Осы Заң валюталық операцияларды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерiн айқындайды.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 167-VІ
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айырбастау пункті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы немесе Қазақстан Республикасының заңдары негізінде Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті ұйым немесе уәкілетті банк құрған, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру үшін арнайы жабдықталған орын;
1-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 03.07.2019 жылғы № 262-VІ Заңына сәйкес (03.04.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар мен төлем құжаттары;
Қазақстан Республикасының бейрезиденттері шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
құймалардағы аффинирленген алтын;
Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында және Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен (аударған) немесе Қазақстан Республикасына әкелген (аударған) жағдайларда ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар мен төлем құжаттары;
Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында және Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында олармен операциялар жасалған, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасынан әкеткен немесе Қазақстан Республикасына әкелген жағдайларда Қазақстан Республикасының резиденттері шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
3) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың өтуіне байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;
валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;
валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға беру;
валюталық құндылықтарды брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт негізінде беру;
4) валюталық шарт – валюталық операциялар солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін жүзеге асырылатын, өзгерістерін және (немесе) толықтыруларын қоса алғанда, келісімдер, құрылтай құжаттары, сондай-ақ өзге де құжаттар;
Полная версия