Осы Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және оларды қайта атау тәртібін айқындайды.
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2026 жылғы 5 маусымдағы № 300-VIII ҚРЗ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Конституциялық заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудан – халқының жалпы саны 300 мың адамнан аспайтын, аудандық маңызы бар қалалардан (аудандық маңызы бар қаладан) және (немесе) ауылдық округтерден, кенттерден, ауылдардан тұратын, онда жергілікті өкiлдi және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын әкімшілік-аумақтық бірлік;
2) аудандық маңызы бар қала – халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, аумағында кәсіпорындар, тұрғын үй қоры, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының дамыған желісi, мәдени-ағарту және сауда объектілері бар елдi мекен;
3) ауыл – халқының саны кемінде 50 адам болатын елді мекен;
4) ауылдық округ – халқының жалпы саны кемінде 500 адам болатын, екі және одан көп кенттерден және (немесе) ауылдардан тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік;
5) әкімшілік-аумақтық бірлік – Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі, оның шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылады.
Әкімшілік-аумақтық бірлікке облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, кент, ауыл жатады;
6) әкімшілік-аумақтық бірліктің шекарасы – әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағынан бөліп тұратын оның сыртқы сызығы;
7) елдi мекен – халқының саны кемiнде 50 адам болатын, тұрақты тұруға арналған Қазақстан Республикасы аумағының халық ықшам қоныстанған бөлігі;
8) кент – халқының саны кемінде 500 адам болатын, өнеркәсіптік, көліктік, энергетикалық, рекреациялық не өзге де шаруашылық қызмет негізінде құрылған, кент пен оған іргелес аумақтардың тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған базалық әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген елді мекен;
9) қаладағы аудан – халқының саны 400 мың адамнан асқан кезде астанада, республикалық маңызы бар қалада, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалада құрылатын әкімшілік-аумақтық бірлік.
Қаладағы аудан халқының саны кемінде 200 мың адам болуға тиіс;
10) облыс – облыстық маңызы бар қалалардан (облыстық маңызы бар қаладан) және аудандардан тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік, онда жергілікті өкiлдi және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады;
11) облыстық маңызы бар қала – халқының саны 50 мың адамнан асатын, дамыған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымы бар iрi экономикалық және мәдени орталық саналатын елдi мекен, онда жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады.
Облыстық маңызы бар қалаға құрылуының тарихи алғышарттары ескеріле отырып, халқының саны 50 мың адамнан аз қала да жатады;
12) оқшау қоныстар – әкімшілік немесе аумақтық жағынан елді мекендермен байланысты және статистикалық мақсаттарда есепке алынатын, халқының саны 50 адамнан аспайтын, ауыл шаруашылығы немесе өзге де қызметті жүргізуге арналған, адамдар тұрақты немесе уақытша қоныстанатын қоныстар не оқшау шаруашылық объект.
Полная версия

