Осы Заң жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ жануарларға қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII
Редакция 20.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
2) жабайы жануарлар – жабайы табиғат табиғи мекендеу ортасы болып табылатын, оның ішінде еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар;
3) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;
4) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;
5) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
6) жануарлар – омыртқалы жануарлар;
7) жануарларға арналған оңалту орталығы – жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға не табиғи мекендеу ортасына қайтарылуға жататын немесе жатпайтын, тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған, табиғи жағдайларда тіршілік ете алмайтын жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон-жануарларды) шектеулі қабылдауға, емдеуге, уақытша ұстауға, оңалтуға және бейімдеуге арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
8) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон-жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
9) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспектор (бұдан әрі – қоғамдық инспектор) – жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу қағидаларына сәйкес жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын жеке тұлға;
10) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті орган – жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстауға әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
12) жануарлардың төбелесі – жануарларды бір-біріне айтақтау нәтижесінде не олардың тұқымдық сипаттамалары салдарынан, жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның айқастың алдын алу немесе тоқтату жөніндегі шараларды әдейі қабылдамауы кезінде туындаған екі және одан көп жануардың айқасы;
13) жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;
14) жылжымалы хайуанаттар бағы – жануарларды ұстау және тасымалдау арқылы ғылыми маңызы жоқ цирк, эстрада, ойын-сауық қызметінде жануарларды көпшілікке демонстрациялау үшін пайдаланылатын арнайы жабдықталған жылжымалы конструкциялар, оның ішінде торлар;
Полная версия