Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 27.06.2015
Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 861 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 27 маусымнан бастап ҚР Үкіметінің 18.06.2015 жылғы № 457 Қаулысына сәйкес
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2014 жылғы 31 шілдедегі
 № 861 қаулысымен
 бекітілген
Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары
1. Осы Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының су айдындарын демалу және туризм үшін пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;
2) құтқару бекеті – бұл құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын және заңды және жеке тұлғалар құратын акваторияның нақты учаскесіндегі бекет;
3) су айдынындағы демалу орны – шомылуға жабдықталған орындар (жағажайлар), катерлерді, желкенді қайықтарды, қайықтарды, гидроциклдер мен катамарандарды жалға беру станциялары;
4) шағын көлемді кеме – ұзындығы 20 метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен бітеліп қалудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;
5) құтқаратын «Александров жібі» – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде болады;
6) оқу орны – жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтарды өткізу үшін барынша ыңғайланған, жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын;
7) қалалық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны.
3. Су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм және спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су тарту саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді.
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), жергілікті атқарушы органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, жалпы суды пайдалану қағидаларында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ішуге және тұрмыстық мұқтаждар үшін су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелермен және басқа да жүзетін құралдармен жүзуге тыйым салынған орындарды айқындайды.
5. Құтқару бекеттерінің құтқарушыларын оқытуды және даярлауды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) ұйымдастырады.
Полная версия
ИС BestProfi