Близость слов: Окончание:





«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 3 қазандағы № 18 бұйрығы
1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 14 наурыздағы № 152 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитеті заңнамамен белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болатын Ереженің 15-тармағы 32), 33), 45) және 62) тармақшаларын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ. Шарлапаев
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын өндіру салаларындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы, Министрлікке ведомстволық бағынысты заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өзінің атауы, мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
5. Комитет егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі (бұдан әрі - Министр) келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы (бұдан әрі - Аппарат басшысы) бекітеді.
Полная версия
ИС BestProfi