Осы Заң Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесiн айқындайды, бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есеп берудi жасаудың принциптерін, негізгі сапалық сипаттамалары және жалпы ережелерiн белгiлейдi.
Внимание! Документ утратил силу с 28.02.2007
Бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2732 Заңы
Тақырып және кіріспе өзгертілді ҚР 24.06.2002 жылғы № 329 Заңымен (24.12.2001 ж. редакцияны қараңыз) (қолданысқа енгізілу мерзімін 2 баптан қараңыз) Осы Заң күшін жойды 22.03.2007 жылдан бастап ҚР 28.02.2007 жылғы № 234 Заңына сәйкес
Редакция 05.05.2006 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші міндетті мемлекеттік тіркелуге жататын жеке кәсіпкерлерге (бұдан әрі - кәсіпкерлерге), Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген резидент еместердің филиалдары мен өкілдіктеріне (бұдан әрі - ұйымдарына) қолданылады.
2. Кәсіпкерлер мен ұйымдар осы Заңға, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлеріне, бухгалтерлік есепке алу стандарттарына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуге және қаржылық есеп берудi жасауға міндетті.
1-бап жаңа редакцияда ҚР 24.06.2002. № 329 (24.12.2001 жылғы редакцияны қараңыз) Заңымен.(қолданысқа енгізілу мерзімін 2 баптан қараңыз)
2-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-бап жаңа редакцияда ҚР 24.06.2002. № 329 (24.12.2001 жылғы редакцияны қараңыз) Заңымен.(қолданысқа енгізілу мерзімін 2 баптан қараңыз)
2-1-бап. Қазақстан Республикасындағы халықаралық қаржылық есеп беру стандарттары
Қаржылық есеп берудi жасауды ұйымдар Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттары жөніндегі комитеттен оларды ресми аударуға және (немесе) Қазақстан Республикасында жариялауға жазбаша рұқсаты бар ұйым мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялаған халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
Осы баптың ережесi мемлекеттiк мекемелерге қолданылмайды.
Жаңа 2-1-баппен толықтырылды ҚР 24.06.2002. № 329 Заңымен.(қолданысқа енгізілу мерзімін 2 баптан қараңыз)
3-бап. Бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесiн мемлекеттiк реттеу
1. Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесiн реттеудi уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен басқа, мемлекеттiк мекемелердегi бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесiн реттеудің ерекшелiктерi мемлекеттiк мекемелер үшін Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру жөнiндегi нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесiн реттеудi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Директорлар Кеңесi (Директорат) жүзеге асырады.
4. Қаржылық ұйымдардағы және Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компанияларындағы бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттеудi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi нормативтік құқықтық актілердi және оларға әдiстемелiк ұсынымдарды қабылдау арқылы, ал Қазақстан Pecпубликасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкілеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша жүзеге асырады.
5. Уәкілетті орган:
1) бухгалтерлiк есепке алудың стандарттары мен оларға әдiстемелiк ұсынымдарды әзiрлейдi және бекітеді, Қазақстан Республикасының халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарымен реттелмеген және оларға қайшы келмейтін бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерін қабылдайды;
Полная версия