Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Ұлттық экспорттық стратегия" бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 тамыздағы № 511 қаулысы.
Редакция 03.06.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған "Ұлттық экспорттық стратегия" бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
2-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 03.06.2019 жылғы № 361 Қаулысына сәйкес (26.08.2017 ж. редакцияны қараңыз)
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.
4. Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу, бағалау және бақылау, сондай-ақ Елді аумақтық кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлеу, іске асыру және бақылау қағидаларына сәйкес Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпарат берсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 тамыздағы № 511 қаулысымен бекітілген
"Қазақстан Республикасының ұлттық экспорттық стратегиясы" бағдарламасы
1. Паспорт
Атауы |
"Қазақстан Республикасының ұлттық экспорттық стратегиясы" бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 30 қаңтардағы "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауы; |
Бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі – Бағдарламаны әзірлеу, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, басқа да орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар – Бағдарламаны іске асыру |
Мақсаты |
Шикізаттық емес экспорт көлемін 2022 жылға қарай 1,5 есе ұлғайту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу және экспорттау нарықтарын әртараптандыру* |
Нысаналы индикаторлар |
1) Қазақстан Республикасының шикізат емес тауарлары мен көрсетілетін қызметтер экспортының көлемі 2022 жылға қарай 31,8 млрд.АҚШ долларына дейін жетеді. |
Міндеттер |
1) Экспорттаушыларды қолдаудың институционалдық негіздерін күшейту. |
Іске асырылу мерзімі |
2018 – 2022 жылдар |
Қаржыландыру көздері мен көлемі |
Бағдарламаны іске асыруға қаржы шығындары талап етілмейді |
* 2015 жылдың деңгейіне қатысты
2. Кіріспе
Өткен бес жылда "Қазақстан-2050" Стратегиясы, 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам, Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сияқты Қазақстан экономикасын жаңғыртуға бағытталған түйінді бағдарламалық құжаттар қабылданды.
Елдің ұзақ мерзімді даму тұғырнамасын жаңарту елдің экспорттық әлеуетін дамыту және іске асыру стратегиялық міндеттерін шешу тәсілдерін жаңарту қажеттігін негіздейді.
Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытуға сүйене отырып, индустрияландыруды жалғастыру міндетін қойды. Бұл ретте бұрын "Қазақстан – 2050": қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары" стратегиясы шеңберінде экспортқа бағдарланған шикізат емес секторды кеңейтуге назар аудара отырып, жаңа өндірістерді дамыту қажеттігі атап өтіледі.
Қазіргі кезде жаңа ахуал қалыптасты, ол жаһандық "шикізаттық суперциклдің" аяқталуын, әлемдік экономиканың өсу қарқыны мен құрылымының өзгеруін, сондай-ақ технологиялық инновацияларды жаппай енгізуді білдіреді. Бұл технологиялар адамның өмір сүру жағдайын өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар шығындардың құрылымы мен логистикалық тізбектерді де едәуір өзгертеді.