Осы Заң қарсы барлау қызметінің құқықтық негіздерін және оны жүзеге асыру заңдылығының кепілдіктер жүйесін айқындайды.
Қарсы барлау қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 35-VI Заңы
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 05.07.2024 жылғы № 115-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 07.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 05.01.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жедел алу – абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы ақпаратты және олар туралы өзге де ақпаратты жасырын алу;
2) адамды, орынды жедел аудио- және (немесе) бейнебақылау – бейне-, аудиотехниканы не өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып, жеке тұлғаның сөйлеген сөзін және өзге де ақпаратты, оның әрекеттерін, сондай-ақ белгілі бір орында болып жатқан оқиғаларды, процестер мен құбылыстарды жасырын құжаттау;
3) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел түсіріп алу – компьютерлерден, аппараттық-бағдарламалық кешендерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты техникалық құралдармен және (немесе) бағдарламалық қамтылыммен жасырын түсіріп алу;
4) ақпаратты ресми алу – құжаттарды, материалдарды, электрондық ақпараттық ресурстарды тікелей зерделеу, көрсетілген ақпаратты білетін немесе білуі мүмкін жеке және заңды тұлғаларға сұрау салулар жолдау арқылы қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты алу;
5) байланыс желісінің және ақпараттандыру объектілерінің жедел мониторингі – байланыс желісі арқылы берілетін немесе ақпараттандыру объектілерінде өңделетін ақпараттан барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілерін жасырын табу;
5-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 02.01.2021 жылғы № 399- VI Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 16.01.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
6) бақыланатын жеткізілім – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттарды сатып алу, өткізу, беру, орнын ауыстыру процесін жасырын байқау және құжаттау;
7) бақылау мақсатында сатып алу – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттарды сатып алу жөнінде жалған өтеулі мәміле жасау;
8) барлау акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, мәліметтерге қол жеткізу, оларды жинау;
9) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларын әшкерелеу – барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыру белгілерінің, фактілері мен жағдайларының жиынтығын табу;
10) барлау-нұқсан келтіру әрекеті – шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері, өзге де шетелдік ұйымдар, сондай-ақ жекелеген адамдар жүзеге асыратын барлау және (немесе) нұқсан келтіру акциялары;
11) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілері – барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының жүргізілуі мүмкін екендігін куәландыратын әрекеттердің, оқиғалардың, процестер мен құбылыстардың айрықша ерекшеліктері;
12) барлау-нұқсан келтіру әрекетінің фактілері – барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының жүргізілуін куәландыратын әрекеттер, оқиғалар, процестер мен құбылыстар;
13) жасырын қызметкер – қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органға жататындығы шифрланған қызметкер, әскери қызметші;
14) жедел байқау – жеке тұлғалардың әрекеттерін, қоғамдық орында болып жатқан оқиғаларды, процестерді, оның ішінде техникалық құралдарды, фототүсірілімді, бейнебайқауды және аудиожазбаны пайдалана отырып, жасырын аңғару;
15) жедел ендіру – қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қызметкерін, әскери қызметшісін не құпия көмекшіні жедел қызығушылық танытып отырған объектінің ортасына жасырын енгізу;
Полная версия