Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңы
Редакция 03.09.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйі (ғимараты) – құдайға құлшылық етуге, дұға оқылатын және діни жиналыстарға, діни тәу етуге (мінажат етуге) арналған орын;
1-1) діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
1-бап 1-1-тармақшамен толықтырылды ҚР Үкіметінің 29.12.2021 жылғы № 94-VII Заңына сәйкес (өзгерту 10.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) діни қызметші – діни, уағыздаушылық қызметке тиісті діни бірлестік уәкілеттік берген адам;
4) діни мазмұндағы ақпараттық материал – кез келген материалдық жеткізгіштегі діни сипаттағы баспалық, электрондық және өзге де ақпарат;
4-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 29.12.2021 жылғы № 94-VII Заңына сәйкес (29.06.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 10.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4-1) діни ілімді тарату – белгілі бір діннің негізгі догматтары, идеялары, көзқарастары және практикалары туралы ақпаратты жеткізуге, сол сияқты беруге бағытталған қызмет;
1-бап 4-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 22.12.2016 жылғы № 28-VI Заңына сәйкес (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 27.12.2016 жылы № 249 (28977) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
5) миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
5-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 22.12.2016 жылғы № 28-VI Заңына сәйкес (16.11.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 27.12.2016 жылы № 249 (28977) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
6) уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Eгep Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Мемлекет және дін
1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
Полная версия