«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 Қаулысы
Редакция 02.07.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. «Мемлекеттік меншік объектілерінің, сондай-ақ меншігінде мемлекеттің үлесі бар объектілердің жұмыс істеуіне және оларды басқарудың тиімділігіне кешенді мониторинг жүйесін енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 шілдедегі № 998 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 27, 347-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2013 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары
Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 24.04.2013 жылғы № 391 Қаулысымен (04.12.2012 ж. редакцияны қараңыз)(алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Осы Қағидалар өзгертілді ҚР Үкіметінің 10.05.2018 жылғы № 251 Қаулысымен (04.12.2012 ж. редакцияны қараңыз) (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң және халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілуі тиіс) 14.05.2018 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 18.02.2021 жылғы № 75 Қаулысына сәйкес (10.05.2018 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.03.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 20.06.2022 № 407 Қаулысына сәйкес (18.02.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 02.07.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингі (бұдан әрі – мониторинг) мемлекеттік мүліктің сапалық және сандық жай-күйін, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметінде болып жатқан өзгерістерді уақтылы айқындау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестердің алдын алу мен салдарын жою жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында олардың технологиялық, қаржы-шаруашылық қызметін, құқықтық сипатын базалық және мерзімдік жедел қадағалау мен мемлекеттік мүліктің талдамалық бағалау жүйесін білдіреді.
3. Мониторинг елдің стратегиялық мүдделеріне сәйкес орнықты экономикалық дамуды мемлекеттік болжау және реттеу жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады, қолданыстағы заңнаманың негізінде және бірыңғай мемлекеттік саясат шеңберінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ақпараттық-талдау функцияларын орындайды.
4. Мониторинг мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жай-күйін және даму үрдістерін, сондай-ақ ел және өңірлер экономикасының ресурстық-энергетикалық негізін сақтауға және нығайтуға әсер ететін мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің жай-күйін анықтайды. Мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің жай-күйі мен даму үрдістері туралы мониторинг нәтижесінде алынған талдамалық ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға:
республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
коммуналдық мүлік бойынша – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі бойынша – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жібереді.
Талдамалық ақпаратты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
5. Осы Қағидалар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын (бұдан әрі – ҰӘҚ) қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындарға, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерге, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға (бұдан әрі – мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалар), мемлекеттік органдарға, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары, концессия (бұдан әрі – шарт тарапы) бойынша тараптар болып табылатын не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жеке және заңды тұлғаларға, мониторингтi орындауға тартылған тәуелсіз сарапшылар мен консультанттарға, консалтингтік ұйымдарға (бұдан әрі – тәуелсіз сарапшылар) қолданылады.
Полная версия