Близость слов: Окончание:





Өнеркәсіптік саясат туралы
 Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 86-VII Заңы
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 06.04.2024 жылғы № 71-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 09.10.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 01.07.2024 жылғы № 107-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 22.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң өнеркәсіптік саясаттың негіз қалаушы қағидаттарын белгілейді әрі өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аумақтық кластер – өндірушілерді, өнім берушілерді, ғылыми және зерттеу ұйымдарын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын және белгілі бір салалық мамандануы бар басқа да ұйымдарды қамтитын өзара байланысты және өзара толықтыратын ұйымдардың географиялық шоғырланған тобы;
2) елішілік құндылық – ішкі нарықта өндірілген тауарлардың және жүзеге асырылған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің өндірілген тауардың, жүзеге асырылған жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің жалпы көлеміндегі пайыздық мөлшері;
3) Индустрия 4.0 – нақты уақыт режимінде физикалық процестердің мониторингі жүргізілетін, жедел шешімдер қабылданатын, сондай-ақ технологиялардың өзара және адамдар арасында іс-қимыл жасауы жүзеге асырылатын, физикалық объектілердің, процестер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың интеграциясын көздейтін өндірістің ұйымдастырылуы;
4) инновация – қандай да бір жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнім (тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет), технология немесе процесс, жаңа маркетинг әдісі немесе іскерлік практикадағы жаңа ұйымдастыру әдісі, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастыру түрінде іске асырылған, бәсекелік артықшылық алуды қамтамасыз ететін, инновациялық қызметтің пайдалануға берілген түпкілікті нәтижесі;
5) инновациялық қызмет – инновацияларды жасауға бағытталған қызмет (зияткерлік, шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық, өнеркәсіптік-инновациялық, ақпараттық-коммуникациялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және (немесе) коммерциялық қызметті қоса алғанда);
6) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган – инновациялық және технологиялық даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіру мен инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) қарсы міндеттемелер – осы Заңға сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну кезінде қабылданатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісі мен мемлекеттің өзара міндеттемелері;
8) нарық сыйымдылығы – ішкі нарықтың, өнеркәсіптік өнім өндірісінің, импорты мен экспортының барынша мүмкін болатын көлемін айқындайтын сандық көрсеткіш;
9) өнеркәсіп – пайдалы қазбалар өндіруге, өңдеу өнеркәсібіне, электр энергиясымен, газбен және бумен қамтамасыз етуге, ауаны баптауға, сумен жабдықтауға, су бұруға, қалдықтарды жинауға және кәдеге жаратуға, сондай-ақ ластануды жоюға жататын экономикалық қызмет түрлерінің жиынтығын білдіретін экономика саласы;
10) өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілері – өнеркәсіп саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сондай-ақ өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері;
11) өнеркәсіптік-инновациялық жоба – технологиялар трансфертіне, жаңа өндірістерді құруға (жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіруге) және (немесе) инновациялық қызметті жүзеге асыруға бағытталған, белгілі бір уақыт ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені;
12) өнеркәсіптік-инновациялық жүйе – өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілерінің, инфрақұрылым мен Қазақстан Республикасында өнеркәсіпті ынталандыруға және инновацияларды қолдауға бағытталған құралдардың жиынтығы;
13) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет – еңбек өнімділігін арттыру мақсатында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыруға, өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты қызмет;
14) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері – өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын не өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, жай серіктестіктер;
Полная версия
ИС BestProfi