Арал проблемасы планетаның орасан зор экологиялық апаты ретінде аса өткір сипат алып отыр. Осыны негізге ала отырып, "Арал өңірінде тұратын халықтың өмір сүру жағдайын түбірінен өзгерту жөніндегі шұғыл шаралар туралы" 1992 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаулысымен Арал аймағының Қазақстан бөлігі экологиялық қасірет аймағы деп жарияланған болатын.
Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы N 1468-XII Заңы
Редакция 09.07.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Айналадағы табиғи ортаның тез арада шөл далаға айналуы және оның құлдырауының қалпына келмейтіндей тұрақты процесі, тіршілік жағдайының нашарлауы, аурудың көбеюі экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықты әлеуметтік қорғау шараларын заң жүзінде шешіп, құқықтық жағынан реттеуді талап ететін жаңа әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуал туғызды.
І бөлім. Жалпы ережелер
1-бап. Заңның мақсаты мен міндеттері
Осы Заң Арал экологиялық апаты салдарынан зардап шеккен азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс және олардың статусын, аумақтардың топталуын айқындайды, әлеуметтік оңалту шараларына мұқтаж адамдарға өтем мен жеңілдіктер белгілейді, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрақты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, халықты экологиялық таза тамақ өнімдерімен, медицина құралдарымен, ауыз сумен басым жабдықтау, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жүйесін қалыптастыруға принципті көзқарастарды баянды етеді.
Заң Арал өңірінің әлеуметтік проблемаларын шешу жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізгі амалын белгілейді.
2-бап. Арал өңірі Қазақстан бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағын топтау
Қалыптасқан экологиялық қолайсыз жағдайдың ауыртпалық дәрежесін, айналадағы табиғи ортаның шөл далаға айналуы мен ластануының адам денсаулығына әсерін ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының тұжырымдамасы негізінде Арал өңіріндегі экологиялық қасірет аумағы:
экологиялық апат;
экологиялық дағдарыс;
экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақтар болып бөлінеді.
3-бап. Экологиялық апат аймағы
1. Экологиялық апат аймағы шекарасын белгілеудің негізгі өлшемдері мыналар:
халық өлімінің тұрақты өсуі;
экологиялық себептерге байланысты амалсыздан көшіп кету;
айналадағы табиғи ортада ластаушы заттар шоғырлануының жол берілетін шекті нормативтерден халық өміріне қауіп төндіретін мөлшерде асып кетуі;
экологиялық жүйенің толық күйреуі және олардың өздігінен қалпына келу қабілетін жоғалтуы;
су объектілерінің ғасырлар бойы ауытқудан асып түсетін апатты жағдайда тайыздауы.
Полная версия