Близость слов: Окончание:





Қоғамдық бақылау туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 2 қазандағы № 30-VIII ҚРЗ
Осы Заң қоғамдық бақылаудың мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қоғамдық бақылау – қоғамдық бақылау субъектілерінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылатын, қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерінің қоғамдық мүдделерге сәйкестігін талдауға және бағалауға бағытталған қызметі;
2) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы – қоғамдық бақылау субъектілерінің, сарапшының, қоғамдық бақылау субъектілері мүшесінің (қатысушысының), құрылтайшысының, басшысының, жұмыскерінің жеке мүдделілігі олардың өз міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына әсер ететін немесе әсер ете алатын және (немесе) осындай мүдделілік пен осы Заңда белгіленген қағидаттар арасында қайшылықтың туындауына алып келетін жағдай;
3) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжат (бұдан әрі – қорытынды құжат) – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша әзірлеген хаттама, қорытынды, ұсыным, өзге де құжаттар;
4) қоғамдық бақылау объектілері – атқарушы мемлекеттік билік және жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мекемелері, мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дербес білім беру ұйымдары, қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар болып табылатын ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қоғамдық бақылау объектілері.
Қазақстан Республикасының ерекше режимдік, режимдік объектілері санатына жатқызылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоғамдық бақылау объектілері болып табылмайды;
5) қоғамдық бақылау субъектілері – Қазақстан Республикасының азаматтары;
діни бірлестіктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген коммерциялық емес ұйымдар (бұдан әрі – коммерциялық емес ұйымдар);
қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға өкілеттік берілген өзге де субъектілер;
6) қоғамдық бақылау тобы – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін қалыптастырылған Қазақстан Республикасы азаматтарының және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің және (немесе) қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға өкілеттік берілген өзге де субъектілердің тобы;
7) уәжделген жауап – қоғамдық бақылау объектісінің қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатта көрсетілген мән-жайлардың жан-жақты, толық және объективті түрде қаралғаны туралы, оның ішінде қоғамдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың жойылғаны туралы ақпараты.
2-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заңның алдында басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен жағдайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
1. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
Полная версия
ИС BestProfi