Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы КЕЛIСIМ (2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қ.)
ҚР 21.10.2005 жылғы № 82 Заңымен ратификацияланды
Редакция 09.12.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi қағидаттары мен шарттары туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 15 сәуiрдегi Өндiрiстiк, коммерциялық, кредиттiк-қаржылық, сақтандыру және аралас трансұлттық бiрлестiктер құру мен дамытуға жәрдемдесу туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру шартын (бұдан әрi - Жалға беру шарты), 1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында жұмыстар орындау үшiн қажеттi тауарларды шекара арқылы өткiзу тәртiбi туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмнiң ережелерiн негiзге ала отырып,
2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмнiң ережелерiн назарға ала отырып, қазақстандық және ресейлiк кәсiпорындар мен ұйымдар арасындағы дәстүрлi қалыптасқан өндiрiстiк байланысты және кооперацияны тереңдетуге, "Байқоңыр" ғарыш айлағында экологиялық қауiпсiздiктiң жоғары деңгейi бар қазiргi заманғы зымыран-ғарыш технологиясын бiрлесiп әзiрлеуге және енгiзуге тiлек бiлдiре отырып, төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаты коммерциялық ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық ғарыштық бағдарламаларын iске асыру мақсатында "Байқоңыр" ғарыш айлағының жерүстi ғарыштық инфрақұрылым объектiлерiнiң негiзiнде жаңа экологиялық қауiпсiз "Байқоңыр" ғарыш зымыран кешенiн құру және бiрлесiп пайдалану кезiндегi Тараптар ынтымақтастығының негiзгi қағидаттары мен шарттарын айқындау болып табылады.
2-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн мынадай терминдер пайдаланылады:
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенi" - ресейлiк "Ангара" тасымалдағыш зымыранымен және оның экологиялық қауiпсiздiктiң жоғары деңгейiне ие ықтимал түрленiмдерiмен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiнiң құрамына "Байқоңыр" ғарыш айлағының техникалық құралдарының, құрылыстары мен коммуникацияларының негiзiнде жасалатын ұшыру ұстанымы мен техникалық ұстаным кiредi;
"құпия ақпарат" - әрбiр мемлекеттiң заңнамасына сәйкес қорғалатын, сондай-ақ Тараптар ынтымақтастығы барысында пайда болған, рұқсатсыз таралуы Қазақстан Республикасының және/немесе Ресей Федерациясының қауiпсiздiгi мен мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн кез келген нысанда берiлген мәлiметтер;
"жасырын ақпарат" - құпия ақпарат санатына жатқызылғаннан басқа, рұқсат етiлмеген қолжетiмділіктен, таратудан және пайдаланудан ашушы Тарап (немесе оның кәсiпорындары мен ұйымдары) қорғайтын, коммерциялық құпия мен ноу-хауды қоса алғанда, сондай-ақ ақпараттың оның үшiншi тұлғаларға белгiсiздiгiне қарай пәрмендi немесе әлеуеттi коммерциялық құндылығы болғанда, оған заңды негiзде қолжетiмдiлiк болмағанда және ақпарат иесi оның жасырындылығын қорғауға шаралар қолданғанда, ғылыми-техникалық, коммерциялық, өндiрiстiк және өзге де қызметке қатысты кез келген жалпыға қолжетiмдi болып табылмайтын ақпарат. Жасырын ақпарат санатына жасырын ақпараты бар құжаттардың кез келген көшірмелерi, сондай-ақ жасырын ақпараты бар түпнұсқа құжаттарды пайдалану арқылы немесе олардың негiзiнде дайындалған кез келген құжаттар жатады;
"тауарлар" - тасымалдағыш зымырандар, екпiндету блоктары, ғарыш аппараттары, дайындау мен ұшыруды жүзеге асыру үшiн қажеттi кез келген басқа жабдықтар, бақылау мен сынақ жабдықтары, отын, құрылыс және басқа материалдар, тетiктер мен техникалар, сондай-ақ ғарыш бағдарламаларын iске асыру кезiнде әзiрлеу, өндiру немесе пайдалану үшiн қажеттi, материалдық тасымалдаушыларда белгiленген ақпарат түрiндегi технологиялар. Ақпарат санатына кез келген материалдық нысанда берiлген өзге ақпарат (дерекқорды қоса алғанда, компьютерлiк бағдарламалық қамтамасыз ету, коммерциялық құпия, ноу-хау, өндiрiстiк құжаттама және техникалық сипаттамалар) жатады;
"атқарушы ұйымдар" - "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және пайдалану жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн, меншiк нысанына қарамастан, "Бәйтерек" бiрлескен Қазақстан-Ресей кәсiпорны" акционерлiк қоғамы тартатын Тараптардың ұйымдары.
3-бап
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оны одан әрi пайдалану мақсатында Тараптар "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бiрлескен кәсiпорны" акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - Бiрлескен кәсiпорын) құрады.
Бiрлескен кәсiпорын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құруға және оны пайдалануға қазақстандық және ресейлiк мамандар мен ұйымдардың қатысуының теңдiгi қағидаттарында құрылады.
Қазақстан Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның Құрылтайшысы болып Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген ұйым әрекет етедi.
Ресей Тарабынан Бiрлескен кәсіпорынның Құрылтайшысы болып "M.B.Хруничев атындағы Мемлекеттiк ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталық" федералдық мемлекеттiк бiртұтас кәсiпорны әрекет етедi.
Полная версия