Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 25-бабы 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 335 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 3 қыркүйекте № 36780 болып тіркелді
1. Қоса беріліп отырған елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидалары бекітілсін.
2. «Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 21 шілдедегі № 555 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12114 болып келген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е. Нагаспаев
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 335 бұйрығымен бекітілген
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз ететін коммуналдық меншіктегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру тәртібін (бұдан әрі – мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенімгерлік басқару объектілері) айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басқару органы – акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
2) жалдауға (жалға) алушы – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
3) жалдауға (жалға) беруші – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган;
4) жалдау (сенімгерлік басқару) шарты – жалға беруші (сенімгерлік басқарудың құрылтайшысы) мен жалға алушы (сенімгерлік басқарушы) арасында жасалған объектіні жалдау (сенімгерлік басқару) шарты;
Полная версия

