2014 жылғы 8 қазандағы шығыс № 05-30/Д-819/НПА//17-59/П-1118, П-1119-И хатқа
«Офсеттік келісімдер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында офсеттік келісімдерді іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 25 қарашадағы № 13538 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Офсеттік келісімдер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында офсеттік келісімдерді іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын қарап, келесіні хабарлаймыз.
1. Заң жобасында Заңға кері күш беру, яғни офсеттік келісімдерді бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға қолдану бойынша міндеттімені қолдану үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Жер қойнауы туралы Заң) 129-бабының 3-тармағына толықтыру енгізу ұсынылып отыр.
Жер қойнауы туралы Заңның 30-бабында жер қойнауын пайдаланушының құқықтарына заңнама өзгерген жағдайда да кепілдік беру белгіленген. Осыған назар аударамыз. Осылайша, Жер қойнауы туралы Заңның 30-бабының бірінші бөлігінде келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушының кәсіпкерлік қызметінің нәтижелерін нашарлататын заңнама өзгерістері мен толықтырулары осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттарға қолданылмайды деп нақты көрсетілген.
Жер қойнауы туралы Заңның көрсетілген бабында белгіленген кепілдіктер Қазақстан Республикасының тек ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салықтық және кедендік реттеу салаларындағы заңнамасына енгізілетін өзгерістерге қолданылмайды.
Ел экономикасына инвестицияларды тарту мақсатын көздей отырып, әзірлеуші жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік орган белгілейтін резидент емес - жеткізушіден сатып алу міндетін заң жобасында бекіту келесі теріс экономикалық салдарға әкелетінін ескермейді:
1) жеткізіп беру шартын мемлекеттік орган белгілеген нақты контрагентпен жасауға міндет болған жағдайда жеткізушіні таңдау мүмкіндігінің болмауы тапсырыс беруші үшін тиімсіз (тәуелді) жеткізіп беру шартын жасауға әкеп соқтырады;
2) офсеттік келісімдерді қолдану бойынша міндеттемелердің бар болуына байланысты жеткізіп беру бойынша шарттық қатынастарды бұзу/тоқтату мүмкіндігінің шектелуі;
3) жер қойнауын пайдаланушылардың резидент емес-жеткізуші (сатушы) өзі белгілейтін бағамен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу шығындарының өсуі, және оның жоғары баға қоюы қаупі бар;
4) жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігін шектеу, нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы шығаратын өнім сапасының сәйкес болмауы;
5) жер қойнауын пайдаланушы шығаратын өнім бағасын (өзіндік құнын) көтеру (тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік орган белгілеген нақты жеткізушіден сатып алу міндеттемесі салдарынан), ақыр аяғында, әлем нарығындағы тау-кен-металлургия кешені кәсіпорындарының өнімі бағаларының құлдырау жағдайында отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Бұдан басқа, мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісіне (тапсырыс берушіге/сатып алушыға) келісім/шарт/келісімшарт міндетті түрде жасау үшін контрагентті (жеткізушіні) өз бетінше белгілеген жағдайда, мұндай әдіс жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол бермеу қағидатына сәйкес келмейді (ҚР Азаматтық кодексінің 2-бабы).
Заң жобасында тапсырыс берушілердің (сатып алушылардың) офсеттік келісімдерді жасауы туралы көзделетін нормалар «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңының 29-бабында бекітілген жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қарама-қайшы келеді.
Бұдан басқа, бұрын жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға офсеттік келісімдерді қолдану бойынша міндеттемелерді қолдану (заңнаманың өзгеруіне байланысты) Жер қойнауы туралы Заңның 30-бабында белгіленген жер қойнауын пайдаланушылар құқықтарына берілетін кепілдіктерге қайшы келеді.
Айтылғанға байланысты, заң жобасында Жер қойнауы туралы Заңның 129-бабының 3-тармағына ұсынылып отырған түзетуді алып тастау қажет деп санаймыз.
2. Заң жобасында жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың мазмұнына офсеттік келісімдерді қолдану бойынша міндеттемелерді енгізу қарастырылған.
Бұл міндеттемелер жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың мәні болып табылмайды және жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізумен тура байланысты емес.
Осыған байланысты, мұндай міндеттемелерді енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың қажетті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алғанда азаматтық-құқықтық шарттарды жасауда, сонымен бірге жеткізуде бостандығын шектейді деп санаймыз.
Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында, оның шеңберінде пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орындарындағы келісімшарттарға жер қойнауын пайдаланушының қосымша бес міндеттеменінің біреуін, соның ішінде инвестицияларды салуды қарастыратын міндеттемені енгізу бойынша түзетулер талқылануда.
Осыны есепке ала отырып, заң жобасынан Жер қойнауы туралы Заңның 61-бабының 2-тармағына түзетуді алып тастауды және пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орындарындағы келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушының қосымша балама міндеттемелерінің жоғарыда көрсетілген тізімін офсеттік келісімдерді қолдану бойынша міндеттемелермен толықтыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
| Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры | Д. Ткаченко |
Полная версия

