«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабы 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Внимание! Документ утратил силу с 29.11.2023
Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015 - 2030 жылдарға арналған бас схемасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1171 қаулысы
Осы Қаулының орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді ҚР Үкіметінің 28.09.2015 жылғы № 794 Қаулысына сәйкес Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 29.11.2023 жылғы № 1055 Қаулысына сәйкес
Редакция 31.12.2021 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015 - 2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1171 қаулысымен бекітілген
Кіріспе
Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы (бұдан әрі - Бас схема) Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығының стратегиялық бағыттарын көздейтін кешенді құжат болып табылады.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес газдандырудың стратегиялық басымдықтары мынадай негізгі міндеттерді:
1) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін сенімді газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін перспективалы газдандыруды дамытудың стратегиялық бағыттарын қалыптастыруды;
2) газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін жасау үшін негіз болып табылатын газдандыру жүйелерінің жұмыс істеп тұрған және салу жоспарланатын объектілерін орналастыру схемасын айқындауды;
3) Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық балансы құрылымында газ (тауарлық және сұйытылған мұнай) тұтынудың үлесін арттыру үшін жағдай жасауды шешуге бағытталған.
Жоғарыда аталған міндеттерді шешу ұзақ мерзімді кезеңде газдандыруды дамытудың қолданылуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасы экономикасының инновациялық даму жолына көшу қарқынына қарай тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Табиғи газ әлемдік энергетика құрылымы мен халықаралық отын балансында ерекше орынға ие. Әлемдегі газ өнеркәсібінің қарқынды дамуына соңғы 20 жылда айқындалған сұйытылған табиғи газ нарығының тездетіп қалыптасуы ықпал етеді. Әлемдік энергия балансындағы көмірсутекті газ тәрізді отын үлесінің шамамен отыз пайызға жету мүмкін екендігі болжанады. Осының салдарынан, әлемдік сарапшылар алдағы кезеңді энергетиканың дамуындағы «метан» дәуірі деп сипаттайды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы үшін табиғи газ перспективалы энергия жеткізгіш болып отыр, оның барланған және бағаланған қоры Каспий қайраңындағы жаңа ашылған кен орындарын есепке алғанда, шамамен 3,9 триллион м3 (бұдан әрі — трлн. м3 ) құрайды, ал әлеуетті ресурстары 6-8 трлн. м3 дейін жетеді.
Бұл ретте Қазақстан Республикадағы барланған газ қорының ерекшелігі барлық кен орындарында газ алу мұнайды және конденсатты алумен қатар жүргізілетіндігі болып табылады. Сондықтан осы кен орындарын белсенді игеру және соңғы жылдары мұнай өндіру көлемінің күрт өсуі өндірілетін ілеспе газдың ұлғайып келе жатқан көлемін кәдеге жарату қажеттігін көрсетіп отыр.
Газ саласын дамыту бойынша соңғы жылдары қабылданған іс-шаралар газ тасымалдау компанияларының салыстырмалы қаржылық тұрақтылығына, жұмыс көлемінің артуына, магистральдық және жергілікті газ құбыры жүйелерін (бұдан әрі - МГ) техникалық қайта құруға қол жеткізуге мүмкіндік туғызды, бұл газды ішкі тұтынуда көрініс тапты.
Қазіргі кезде шығарылатын газды өңдеу толық көлемде жүзеге асырылмайды, табиғи газды шығарылған орнынан оны тұтынатын өңірлерге қайта бөлу мүмкіндігі жоқ.
Полная версия