі мемлекеттік лауазымдар мен қызмет нысандарын және әдістерін пайдаланады, бұл елді басқару нәтижелілігін арттырады.
Қазақстанда конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру, Негізгі Заңның құндылықтарын байыту, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және оны қорғау, конституциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылды.
Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер, жаңа геосаяси шындық дәуіріне қадам басты. Қазақстанның алдында бұрын болмаған сын- қатерлер туындап отыр, оларға тек экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс арқылы ғана дұрыс жауап берілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік аппараттың қызметін Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға, Бес институционалдық реформаны және мемлекетіміздің басқа да маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыруға бағыттап отыр.
Жоғарғы биліктің конституциялық саясатының басымдықтарына өткір әлеуметтік проблемалар мен жұмыспен қамту мәселелерін шешу; қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау, инвестицияларды тарту және қорғау, іскерлік белсенділікті ынталандыру, кең көлемде орта тапты қалыптастыру; қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқықтарын қорғау; «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, саяси трансформация процесін жалғастыру және азаматтық қоғамды дамыту енгізілген.
Күшті, өкілетті Президент – ықпалды, жұмыс істеуге қабілетті Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет мемлекеттік биліктің үштаған формуласына айналуда.
Полная версия

