«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңның 33-бабы 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 628 бұйрығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 сәуірде № 16843 болып тіркелді
Редакция 06.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 22 маусымдағы № 777 «Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін жыл сайынғы бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15331 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2017 жылғы 21 шілдеде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Кадр қызметі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде ресми жариалау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жауапты хатшысына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр М. Бекетаев
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 628 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі
Әдістеме өзгертілді ҚР Әділет министрінің 11.10.2019 жылғы № 500 Бұйрығымен (18.04.2018 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 15.10.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Әдістеме жаңа редакцияда жазылды ҚР Әділет министрінің 15.03.2023 жылғы № 52-н Бұйрығына сәйкес (11.10.2019 ж. редакцияны қараңыз) Әдістеме жаңа редакцияда жазылды ҚР Әділет министрінің м.а. 04.07.2023 жылғы № 457 Бұйрығына сәйкес (15.03.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 25.07.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Әдістеме жаңа редакцияда жазылды ҚР Әділет министрінің 16.03.2026 жылғы № 263 Бұйрығына сәйкес (04.07.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 06.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың осы әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 33 - бабының 5 - тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы әділет органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің (бұдан әрі - «Б» корпусының қызметшісі) қызметін бағалаудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Әдістемеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) басшылық лауазым – өзіне бағынысты бөлімшенің немесе жекелеген қызметкерлердің қызметін ұйымдастыруға өкілеттіктер берілген «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымы;
2) тікелей басшы – мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, «Б» корпусы мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оған тікелей бағынысты болатын адам;
3) әділет органдарының құрылымдық/аумақтық бөлімшенің басшысы – C-1 (орталық атқарушы орган Комитеті төрағасының орынбасары, департамент директоры), C-O-1 (аумақтық бөлімшенің басшысы) санаттарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшісі;
Полная версия

